Аймақтар • 31 Қаңтар, 2018

Ізгілік иірімдері: Жақсылық жасаудан артық жетістік жоқ

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмірге құштарлық деген­ді біз кейде ертеңге деген үмітпен шатастырып жа­та­мыз. Ал атыраулық Ерлан Күмісқалиев үшін өмірге құштарлық қа­йырымдылық, қа­ра­пайым­­дылық, қажыр­лылық деген үш сөз­бен түсіндіріледі. «Бауы­рың­­да қатерлі ісік бар, кө­рер жарығың аз қал­ды» деген дәрігер үкімін естігенде ол 36 жаста еді. Алғашында, иә, жүре­гінде діріл пайда болды. «Не істеп үлгер­дім?» деп жан­таласты. «Осыдан тәуір болып кетсем, қал­ған ғұмырымды адам­затқа жақсылық сыйлау­мен өткіземін», деп серт берді. 

Ізгілік иірімдері: Жақсылық жасаудан артық жетістік жоқ

Ауру әкесінің ауыр халі мектеп оқушысы Ерланды көп алаңдататын. «Дәрігер болсам көмегім тиер еді» деген балалық пейілі оны Атырау медицина колледжіне алып келді. 

Оқуға түсті, бірақ әкесін ажалдан арашалай алмады. Колледжді тәмамдаған соң Жы­лы­ой ауданының шалғай бір ауы­лына медицина қызметкері болып жұмысқа орналасты. Бірақ не істесе де жаны тыным таппайтын жас жігіт ауылда екі жылдан артық тұрақтай алмады. «Заңгер болуым керек» деп бір күнде мамандығын ауыстыруға бел буып, жолға шықты. Оның да оқуын оқығанмен, журналистика әлемі тартты да тұрды. Алғаусыз арманның жетегінде Мәскеуге дейін барып, білім алды. Облыстағы мәдени шаралардың бел ортасында белсенділік танытып жүрді. Алайда қызылды-жасыл өмір де Ерланның жан қалауын тауып бере алған жоқ.

...Тағдыр шығар. «Тағдыр шығар» деп жазу бізге әри­не оңай. Ал жүрегінің шын қалауын тапқанынша тағдыр­дың қатал сынағынан өткен Ерлан үшін ауыр дертпен, азап­пен, ажалмен арпалысу оңай­ға соқпағаны аян. Бірақ ол жеңді. Қатерлі ісікпен күрес­те қажырлылық танытты. «Ресей­дің Самара қаласындағы емханада жатқанымда иттердің көме­гімен сал ауруына шал­дыққан балаларды емдеуге болатынын көрдім. Бұл жағдай маған ой салды. Аурухана төсе­гінде жатып «Егер осы ауру­дан жазылсам, мұқтаж адамдардан жәрдемімді аямаймын, қайтсем де адамдарға жақсылық жасаймын» деген үлкен мақсатпен қауыштым. Мені сол мақсат төсегімнен тұрғызды десем де болады», дейді Ерланның өзі. 

Ауыр күндер артта қалды. Ауруы­нан айыға бастады. Алай­да өзіне-өзі берген сертін ұмыта алмады. «Қайтсем де...» дейтін тістеніп. Өмірдің дәмін татып та үлгерместен қиын жағдайға душар болған сәбилер­дің мөлдіреген көздері мен аналарының жаутаңдаған жанары жанына тыныштық бермеді. Ақыры «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық қорын құ­рып, бас миы мен жұлынына зақым келген балаларға қолдау көрсету орталығын ашты. Бұл – 2012 жыл еді.

Содан бері бір тыным тап­паған Ерлан Күмісқалиев бү­гінге дейін 300-ден астам ба­лаға көмек көрсетіп үлгерді. Лабрадор тұқымдас Форбс пен Федя атты иттері сенімді серік­теріне айналды. Аяқ-қолда­рының бар екенін де сезбейтін қаншама бала осы әдіс арқылы тұрып, жүріп кеткеніне мысал аз емес. Ауру бала баққан ананың да жүрегі шерлі. Оның үстіне, баласы сал болып туған аналардың жетпіс пайыздан астамы жалғызбастылар екен. Ал барлық ем-домды тегін жүргізетін Ерлан аналарға арнап орталықтан түрлі үйір­мелер ашқан. Енді канистера­пияны қолданысқа енгізуді жоспарлап жүр. Бұл ойын облыс басшылығы мақұлдап, орталық ғимаратын салуға жер телімін бөлді. Алдағы көк­темде иппоорталық ашылады. Осылайша Ерланның «Жаным аман қалса, жер бетіне ізгіліктің дәнін себемін» деген ойы оңынан орындалып келеді.

Ерлан Күмісқалиев бү­кіл­­халықтық дауыс беру нәти­же­сімен «Қазақстанның 100 жа­ңа есімінің» қатарына енді. Ел­басымен кездесу құрме­тіне ие болды. Жақында Аты­рау облыстық «Рухани жаң­ғыру» жобалық кеңсесінің ұйым­дас­тыруымен бір кездері өзі білім алған медицина колледжіне барып, жастармен жүздесті. «Жетістік формуласы» атты шарада өмірінен сыр шертіп, басынан өткен жайттарды баян­дады.

Ешнәрсе кездейсоқ емес. Мүм­кін Ерланның басынан кешкен қиындықтары оны осы жолға, денсаулығы дімкәс сәбилердің қамқоры, қорғаны болуына дайындаған шығар. Қазір оның 300-ден астам баласы бар. Ем қонса деген ақ үмітпен алдына келетін әр бала­ның жансыз аяғына жан бітіп, кішкене саусақтарымен қолын қысқан сәттерде ол өзін дүниедегі ең бақытты жан сезінеді. Өмірге құштарлық деген адамдарға, айналаға мейірім мен махаббаттың шоғын үрлеу шығар, бәлкім? 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