Аталған журналдың түрлі-түсті бояумен безендірілген негізгі беттері кемеңгер тұлғаның ғұмырбаянынан ерекше орын алатын киелі жерлердің фотосуреттерімен, ақынның ақталуына байланысты табылған дерек пен дәйекке толы құжаттармен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. 120 беттен тұратын басылымдағы ғылыми мақалалар мен зерделі зерттеулер Шәкәрім өлеңдерінің бір-бір тармағы бойынша тақырыпша болып, арнаулы 10 тарауға бөлініп берілуі ізденуші оқырман үшін үлкен пайдасын тигізіп, ыңғайына қарай жеңіл оқылады.
Алғашқы «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» тарауындағы Абай қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековтің «Келешекпен тілдескен кемеңгер» атты мақаласы тұтастай Шәкәрім Құдайбердіұлына арналып жарыққа шығып отырған журнал санының алғысөзі іспетті басылып, автордың ақын өлеңдеріне, жалпы шығармашылығы туралы идеясы оқырманға ой салады.
Осы айдардағы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 22 сәуірдегі №121 санында жарияланған Алаш арысы Әлихан Бөкейханның «Қалқаман-Мамыр» атты мақаласын сол дәуірдегі Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасымен қатар жалпы ақын шығармашылығына берілген ең алғашқы лайықты баға, соған қоса зиялы қауым өкілдерінің парасатты пікірі есебінде қабылдауға болады. Осы айдардағы белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессорлар Арап Еспенбетовтің «Ұлылықты тануға ұмтылыс» және Балтабай Әбдіғазиұлының «Шәкәрімтану: ізденістер мен жетістіктер» атты мақалалары арқылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталғаннан бері шығармашылығының халыққа жетуі, таралуы мен әдебиет саласындағы ақын мұрасының зерттелуі хақында танымдық дүниелерге қанығуға болады.
Қызығушылық танытқан оқырмандар Ғарифолла Есімнің «Солон және Шәкәрім», Мекемтас Мырзахметұлының «Шәкәрімдегі жантану ілімі», Сиирт университетінің (Түркия) философия докторы (PhD) Илияс Эрпайдың «Дін тазасын діннен ізде» мақалаларымен бірге ойшыл Шәкәрімнің философиясына үңіле алады.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің ғылыми қызметкері