Медицина • 01 Ақпан, 2018

Әлеуметтің талап-тілегі қалай орындалуда?

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жарлығында көрсетілгендей, жергілікті атқарушы органдар басшылары мен түрлі деңгейдегі әкімдер, сондай-ақ ұлттық жоғары оқу орындары ректорлары атқарған жұмыстары туралы жыл сайын халыққа есеп беруге міндетті. Яғни бүгінде жариялы түрде жұмыс жүргізу басшылардың негізгі міндеті болып отыр. Осы орайда Жамбыл облысында Президент Жарлығына сәйкес, аудандық маңызы бар қала және ауылдық округтер әкімдері есеп беру кездесулерін өткізуді бастап кетті. 

Әлеуметтің талап-тілегі қалай орындалуда?

Әлеуметтің әкімдерден жақ­сы жаңалық күтетіні белгілі. Де­­ген­мен, шындығына келген­де аудан орталықтарында, ауыл­­дарда түйіні тарқамаған мәсе­лелер әлі де баршылық. Ал әкімдер халыққа уәде беріп, кейін уәде үдесінен шығып жат­са, тіпті жақсы.

Өңірде инфрақұрылымды жақ­сарту, экономиканы көтеру, әлеуметтік саланы дамыту мәселелері бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бар нәрсені айтқан жақсы, бі­рақ жоқтың да жайын ескере жүр­ген дұрыс-ақ. Алайда ел ішінде халықтың тілегіне орай ше­шімін күткен мәселелер де же­тіп-артылады. Мәселен, Талас ауданының орталығы Қара­тау қаласында ауыз су, газ тарту мәселелері оң шеші­мін тапқанымен, қаладағы қоғамдық көлік мәселесі әлі өзекті болып тұр. Есепті кездесуде қала әкімінен қала тұрғыны С.Құлбаева осы мәселені сұра­ған болатын. Сонымен қатар С.Құлбаева әр сенбі сайын өтетін жәрмеңке кезінде азық-түлік бағасына бақылау болу керек­тігін айтты. Расында да ала-құла баға қарапайым ха­лық­­тың қалтасына артық сал­мақ салады.

Тұрғындар айтқан тағы бір мәселе – Қаратау қаласын­да­ғы Б.Есжанұлы мен Төле би көшелеріне жөндеу жұмыс­та­рының қажеттігі. Қала әкімі Қ.Серімов кездесуде бұл мәсе­ле­лер көп кешікпей оң шешімін табатынын жеткізді.

Ал облыс орталығынан шал­ғай жатқан Шу ауданының Ақсу және Оразалы батыр ауылы­нан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытымен жүретін 6,3 шақырым жолдың сын көтермейтіні көпке мә­лім. Жалпы, Шу ауданы жол мәсе­лесіне келгенде сын сада­ғы­на бірінші ілінеді. Аудан ар­қылы Тараздан Алматыға қа­тынап жүрген жолаушыларға жол­дың жай-күйі жақсы таныс. Ақсу ауылдық округі ақса­қал­дар алқасының төрағасы Б.Айтқожаевтың бұл мәселеге қатысты сауалына ауыл әкімі Талғат Итекеев бұл жолдың би­ылғы жылы жөндеуден өткі­зілетінін айтты. Ескі Шу ауыл­дық округінде де жастар үшін спорт зал қажет, ауылдық клубқа жөндеу де артықтық етпейді. Ауылдық округ әкімі Жапарқұл Тәжиевтің айтуынша, алдағы уақытта клубты жөндеу мәселесі жан-жақты қарастырылады. Ескі Шу ауылында талай уақыттан бері ауыз су тарту мен балабақша салу мәселесі де шешімін күтіп тұр.

Мойынқұм ауданының Қаш­қантеңіз стансасында темір жол­дағы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Станса басшысы Қасымхан Кенжеевтің айтуынша, станса айналасын күл-қоқыстан тазарту да өзекті. Жедел жәрдем көлігі берілсе, жөнделген жерлерге жол белгілері қойылса, көше шамдарының жануы бір жүйеге келтірілсе деген де станса тұрғындарының тілегі бар.

Қияқты ауылындағы Ағы­бай батыр атындағы ор­та мек­тептің төбесінен су там­­шылап тұрғанын мектеп мұ­ға­лімі Гауһар Шалғынбаева жет­кізді. Бүгінде еліміз білім са­па­сын арттырып, бәсекеге қабі­лет­тілікті алға қойып отырған уа­қытта бұл білім ошағының мұндай күй кешуі ерсі әрине.

Жамбыл ауданы Қаратау ауылы күні бүгінге дейін таби­ғи газдың игілігін көре алмай отыр. Өңірдегі өзге елді ме­кендер көгілдір отынмен қам­тылып жатқан кезде қара­тау­лықтардың бұл игілік­тен қа­лыс қалуы ойландырмай қой­майды. Аудан Тараз қа­ла­сынан қашық емес, әрі кет­се 20-25 шақырым жерде. Қаратау ауылының тұрғыны Салтанат Лепбаеваның айтуынша, көшедегі ескірген электр сымдары балалардың өміріне қауіп төндіреді екен.

Байзақ ауданының Ботамой­нақ ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ стансасына газ жүр­гі­зу де ел тілегінің бірі. Үш­бұ­лақ стансасы тоғыз жол­дың то­рабында орналасқан, Тараз қа­ласына жапсарлас елді ме­кеннің бірі. Дәл тұстан «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лық­аралық тасжолы мен халық­аралық темір жол өтеді. Бұл елді мекенге ауыз су, балаларға арналған ойын алаңы мен интернет желісі де қажет екен. Ауылдық округ әкімі Еркін Зәуірбеков тұр­ғын­дардың қажеттілігі алда­ғы уақыттарда өтелетінін айтып, уәде берді.

Сарысу – шалғай аудан­дар­­дың бірі. Ауданның Жай­лау­көл ауылын тіпті қиян шет десе де болғандай. Ауыл­дан об­лыс орталығы түгілі, ау­дан орталығы Жаңатас қала­сына жетудің өзі қиын. Әсі­ре­се қыстың көзі қырауда ден­сау­лығы сыр берген азаматтар үшін тіпті қауіпті. Ауылдық ар­­дагерлер кеңесінің төрағасы Е.Аман­жолов ауылдың ам­бу­лато­риясына дәрігер керек еке­нін айтса, Қ.Дәулетов ша­ғын болса да дәріхана қажет дейді.

Сарысулықтарды жайы­лым­ның жайы да алаң­да­тады. Негізінен мал шаруа­шы­лығымен күн көріп отырған тұр­ғындардың бұл тілегі орын­ды. Ұланбел-Шығанақ ауыл­да­рының аралы­ғын­дағы автожол көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Бұл орайда аудан әкімінің орынбасары Берген Омарбек тұрғындардың талап-тілегі алдағы уақытта оң шешім табатынын айтты.

Ауылдың барын ұқсатып, жо­ғын түгендеу әкімдердің қыз­меттік міндеті екені аян. Тілге тиек еткен жайттар ұсақ-түйек болып көрінгенмен, бұл сон­дағы халықтың тұрмыс-тір­шілігіндегі өзекті мәселелер саналады. Алдағы уақытта әкім­дер айтқан уәделерінің үде­сі­­нен шығып, әлеуметтің тіле­гін қанағаттандыруы тиіс.

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы