19 Қараша, 2011

Көш көлікті болды

516 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Енді  аз уақытта бүкіл еліміз атап өткелі отырған ел тәуел­сіз­дігінің 20  жылдығы қарсаңында біз Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы Төрағасының орынба­сары, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевқа жолығып, көші-қонның бүгінгі тынысы жөнінде әңгімелескен едік. – Сұлтеке, бүгінгі әңгімені Тәуел­сіз­дік бізге не берді деген ойдан бастасақ... – Тәуелсіздіктің  жақсылығы мен игілігі ұшан-теңіз. Бұл ретте экономикалық саладағы жетістіктеріміз бірінші кезекте ойға оралады.  Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап, жас мемлекеттің экономикалық да­муы­ның бағыт-бағдарын барынша дұрыс анықтап, қажетті шешімдерді дер кезінде батыл қабылдай білді. Соның нәтиже­сінде Қазақстан қазір күш-қуаты барынша мол, өндірісі  тез қарқынмен дамыған  мем­лекеттердің біріне айналды. Бірақ сонымен бірге,   мұндай мол бай­лық сан ғасырлар бойы отаршылдық­тың құрсауында болған қазақ халқы үшін негізгі мұрат еместігін де естен шығар­маған жөн. Біз үшін Тәуелсіздіктің ең басты жемісі – қазақ халқының ұлт ретінде өсіп-өркен­деуіне даңғыл жол ашылуы. Тәуел­сіздік енді бір жиырма-отыз жылға кешіккенде қазақ халқының ұлт ретінде  жойы­лып кетуі әбден мүмкін еді.  Иә, Тә­уел­­сіздік қазақ халқын ұлт ретінде жо­йылып кетуден құтқарып қалды. Мысалы, басқа жерді былай қойғанда, Тәуел­сіздікке дейін Алматыда   бір ғана қазақ мектебі болған болса, қазір олардың  саны елудің деңгейі­не жетті. Алматыда осынша қазақ мектебі ашылады деген ой баяғыда бізге қиял сияқты  еді. Енді сол қиялдың жүзе­ге асқа­­нын көзімізбен көріп, куә болып отырмыз. Мұны   ешуақытта ұмытпаға­нымыз абзал. – Сіз жиырма жылдай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет істеп келесіз. Яғни, күнделікті жұ­мысыңыз шетелдегі қазақтармен бай­ланысты.  Осы ретте  Қазақстанның Тәуелсіздігі шетелдегі қазақтарға не бер­ді, қандай игілік әкелді дейтін сұ­рақтың да туатыны  заңды. Ендігі әңгі­мемізді осы мәселеге қарай бұрсақ... –    Қазіргі кезде алыс және жақын шетелдердегі қазақтардың жалпы саны 5 миллионнан астам адам. Олар дүниежү­зінің қырықтан астам елінде тұрып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, Өз­бекс­танда 1,5 миллион, Қытайда 1,5 миллион, Ресейде 1 млн-ға жуық, Түркі­мен­станда 80 мың, Моңғолияда 100 мыңнан астам, Қырғызстанда 45 мың қазақ бар. Түркия, Иран және Ауғанстанда да қа­зақтар біршама. Дегенмен, бұл мәлімет­тердің бәрі дәл деп ешкім де айта ал­майды. Мұның себептері – алуан түрлі. Мысалы, қазақ диаспорасы тұратын елдердің біразында соңғы он бес-жиырма жылда халық санағы өткізілген емес. Кейбір елдерде  санақ өткізілгенмен ұлт тура­лы мәлімет көрсетілмейді. Мұның сыртында соңғы уақытта өзі­міздің қазақтардың Қазақстаннан басқа елдерге қоныс аударуы  көбейе бастады. Мысалы, жақында ғана Швецияға жолы­мыз түсті. Міне, сонда Қазақстан мен Қырғызстаннан көшіп барған біраз қазақ­тарды кездестірдік. АҚШ пен Канадаға