Кеңейтілген отырыста бірінші болып облыс әкімінің экономикалық даму мәселелері жөніндегі орынбасары Асқар Биахметов есеп берді. Ол облыс активі алдына шыққаннан кейін өңір экономикасының бүгінгі жай-күйі, келешек келбеті туралы талдаулар мен сараптамалар, салыстырулар жасаудың орнына, көпшілікке бұрыннан белгілі деректерді қағаздан бас алмай, бірінен соң бірін тізіп ала жөнелді. Әлбетте, тыңдалмаса, көпшіліктің көңілін аудармаса, сөз жетім емес пе?! Қаптаған цифрлар өңір экономикасының тамыр соғысын білдіре ала ма?! Экономика кураторы өңірге тартылатын инвестициялық қара жаттың басты бөлігі мен мүмкіндіктерін және бюджеттің кіріс көздерін жан-жақты тарқатып берген жағдайда ұтымдылық пен ұтқырлыққа жол аша алар еді. Өкінішке қарай, олай болмады. А.Биахметов қаржы институттарымен байланыс, олардан тартылатын қаражат көлемі туралы да ештеңе айта алмады.
Жыл қорытындысындағы кейбір деректерге көз салсақ, облыста мерзімінде төленбеген салық мөлшері көбейіп бара жатқаны байқалады. Сондайақ бюджетке түсетін қосымша салық мөлшерін өсіру ісінде де кідірістер бар. Бұл жайттар кеңейтілген отырыс барысында да айтылды. Өткен жылы газетімізде Ақтөбе аймағындағы тұрып қалған кәсіпорындар жөнінде сараптамалық мақала жарияланған болатын. Содан бері оны сауықтыру мен қалпына келтіру жөнінде нақты істер қолға алынғанынан да хабардармыз. Жылдың экономикалық есебіне кіретін мәселенің бірі де осы болса керек-ті. Сондай-ақ өткен жыл ішіндегі әлеуметтік экономикалық даму қорытындылары бойынша сөз қозғаған кезде өңірдегі агломерациялық даму деңгейі мен бағыттары туралы айтылмай қалса, қазақ әдебиетінің ақсақалы Шерхан Мұртаза айтқандай «бір кем дүние» болып шығады.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев алқа мәжілісі үстінде орынды атап көрсеткендей, оның жұмысшы органы Үкімет те, министрліктер де немесе орталықтағы өзге де басқарушы буындар емес, нақты осы Ақтөбе облысы әкімдігінің өзі болып отыр. Ендеше Ақтөбе агломерациясын дамытуға мүдделі ең бірінші өкілетті тұлғалар жергілікті атқарушы ұйымдар болуы керек. Өз кезегінде бұл іске тікелей жетекшілік жасайтын облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары А.Биахметовтің тарапынан агломерацияның жайкүйіне қатысты бір ауыз сөз ай тылмағанын қалай түсінуге болады?!
Егер өңір басшысы бұған байланысты тиісті толықтырулар жасамағанда, өңірдің экономикалық дамуының басты индексі мен көрсеткіші сипатындағы көкейкесті мәселе жабулы күйінде қалып қояр ма еді. Облыс экономикасына негізінен стратегиялық шикізат көздері мен өзге де қазба байлықтарды өндіру, индустрияландыруды дамыту және өндіріс пен өнеркәсіпті өркендету сипаты тән болғанымен, Ақтөбе еліміздің аграрлық өңірлері қатарында қала беретіні анық. Сондықтан мұнда тиісті өнеркәсіп кешенін одан әрі дамытудың бүгінгі тактикасы мен алдағы стратегиясы нақты түрде белгіленуі тиіс.
Осы орайда кеңейтілген алқа мәжілісінде облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік жасайтын орын басары Мавр Абдуллин бұл бағытта қолға алынатын бағдарламаларға, аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында өз шешімін күтіп тұрған істерге терең талдаулар жасайтын шығар деп күткен едік. Бұл үмітіміз де ақтала қоймады. Осы ретте облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында жоғарыда айтылғандай кейбір жетекшілердің есебі құрғақ сөз, жалаң статистика төңірегінен шыға алмай қалғаны өкінішті-ақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