Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Төлеуғали Бөрібаев: «Тәуелсіздік дәуірі» - Ұлттық рухтың өлшемі

508 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары бәсекеге қабі­леттілік туралы жиі айтатын болдық. Бұл ұғымды жиі пайдаланатынымыз соншалықты, кейде оған әмбебаптық сипат та беріп жатамыз.

Қысқасы, бәсеке­ге қабілеттілік – қоғамның қозғау­шы күші. Оның өміршеңдігі мен артықшылығын басқалар алдында дәлелдеу нәтижесінде пайда болған көрсеткіш. Жай ғана көр­сеткіш емес, сапалы, тиімді көр­­сеткіш. Сол көрсеткіштер ар­­қылы оған деген сенім артады, қы­зығушылық туындайды.

Бәсе­­кеге қабілеттіліктің субъек­ті­лері көп. Олар – жеке адам, мем­лекет, ұлт, қоғам. Экономика сал­асында – шығарылған өнім сап­асы,  білім саласында – білім сапа­сы, денсаулық саласында – ұлт­тың денсаулығы, мемлекеттік қыз­метте – елге сапалы қызмет көр­сету сапасы, ел деңгейінде – халықтың өмір сүру сапасы және өмір ұзақтығы, т.б. 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын­да: «Болашақта ұлттың табыс­ты болуы оның табиғи байлығы­мен емес, адам­дарының бәсекелік қабі­­летімен айқындалады. Сон­дық­тан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауат­тылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» – деп атап көрсеткен болатын. Аталған факторлар ұлттың бәсекеге қабілеттілі­гін қалыптастыру мен дамытуға әсер ететіні сөзсіз. Олар ұлттың сапалық көрсеткіштерін арттырып, адамзат өркениетінің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік ту­ғы­зады. Компьютерлік сауат­тылық сандық экономика мен сан­дық ресурстарды тиімді пай­да­лануға жол ашады. Ұлт – ақ­па­раттық қоғамның белсенді субъектісіне айналады, бәсекеге қабілеттілігін дамыту жолында оның ақпараттық біліктілігі, білімділігі, белсенділігі артады. Кейбір зерттеулерге назар аудар­сақ, еліміздегі  мектеп оқушы­лары­ның  тек 2%-ы жоғары дең­гей­­дегі IT-сауаттылыққа қол жет­­к­ізген. 1 миллионнан астам хал­­­қы бар ірі мегополистерде, оқу­­­шы­лардың 34%-ы 3-4 дең­гей­­дегі компьютерлік және ақпа­рат­тық сауаттылығын көрсеткен. Өз кезегінде бұл көрсеткіш, ауыл­д­ағы мектеп оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауат­тылығынан   3,7 есе артық. Ауылдағы мектеп оқушыларының  19%-ы компьютерлік және ақпа­раттық сауаттылықтың бастауыш деңгейіне де жете алмай отыр. 

Сандық экономикаға көшуде елдің ақпараттық сауаттылығын арт­тырудың маңызы зор. Ақ­п­а­­рат­тық сауаттылық, сан­дық технологияларды мең­геру жа­һандық жағдайда ұлт­тың бә­се­кеге қабілеттілігін көрсе­те­тін факторлардың біріне ай­на­­лу­­да.  Ал сандық экономика не­­гізінде қалыптасатын бә­се­кеге қабілеттілікті  қалай тү­с­і­­неміз? Оның көрсеткіштері тек компьютерлік сауаттылық дең­гейін өлшеумен шектеле ме? Әл­де, сандық экономиканың көр­сет­кіштері болып табылатын  элек­тронды бизнес, электронды қызмет көрсету түрлері, электрон­ды тауарларды сату көлемі, бағ­дар­ламаларды сату, электронды кітап­тарды, фильмдерді, музыканы, яғни медиа-контентті  сату­лар көлемі де  есепке алына ма? Біз­діңше, бұл көрсеткіштер де есепке алынуы тиіс.  

 Сонымен бірге  бәсекелестікке қабілет көрсеткіштері туралы айтқанда ойда ұстайтын мәселе ол – ұлттың ментальдық бол­мысы. Сол ментальдық болмыс­тың көрсеткіштерінің бірі – үнемшілдік. Үнемшілдік отбасынан басталады, мемлекеттің  іс-қадамдарында  жалғасын табады. Үнемшілдіктің рухани ұс­т­анымы – қанағатшылдық. Қа­на­ғатшылдық өз кезегінде материалдық байлықты ұқсатып, игілікке айналдыру барысында көрінуі керек. Үнемшілдік бәсе­кеге қабілеттіліктің өлшемі болуы тиіс. Бізде бәсекеге қабі­лет­тіліктің өлшемі әзірге ысырап­шылдық. Ысырапшылдық, аста-төктік дарақылық пен мақтан­шақ­тықтың, тіпті надандықтың да көрінісі болуы мүмкін. Бәсекеге қабілеттілік сапамен емес санмен, адамның ішкі қасиетімен емес, сыртқы қасиеттерімен өл­шенуде. Нәтижесінде,  бәсекеге қабі­лет­тілік бақталастықпен ауыстырылуда.  

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі туралы әңгіме қозғағанда ұлт­тық құндылықтарымыздың ал­тын діңгегі болып табылатын салт-дәстүр, моральдық-этика­лық, адамгершілік туралы ұс­та­ным­дарымызды да шет қал­ды­ра­мыз. Мәселен, қазақ­тың бауыр­машылдығы, өзара сыйлас­тығы, басқаны жатсынбауы, қиын, қысылған жағдайда қолұшын беру­ге әсте дайындығы, көмек­ке келуі – бәсекеге қабілеттілік­ті дамытудағы рухани ұста­ным емес деп кім айта алады? Олай болса, бүгінгі прагматика­лық, яғ­ни пайда қуған заман­да адами құн­дылықтарымыз­ды алға тарта отырып, бәсекеге қабілет­тілі­гімізді осы сала­дан іздесек  те артық бол­­майтын тәрізді. Бәсекеге қабі­леттілікті қалыптастырып дамытатын – ұлттың рухы, оның тілі, ойлау деңгейі, діні, мәдениеті, өнері. Бұларсыз ұлттық рух болмай­ды және ұлттың бәсекеге қабі­лет­­тілігін арттыру мүмкін емес. Ұлт­тық рух қандай деңгей­де бол­са, ұлт­тың бәсекеге қабілет­тілігі де сон­дай деңгейде. Олай бол­­са, ұлт­тық рухымыздың асыл құн­­ды­­лық­тарын жаңғырта оты­­рып, олар­ды  бәсекеге қабі­лет­ті­лік­тің маз­мұны мен мәнін еселеп арт­тыруға жұмсау  өмір талабы екені сөзсіз. 

Бәсекеге қабілеттілік  тек пайда табу, біреуден қалай болғанда да озып кету, немесе біреудің ал­дын орау, қарабастың пайда­сын күйттеу, ішкі «меннің» сұра­нысын қанағаттандыру, ақыл мен парасаттылықты сезімге жең­діру, бүгінгі қоғам санасында басым­дық­қа ие болып бара жатыр. Оның басты қозғаушы күші және рухани өлшемі пендешілік сана болып  отыр. Нәтижесінде, бәсекеге қабілеттілік пендешілік сананың бір көрінісіне айналуда. Бәсекеге қабілеттілікті  пендешілік сана деңгейінде  дамытудың зардабы өте қатты болатынын қоғам дұрыс сезінуі керек.

Төлеуғали БӨРІБАЕВ,

Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясы

«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының» меңгерушісі,

философия ғылымдарының докторы, профессор