да қоныс аударған ағайындарымыз  бір қауым ел. Яғни, шетелдегі қазақтардың саны үнемі өзгеріп тұратыны даусыз. Ал  тәуелсіздік шет елдегі ағайын­дар­ға қандай игілік әкелді деген сұраққа жауап іздейтін болсақ,  бұған төмендегідей екі  бағытта жауап беруге болады: біріншіден, тәуелсіздіктің нәтижесінде Қазақ­стан мен шетелдегі ағайындардың ара­сындағы барыс-келіс барынша жақсарып, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Екіншіден, тәуелсіздік шетелдегі қазақтардың атажұртқа қоныс аударуына, яғни, этни­калық көші-қонға бұрын-соңды болмаған кең жол ашты. – Енді осы мәселелер жөнінде кеңі­рек әңгімелесеңіз? – Ең алдымен мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы байланысқа тоқта­лайын. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бастап бұл мәселе Елбасының назарынан бір сәт те сырт қалған емес. Мысалы, Прези­денттің «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында шетелдегі қандастары­мыз­бен байланыс жасап, қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлінген. Осыған орай жыл сайын қадау-қадау шаралар белгіленіп, көптеген игі істер жүзеге асырылып келеді. Бұл игі іс-шаралардың арасында Дүниежүзі қазақтары құрылтайларын өт­кі­зудің алар орны да, маңызы да ерекше. Мұндай басқосу да тұңғыш рет Қазақ­стан Президентінің тікелей бастамасымен  1992 жылы өтті. Бұл Құрылтай Қазақстан республикасының шетелдегі қазақтарға мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қол­дау көрсетудің негізгі бағыт-бағдары мен басты міндеттерін де нақтылап берді. Кұрылтайдың  шешімдеріне сәйкес «Шетелдегі   отандастарға   қолдау   көрсету­дің мемлекеттік бағдарламасы» қабыл­да­нып,  ұзақ жылдар бойы нәтижелі жүмыс істеді десек, бұдан кейін де әлем қазақ­тарының үш құрылтайы өтті. – Биылғы жылғы төртінші құрыл­тай атүстілеу өтті, көп мәселені шеше алмады деген сыңайдағы пікірлер де айтылып жүр. Бұл туралы не дейсіз? – Жалпы, бізде шет ел қазақтары мен көші-қонға байланысты көрмей-білмей, сырттан тон пішіп әңгіме айту жиі кездеседі. Ал шындап келгенде төртінші Құ­рыл­­тайда Елбасы арнайы баяндама жасап, шетелдегі қазақтарды қолдау мен этни­калық көші-қонды ұйымдастыру жұмыс­тарын  жақсарту жөнінде нақты мәселе­лерді белгілеп берді. Құрылтай өтісімен нақты мәселелер қолға алынды. Алыстағы ағайындармен тұрақты бай­ла­ныс жасап, оларға қолдау-қамқорлық жа­саудың және бір тиімді жолы – қазақтар тұратын шетелдерде кіші құрылтайлар, басқа да түрлі басқосулар, мәдени іс-шаралар өткізу. Бұл ретте, әсіресе, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайларының маңызы ерекше. Қазақ диаспорасының мұндай кіші құ­рылтайлары Тәжікстан, Ресей, Моңғо­лия, Түркия сияқты елдерде де өткізіліп келеді. – Шетелдегі ағайындар бұдан да басқа қандай қолдау-көмекке мұқтаж? – Бүгінгі таңдағы шет ел қазақтарының ең басты мұқтаж мәселелерінің бірі – оқу-білімге байланысты. Өйткені, олардың ба­сым көпшілігі өзге тілдерде, түрлі жазу мен басқа бағдарламалар бойынша білім алуда. Бұл жағдай  олардың өз ана тілін игеруіне