Қазақстан • 30 Қаңтар, 2018

Алматыда Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Достық үйінде Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Алматыда Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті

Жиында бас қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен бірқатар құрылымдардың басшылары елдің стратегиялық дамуын айқындап берген  басты құжаттың мән-маңызына үңіліп көрді.

Дөңгелек үстел жұмысын ашып берген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай Жолдауда айқындалған мақсат-міндеттердің жүзеге асуы жолында Ассамблея атқаратын жұмыстардың салмағын саралап берді. Ол жаңа Жолдау Мемлекеттің барлық саласындағы дамудың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне кедергі келтіретін әрекеттерге тосқауыл қойып, цифрлық даму дәуіріне апаратын айқын жол деп атап өтті. Әсіресе, Жолдаудан туындайтын мақсаттарды іске асыруда жастардың жан-жақты жетілуіне жағдай жасауға Ассамблея тарапынан ерекше басымдық берілетінін айтып, биыл қоғамдық-саяси бағытта Ассамблея  қолға алатын он бір жобаның барлығы жастарға арналатынын тілге тиек етті.

– Президент Жолдауы аса бір тарихи кезеңде халыққа жолданды. Онда қамтылған негізгі мәселенің бірі – адам капиталын дамыту. Адам капиталы дегенімізде ең бірінші ойға келетіні адамның білім алуы. Біз әлемдік деңгейге шығу үшін, өркениеттің көшінен қалып қоймау үшін шет тілдерін білумен ғана шектеліп қалмай,  көптеген озық технологияларды меңгеруіміз керек. Ол үшін жастарға жол ашу, олардың жан-жақты білім алып дамуына қолдау көрсетудің маңызы зор. Біз алдағы сәуір айында барлық жастар бірлестіктерінің жетекшілерін Астанаға жинап, «Жаңғыру жолы» қозғалысының жұмысын бастаймыз. Арнайы штаб құрылып, оның атқаратын жұмысы нақтыланады. «Жаңғыру жолы» қозғалысы «Рухани жаңғыру», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» бағдарламасындағы міндеттер арқылы жастардың дамуын қамтамасыз етеді. Ассамблеяның 26-шы сессиясын өткізгеннен кейін, біз «Жаңғыру жолы» республикалық форумын өткіземіз. Онда ҚХА тарапынан әзірленген жастардың әлеуметтік жобаларын таныстырамыз. Елбасымыз айтқандай, «Еліміздің әлемдік экономикадағы табыстарының негізі біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім». Елбасы атап көрсеткен ұлттардың татулығы мен бірлігі әрдайым басты назарда. Қазақстанды мекендеген барлық халықты ұлтына, дініне қарамай біріктіре түсуіміз керек. Өйткені бір мүдде жолында жұдырықтай жұмылғанда ғана біз үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Дархан Мыңбай.

Мемлекетті дамытуда заманауи талаптар мен өркениеттің жаһандық көрінісіне сай әрекет етуді бағдарлайтын бұл құжаттың мазмұны да, қоғам алдына жүктер жауапкершілігі де салмақты. Осыған орай өз пікірін білдірген Алматы Кәріс ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Георгий Кан: «Президентіміздің  жаңа Жолдауы мемлекетіміздің даму жолындағы үлкен ұмтылыстарын көрсетеді. Аталған жолдауда экономикамыздың өрлеуіне ықпал ететін әр сектор жеке-жеке көрсетіліп, оларды ары қарай жетілдіру мен дамытудың нақты мақсаттары атап айтылған. Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, адам капиталы, сіз бен біздің салауатты өмір сүруіміз, бәрі-бәрі қамтылған. Жолдауда нысанға алынған әр мәселенің маңызы зор» деп атап өтті.

Шара барысында сөз алған ҚХА қарасты этномәдени бірлестіктердің басшылары да Президент Жолдауына қолдау білдіріп, онда көрсетілген бағыттар мен  көзделген мақсаттар барлық қоғам мүшелерін біріктіре түсетін күш екенін айтты.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»