19 Қараша, 2011

Төле би туралы шежіре

1500 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Президенттiк мәдениет орталығына тапсырылды Бұл кешенді елiмiздiң ежелгi және бүгiнгi тарихынан сыр шертетiн ұлттық құндылықтар қоймасы десе де болады. Әлемнiң әр түкпiрiнен тәуелсiз мемлекетiмiздiң астанасына келген қонақтар осы орталыққа келсе, республикамыздың барлық өңiрiнен жинақталған жәдiгерлерден толыққанды мағлұмат алады. Мәдениет кешенi ашылғанда оңтүстiк өңiрiнен оған 200-ден астам көнеден жеткен бағалы зат­тар тапсырылған болатын. Олардың арасында облыстық тарихи-өлкетану, Отырар, Сайрам мұражайларынан iрiктелiп алынған өте сирек кездесетiн бұйымдар бар.   Өлкемiздiң сан ғасырлар бұрын­ғы өмiрiн, халқының тұрмыс-тiршi­лiгiн танытатын қайың қабығымен қапталған садақ және ши, кiлем, бас­құр, алаша тоқитын қондыр­ғы­лар, оқ құюға ар­нал­ған тас қалып, қолөнер шеберлерiнiң таң­дау­лы бұйымдары, киiз үй жабдықтары және бас­қа да ұлттық дәстүрлi өнер туындылары мәдениет кешенiнiң этнографиялық залында тұр. Отаны­мыз­дың орталық мұражайы қорында елеулi орын ала­тын және оны байыта түсетiн оң­түс­тiк­тiң жауһар жәдiгерлерiне ше­тел­дiк меймандардың қызығу­шы­лығын олар қалдырған жылы лебiз­дер­ден айқын аңғаруға болады десек, Президенттiк мәдениет кешенi тағы бiр аса құнды жәдiгермен толықты. Ол – ұлты­мыз­дың кемеңгер ұлы, үш жүздiң төбе биi атанған Төле бабаның шежiресi. Тарихы күллi қазаққа ортақ абыздың айрықша дүниесiн Төле бидiң жетiншi ұрпағы, оның өмiрi­не қатысты деректердi ықтият­тап, жинастырып жүрген, ардагер судьялар кеңе­сi­нiң төрағасы, «Құр­мет» орденiнiң иегерi Өмiрбек Темiрұлы мәдениет кешенiнiң директоры Мырзатай Жолдасбековке өз қолымен апарып тапсырды. Біз Өмiрбек Темiрұлынан дана баба жөнiндегi тың деректiң қалай табылғанын сұрағанбыз. – Бұл дүние менiң қолыма 1987 жылы тидi. Лең­­гiр­де тұратын Айдар деген iнiм: «Жоғалтып алар­мын, сiзде тұрсын», деп әкеп бердi. Ал оның мұны қайдан қолына түсiргенiн анықтағанымда, ол жа­лайыр руының азаматына тұрмысқа шық­қан ана­мыз­­дан алғанын айтты. Мен екi басы дөң­геленiп түйiн­­делген ұзынша таяққа орнатылған қағаздағы жазу­ды түсiнбедiм де, үйге тығып қой­дым. Кейiн­нен таныстарым: «Сенде Төле бидiң шежiресi ба­рын естiдiк. Көрейiк», деп қайта-қай­та есiме сала берген соң, Отырар университетiнiң араб тiлi оқы­ту­шы­лары­на апарып көрсеттiм. Бес мұғалiм шұқ­шиып қарады. Ешқайсысы оқи алма­ды. Содан олар­дың бiрi: «Бұл шағатай тiлiнде жазылған сияқ­ты. Бiздiң облыста оны оқи алатын бiр-ақ адам бар. Ол – Абдолла Жолдас. Соған барыңыз», деп ақыл қосты. Жұртпен көп аралас­пайтын, үйiнен сирек шығатын ол кiсiнi әзер дегенде iздестiрiп тауып, көптен берi құпиясына қаныға алмай жүрген жағ­дай­дың жай-жапсарын бiлдiргенiмде, меселiмдi қай­тар­ма­ды. Құжаттағы жазу шынында да ша­ғатай тiлiнде екен. Қағаз­дағыны тәптiштеп оқығанда ол Нұһ пайғам­бар­дан Төле биге, одан бабамыздың Шойбек деген ұр­пағына дейiнгi шежiре болып шық­ты. Мен шежiренi Төле бабаның ұлы Қожам­жар­дың туған немересi Шойбек би жаздырған-ау деп пайым­даймын. Өйткенi, қағаз­дағы деректер Төле бидiң шөбересi датқа Шойбекке дейiн тараты­ла­ды. Ке­ңес өкiметiнiң бай-манап­тарын қуғындау нәубетi басталғанда сол шежiреден айырылып қалу қау­пiнен сақтанып, қолдан-қолға өткiзiлiп, ең со­ңын­да өзге жұрттағы апайымыз Бүбiрай­хан­да сақ­талған деген де жорамал бар. Қолыма тиген шежiренi жергiлiктi мамандарға зерделеткенiмде, оның папирустан жасалған қа­ғаз­ға алтын сиямен жазылғанын айтты. Ұзын­ды­ғы екi метрден асады. Енi – 25 сантиметр. Қыс­қа­сы, бабалардан жеткен аманат жәдiгердi халық­тың ортақ құнды мүлкi ретiнде Президенттік ор­та­лық мұра­жайына тапсыруды өзiме парыз санадым, – дедi ол. Әдiлдiгiмен қара қылды қақ жарған, асқан шешендiгiмен қалың қауымды аузына қаратқан, ел бiрлiгi үшiн күрескен дана баба Төле бидiң шежiресi қазiр мамандардың түбегейлi тексеруi­нен өткiзiлiп жатыр. Жеңiс БАҺАДҮР, журналист. Шымкент.