белгілі бір дәрежеде қиындық келтіреді. Сондықтан да олар Қазақстаннан ерекше қолдау мен көмек күтеді. Соған орай, елімізде біраз жақсы істер қолға алынған. Мысалы, шетелдік қазақ жастарына арнал­ған дайындық бөлімдері ашылып, біраз жылдан бері нәтижелі жұмыс істеуде. Қазір оған қабылданатындардың саны 1400 бала­ға дейін жетті. Шетелдегі қазақ жастарына білім грантынан арнайы квота бөлу, шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар жіберу сияқты  іс-шаралар да  қолға алынған. – Сөз реті келгенде Қауымдастықтың  қызметі мен мақсат-мүддесіне де кеңірек тоқталсаңыз... – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  1992 жылғы әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайында құрылып, оның Төралқа Төрағасы болып Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланған еді. Содан бергі кезеңде қауымдастық елімізге ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал халықара­лық  ұйымға айналды. Қауымдастықтың мұндай дәрежеге жетуі – Елбасының тікелей қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі. Сондай-ақ, қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары қызметін көрнекті қаламгер Қалдарбек Найманбаевтың өмірі­нің соңына дейін  ұзақ жыл атқарғанын да атап өту – біздің парызымыз. Қазір ол кісінің ісін белгілі қоғам қайраткері  Талғат Мамашев ойдағыдай жалғастыруда. Қауымдастық шетелдік қазақтармен байланысты Қазақстандағы ресми мекемелермен, шетелдердегі қоғамдық ұйымдар­мен  бірлесіп  жүзеге асырады. Қазіргі кезде қазақтар көп тұратын елдерде қазақ мәдени орталықтары бар. Мысалы, Түркия, Германия, Франция, Австрия сияқты елдерде мұндай орталықтар ежелден жұмыс істейді. Өзбекстандағы қазақ мәдени орта­лығы да жемісті қызмет атқаруда. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қала­ларынан бастап, Қазақстанмен шектес  барлық облыс­тарында қазақ мәдени орта­лық­тары бар. Соңғы кезде Қытайдағы қазақ­тармен де байланысымыз барынша жақсарды. Балтық жағалауы елдерінде де қазақ мәдени орта­лықтары шаңырақ көтере бастады десем, қауымдастық Моңғолияда өз бөлім­шесін ашып, ондағы қазақтармен байла­нысты сол бөлімше арқылы жүргізу­де. Иран, Ауған­стан сияқты елдердегі ағайын­дармен бай­ланысымыз да ойдағыдай. – Шетелдегі ағайындардың Қазақ­стан­­ның жаңалықтарына әрқашан да құлақ түріп, асыға күтіп отыратындары даусыз. Бұл салада Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қандай жақсы жаңалықтар  болды деп есептейсіз? –  Бұл саладағы ең басты жаңалық – шетелдерге хабар тарататын «Каспионет» телеарнасының ашылуы. Шетелдегі аға­йын­дарымыздың басым көпшілігі осы телеарна арқылы Қазақстанның жаңалық­тарын күн сайын үзбей көріп отырады. Мұндай игі іске  қауымдастық та  өз үле­сін қосып келеді. Осыған орай, қауым­дастықтың жанынан «Алтын бесік» журна­лы мен «Туған тіл» альманағын шығарып, шетелдердегі ағайындарға тарату қолға алынған. Бұл басылымдардың жарық кө­руі­не Байланыс және ақпарат министр­лігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті нақты қолдау жасауда. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде Ел­ба­сы­ның жыл сайынғы дәстүрлі жол­дау­ларының алар орны ерекше. Соған орай, қауымдастық бұл жолдауларды шетелдегі отандастарға насихаттауға да айрықша назар аударады. Қауымдастық шетелдегі қазақ диаспо­ра­сының демографиялық және әлеуметтік жағдайын зерттеу жөнінде  арнайы экс­пе­ди­циялар ұйымдастыруды да қолға алып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде  «Өзбекстандағы қазақтар», «Қытайдағы қа­зақтар», «Ресейдегі қазақтар» деген моно­графиялық жинақтар жарық көрді. Қауымдастық шетелдегі қазақ қалам­гер­лерінің шығармаларын  жинап, жарыққа шығарып насихаттауға айрықша назар ауда­рады. Бұл орайда қауымдастықтың «Атажұрт» баспа орталығы нәтижелі жұмыс істеуде. – Тәуелсіздіктің шет ел қазақ­та­рына берген игіліктерінің бірі көші-қон екендігін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.  – Шетелдерде шашырап жүрген қандас­тардың басын қосу айтуға оңай болғаны­мен, іске асуы  қиын шаруа. Сондықтан да біз сияқты егемендік алған республи­калар­дың ешқайсысы да  сырт жерлердегі өз диаспорасына қолдау жасап отырған жоқ. Бұл салада батыл да нақты істерге барған бірден-бір ел – Қазақстан болды. Бұл ретте Тұңғыш Президентіміз өзінің шынайы ұлт жанашыры екендігін таныта білді. Осыған орай тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде атажұртқа 1 млн.-ға жуық қан­дастарымыз оралды. Қазір көші-қон квотасының мөлшері 20 мың отбасына дейін жетті.  Жақында «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заң да қабылданды. Яғни, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ке­зеңде көшіміз көлікті болды деп толық сеніммен айта аламыз. – Соңғы кезде «Нұрлы көш» бағ­дарламасы туралы жиі сөз болып жүр. Бұл бағдарламаны мақтаушылар да бар, сын айтушылар да кездеседі. Осы жөнін­дегі пікіріңіз қандай? – «Нұрлы көш» бағдарламасы да Елба­сының тапсырмасымен дүниеге келген. Бұл бағдарлама еліміздегі «Көші-қонды басқа­ру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдар­лама­сының» құрамдас бөлігі болып табы­ла­ды. Бағдарлама бойынша оралмандарды қо­ныс­тандыру Солтүстік, Оңтүстік және Орталық болып үш аймаққа бөлінеді. Бағдарлама, әсіресе, солтүстік облыстарға көбірек көңіл бөледі.  Әрине, жаңадан басталып жатқан соң бұл бағдарламаны жүзеге асыруда кейбір кемшіліктердің кездесіп отырғаны да рас. Бірақ бұл игі істің болашағы үлкен екендігіне күмәндануға болмайды. – Көші-қон мәселесі сөз болған жағ­дайда «Дүниежүзі қазақтары қайда қа­рап отыр?» деген сияқты әңгімелер де жұрт арасында жиі айтылады... – Бұл біздің жиырма жылдай уақыттан бері естіп келе жатқан әңгімеміз. Бұдан біраз жыл бұрын біреулер Қытайдан 1500 баланы оқытамыз деп ақша алып, шақы­рып әкеліп,  біразын Қауымдастық үйінің алдына топырлатып қойып, өздері ағаштың аржағына тығылып тұрып, «бұларды неге оқуға түсірмейсіңдер» деп бізді сынап-мінеген еді. Яғни, көші-қон мен оралман мәселесі жөнінде сын айтылса, оның біржағына қауымдастықты да  қосып қою әдетке айналған. Сондықтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының көші-қон жұмыстарымен тікелей айналыспайтынын тағы да бір рет қайталап айтқымыз келеді. Көші-қонды  ұйымдастыруға қауымдастық­тың құқы да, мүмкіндігі де жоқ. Бірақ шетелдегі ағайындардың көші-қон жөніндегі ұсыныс-өтініштерін Қазақстанның тиісті орындарына қауымдастық арқылы жеткізуге тырысатындары да анық. Соған орай, біз көші-қон мәселесіне араласып, бұл жөнін­де керекті мәселелерді көтеріп отыруға мәжбүрміз. Мысалы,  менің өзім қауым­дастықтың атынан «Егемен Қазақстан» газетіне сонау 1993 жылы «Қазыналы көштің қадірін білейік» деген проблемалық мақала жазып едім. Содан кейін де «Алыстағы ағайын қайда оқиды?», «Қазақтың басын қоссақ деп...», «Алыста жүрген ағайын...», «Қазақ халқы қайтсе көбейеді?..», «Қабыл­дан­ған заң қайда қалды?..», «Шетелдегі қазақ: бүгін және ертең», «Оралмандарды орналастырудағы оралымсыздықтар», «Ата­мекенді аңсаған ағайын», «Көші-қон және жаңа Заң», «Оралман көші: күдік пен үміт», «Көш қайтсе көбейеді?!» деген сияқ­ты көптеген проблемалық мақалалар жария­ладым. Басқа ақпарат құралдарында көтер­ген мәселелерім өз алдына. Яғни, көші-қон мәселелерін тікелей шеше алмасақ та бұл салаға атсалысып, үн қосып отыру – біздің азаматтық парызы­мыз, қауымдастықтың қызметкері ретіндегі міндетіміз. – Қауымдастық бұл жұмыстарын қандай жолдармен жүзеге асырады?.. – Бүгінгі таңда бізде этникалық көші-қон жұмыстарын басынан аяғына дейін бір орталықтан басқарып, ұйымдастырып оты­ратын нақты мемлекеттік мекеме жоқ. Мысалы, шетел қазақтарының Қазақстанға келу құжаттарын реттеуді шетелдердегі елшіліктеріміз, келгеннен кейінгі құжаттарын жинауды Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы, түрлі жәрдемақы мен зейнетақы беруді Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрлігі, оқу-білім беруді Білім және ғылым министрлігі, жер беруді жергілікті әкімдіктер шешеді. Көші-қонға қатысты заң жөніндегі мәселе Парламент депутаттарына барып тіреледі. Міне, осыған орай шетелдік ағайын­дардың өтініш-тілектері қай министрлікке қатысты болса біз сол министрлікпен бай­ланыс жасаймыз. Мысалы, шетелдегі қазақ диаспорасына мәдени-рухани салада қол­дау көрсету жұмыстарын Мәдениет ми­нистрлігінің Тіл комитетімен бірлесіп жүр­гіземіз. Көші-қон полициясы комитетімен бірлесіп, биылдың өзінде этникалық көші-қон жөнінде төрт-бес рет дөңгелек үстел мәжілісін өткіздік. Енді Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Шымкент қала­сында қазақ диаспорасының оқу-білім мәселелері жөнінде республикалық басқо­суын  ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Түйіп айтқанда, Қауымдастық алыстағы ағайындардың өтініш-тілектерін Қазақ­стан­­­ның тиісті орындарына жеткізіп тұра­тын «алтын көпір» міндетін атқарады. – Соңғы уақытта шетелдегі сан миллион қазақтардың бәрін тез арада Қа­зақстанға түгел көшіріп әкелу керек деген ұсыныстар да айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, бұл мүмкін бе?.. – Заңдық-құқықтық жағынан келсек, бұған ешқандай кедергі жоқ, толық мүмкін­дік бар. Шетелдегі бес миллион қандаста­рымыз Қазақстанға түгел өтіп, қалаған жерлеріне өз күштерімен барып орналаса­мыз десе, есік ашық. «Халықтың көші-қоны туралы» заңда да, басқа құжаттарда да бұған толық еркіндік берілген. Ал шын мәніне келсек, әлемдегі барлық қазақты бірден көшіріп алайық деу ешқашан жүзеге аспайтын әңгіме шынтуайтына келгенде шетелдегі қазақтардың бәрін емес, жыл сайынғы өсімін түгел  көшіріп әкеліп отырсақ та үлкен жетістік болар еді. – Бұлай деуіңізге не себеп?!. – Себеп көп. Мысалы, шетелдегі қазақ­тың бәрі бірдей көшуге дайын деген қайдан шыққан әңгіме?!.  Оны кім зерттеген, қалай білген?!. Ал егер көшкісі келмегендер болса не істейміз, зорлап әкелеміз бе?! Жалпы, жұрт алдына шығып алып «бүкіл қазақты көшірейік» деп айту оңай. Ал бірақ мұның артында қаншама қыруар көп жұмыс; қаншама адамның тағдыры тұр. Мысалы, келген әрбір қазақ баспаналы болуы, жұ­мыс­қа орналасуы керек. Бала-шағасын оқы­туы, жасы келсе зейнетақы алуы, басқа да әлеуметтік жәрдемдерге қол жеткізуі керек. Жалпы, бізде көші-қон, оралман туралы мәселе көтеру көзге түсіп, «белсенді» көрі­нудің ең оңай жолына айналған. Этникалық көші-қонға байланысты қызыл сөзбен неше түрлі қисынға келмейтін  әңгімелер айту осының бір айғағы. Ал егер оралмандарға жанымыз шынымен ашитын болса онда ең алдымен көші-қонның ең өзекті, басты мәселелерін зерттеп, түсініп алып, ұсыныс­ты содан кейін айтқанымыз абзал. Бізде осы ескерілмейді. Сондай-ақ, қазір кім көрінгеннің  «орал­­ман мәселесін біз шешеміз» деп қолданыстағы  заң-ережелерге мүлдем сәй­кес келмейтін нешетүрлі талап  қойып, айқай-шу көтеруі де жиі кездеседі. Көші-қон полициясының алдына барсаңыз «Орал­мансың ба, қандай мәселең бар,  бәрін мен реттеймін» дейтін делдалдар да қаптап жүреді. Соның салдарынан Қазақ­станға келген ағайын көші-қонмен нақты кім айналысатынын түсінбей басы қатып, әркімге бір алданып, әуре-сарсаңға түседі. Мысалы, квотаға кіргіземін деген біреу­лердің сөзіне сеніп, ақша   берген, бірақ ақыр соңында квота да жоқ, ақша да жоқ, санын соғып алданып қалған ағайындар әр жерден де кездеседі . Мұндайға жол беруге болмайды. – Бұл үшін не істеу керек? – Бұл үшін көші-қон туралы қолда­ныс­тағы заң-ережелерді бұлжытпай орындап, оралмандарға қатысты жұмыстарды осыған сәйкес жүргізу керек. Соған орай халықтың көші-қоны, оның ішінде оралмандар мәсе­ле­сі де, ең алдымен мемлекеттік орган­дардың айналысатын шаруасы екендігін қадап айтқымыз келеді. Олардың жұмы­сына көлденең біреулердің араласуға қақысы жоқ. Бәрі тек қана заң аясында жүзеге асуы тиіс. Мысалы, шетелдегі ағайындардың Қазақстанға келуі, оралман мәртебесін, ықтияр хат, азаматтық алуы, оқуға түсуі, жұмысқа орналасуы, т.б. бәрі  нақты заң, ереже-тәртіптермен белгіленіп, бекітілген. Бұл ереже-тәртіптерді бұзған­дар­дың қанша айыппұл төлейтіндері де нақты көрсетілген. Көші-қон полициясы, Консулдық  қызмет департаменті және бас­қа мекемелер оралмандармен осы заңдар мен ереже-тәртіптерге ғана сүйеніп жұмыс істеуге тиіс. Ал егер бұл заңдар мен ереже-тәртіптер алыстағы ағайындардың келуі мен орналасуын қиындататын болса, біз ең алдымен оларды тиісті орындардың алдына  қойып, өзгертіп  алуымыз керек. Ал ондай жасамай, тек «мынау алыстан келген аға­йын еді, анау қиындық көріп жүрген оралман еді, заңға, ереже-тәртіптерге сай келмесе де жұмысын бітіріңдер» деп талап қою ақылға қонбайтын әңгіме. – Соңғы кезде көшіп келген ағайын­дарды оралман деп бөлуге болмайды, оларды жергілікті халықтан ажырат­пау керек деген  мәселе жиі көтеріле бастады. – Оны өте дұрыс деп есептеймін. Жалпы, оралман деген кім?!. Оралман деген Қазақстанға жаңадан ғана  келіп, тұ­рақ­ты тұруға тіркеліп, қолына «оралман» деген заңды куәлік алған, ұлты қазақ шетелдік азамат. Оралман куәлігі көші-қон квотасына кіріп, тиісті жәрдемақы алу үшін бір жыл мерзімге ғана беріледі. Қазақстан азаматтығын алып, тиісті жәр­дем­ақыларға қол жеткізгеннен кейін ол куәліктің  мерзімі өтіп, күші жойы­ла­ды. Бұдан кейін ағайынның өзін орал­манмын деп есептеуге де, бұл жөнінде қосымша жеңілдіктер мен жәрдемақы талап етуге де ешқандай құқы жоқ. Ол енді жергілікті жұртпен мәртебесі  тең, толық­қанды Қа­зақ­стан азаматы.  Ал әртүрлі себептермен Қазақстан азаматтығын алмай, шет ел паспортымен не ықтияр хатпен жүрсе ондай жағдайда  ол ешқандай да оралман емес,  шетелдік этникалық қазақ. Қазақ­стан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында мұның бәрі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ соған қарамастан, біздің кейбір ағайындар атажұртқа келіп, Қазақстан азаматтығын алғанына бес жыл, он жыл өтсе де өздерін әлі күнге оралманбыз деп есептейді. Мұндай ұғым-түсініктен біржолата арыла­тын кез әлдеқашан жетті. Осыған орай, өзімнің  де негізгі маман­ды­ғым журналист болғандықтан, газет-журнал мен телера­дио­дағы әріпттестеріме бір өтініш білдірсем деймін. Айтуға болады ғой? – Әрине, айтыңыз! – Айтсам былай! Бүгінгі таңда оралмандар жөніндегі біраз мәселе бұқаралық ақпарат құралдарына да тікелей байла­ныс­ты. Яғни, журналистер қауымы ата­жұртқа келген ағайындарға Қазақстанның көші-қон жөніндегі тиісті заңдары мен ереже-тәртіптерін насихаттауға, оралман­дар­дың құқы мен міндеттерін дұрыс түсіндіруге өз үлестерін қосса екен дейміз. Осыған орай,  журналистер этника­лық көші-қон мен оралмандар мәселесі жөнінде мақала жазып, хабар түсіргенде бұл мәселенің мән-жайына тереңірек үңілгендері абзал. Мысалы, қазір кез келген адам газет-журналдарға, радио мен теледидарға шығып алып «мен оралман­мын»   деп сайрап сөйлей беретін болды. Ал оның қолында оралман екендігін дә­лелдейтін куәлігі бар ма; айтып отырған сөзі шын ба; қойған талабы заң-ере­желерге сәйкес келе ме – оған ешкім де ой жүгіртпейді. Осының салдарынан көбіне  әлдекімдердің жеке бастарына қатысты ұсақ-түйек жағдайлар сөз болып, шын оралмандардың ең өзекті, ең басты мәсе­лелері тасада қалып қояды. Болашақта осының  есте болғаны жөн. – Сіз көші-қон саласында жемқор­лық бар дегенді жиі айтып, жазып жүр­сіз. Қазір жемқорлықпен күрес кү­шей­ді, соған байланысты көші-қон да бұл дерттен арыла бастады деуге бола ма? – Осыдан біраз жыл бұрын орал­ман­дарға баспана орнына ақшалай жәр­демақы берілетін болды. Яғни, бір отбасы адам санына қарай орта есеппен 1 миллион теңге  жәрдемақы алады. Бұл  жемқор­лыққа «даңғыл» жол ашты. Әсіресе, Қазақстанға  келмеген немесе өмірде мүл­дем жоқ адамдардың атынан неше түрлі жалған құжат жасап, оралманға бөлінген ақшаны талан-таражға салу үйреншікті жағдайға айналды. Мысалы, 2008 жылы баспасөз бетінде солтүстік облыстардың біріне келген 700 оралман отбасының жәрдемақы алысымен ізім-ғайым жоқ болып кеткені айтылды. Ал бірақ шын мәнінде ол облысқа 700 оралман  отбасы­ның өздері емес, жалған құжаттарының ғана барғаны даусыз еді. Бұл бір облыста кемінде 700 миллион теңге қолды болды деген сөз. Ал бүкіл Қазақстан бойынша алатын болсақ, талан-таражға түскен қар­жы сан миллиардтаған теңгені құрай­тынын есептеп шығу онша қиын емес. Мен бұл туралы баспасөз бетінде сан рет мәселе көтердім. 2008 жылдың ая­ғында Көші-қон комитетіне «Көші-қон­да­ғы жемқорлық және оны тоқтатудың жол­дары» деген тақырыппен арнайы анық­тама-хат та жаздым. Бірақ бұған дер кезінде  назар аударған ешкім болмады. Тіпті, оралмандарға жанашырмыз деп жүрген азаматтар да бұған  елең етпеді. Неге бұлай екендігін түсінбей, әлі күнге аң-таңмын. Тек соңғы  бірер жыл  көлемінде ғана бұл мәселе нақты қолға алынды. Бұған бірінші кезекте Көші-қон комите­тінің Көші-қон  полициясы комитетіне қо­сылуы үлкен ықпал етті. Сондай-ақ, кво­таға кіріп жәрдемақы алудың тәртіп-ережелерінің қатайтылуы да дұрыс бол­ды. Дегенмен, көші-қондағы жемқор­лық толығымен тыйылды деуге әлі ерте. Көші-қон полициясының жақында тарат­қан мәліметіне қарағанда, 2010 жылы оралман ретінде 42 млн. теңгені заңсыз алған 64 факті тіркелген. Оңтүстік Қазақстан облысындағы кө­ші-қон мекемесінің бір топ қызмет­керлерінің  жалған құжат жасау арқылы 180 млн. теңгені талан-таражға салып, сотты болға­ны жақында ғана теледидардан айтылды. Көші-қон саласындағы мұндай қыл­мыс­ты әрекеттер тек Қазақстанның өзімен ғана шектелмей, шетелдерге де тараған. Мы­салы, баспасөз бетінде  Қытайдағы бір топ азаматтардың Қазақстанға баратын жалған виза жасап сатумен айналысқаны туралы жазылды. Қылмысты топтың құра­мында қазақстандық азамат та бол­ған. Шетелге шығатын жалған виза жасау – қылмыстың сирек кездесетін  әрі барын­ша ауыр түрі. Міне, осыған Қазақстан азаматының белсенді араласуы біздің елімізде оралмандарға арнап жалған  құжат жасаудың қаншалықты «дамығанын» айқын көрсетеді. Бұл  сөзі­мізді жақында ғана Алматы облысына Қытайдан келіп оралман ретінде тіркелген 87 кісінің құжатының жалған болып шық­қандығы да дәлелдей түседі. Дегенмен, болашақта мұндай келеңсіз­діктер түбегейлі тыйылар, оралмандарға бөлінген қаржы неше түрлі алаяқтар мен делдалдардың қалтасына түсіп кетпей, әрбір тиынына дейін толығымен оралман­дардың өздеріне жетер деп үміттенеміз. Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.