19 Қараша, 2011

Кеден одағына мүше мемлекеттер

7089 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға мүдделілік танытты Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысына және Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуіне қатысты. Ортақ мүдде көзделген бұл кездесудің өзіндік сыр-себебі де жоқ емес. Кеден одағына мүше Қазақстан, Беларусь және Ресей басшы­ларының бір үстел басында осылайша бас қосуының мақсаты үш мемлекеттің 2012 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін Біртұтас эко­номикалық кеңістік туралы халықаралық келісім-шартына бай­ла­нысты Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның көкейкесті мәселелері бойынша келіссөз жүргізу болды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ – Мәскеуден. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев Ресейге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі­жақ­ты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылады. Дмитрий Медведев кездесудің ма­ңыз­дылығын атап өтіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Елбасы өз сөзінде бүгінгі кездесудің ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Ал бұл күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекет басшыларының үшжақты ресми кездесуі өтті. Үш ел басшылары басқо­суы­ның күн тәртібінде Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Кеден одағы қыз­метінің, Еуразиялық экономикалық кеңістік құру бағы­тын­да­ғы өзекті мәселелер қаралды. Мәсе­лен, келелі отырыс аясында мемле­кет­тер­дің ортақ мақсат жолында өзара ық­пал­да­суы­ның келесі сатысына көшу жө­нін­дегі бірлескен жұмыстары назар­ға алын­ды. Әңгіме негізінен Еура­зиялық эконо­микалық одақ, ықпалдасу үдерісте­рін­дегі ұлтаралық органдардың басқаруын жетілдіру мәселелері тө­ңі­регінде өрбіді. Кеден одағы аталған үш мемлекет арасындағы мемлекетаралық құнды интеграциялық құрылымның бірі екені анық. 2011 жылдың 1 шілдесінде осы елдер арасында біртұтас кедендік ше­караның негізі қаланған болатын. Бү­гінде Одақ аясында үш елдің эконо­ми­калық бағыт­тағы бастамалары жүзеге асырылып, бо­лашақта атқарылар жұ­мыстар тура­сын­дағы келіссөздер жүйе­лі түрде өз жалғасын табуда. Осыған орай, бұл күнгі Кеден ода­ғы­на мүше елдер мемлекет басшы­ла­ры­ның үшжақты кездесуі барысында үш мемлекеттің де ортақ мүддесіне, әріп­тес­тік қарым-қатынастарына негізделген, өзара тиімді ынтымақтастықты да­мы­ту үшін маңызды саналатын бірқа­тар келісім-шарттар жан-жақты тал­қы­ға салынды. Бұл ретте, Еуразиялық эко­номикалық комиссия туралы келісім-шартты, аталған келісім-шарт негізіндегі Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тәртібін, Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларацияны атап өтуіміз керек. Мемлекет басшыларының үшжақты кездесуінен кейін журналистерге ар­нал­ған баспасөз мәслихаты өтті. Ол басталмас бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Дмитрий Медведев және Беларусь Президенті Александр Лукашенко Еур­азия­лық экономикалық интеграция жө­нін­дегі декларацияға, Еуразиялық эко­но­микалық комиссия жөніндегі келісім-шартқа, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшелері ретінде Еуразиялық экономикалық комис­сия­сының жұмыс мерзімі туралы шешімге қол қойды. Баспасөз мәслихатында алғашқы бо­лып сөз алған Ресей Президенті Дмитрий Медведев өздерінің мұндай ма­ңыз­ды қадамға үлкен дайындықпен кел­гендерін атап өте келе, бұл оты­рыс­тың биылғы жылдың маңызды оқи­ға­лар санатынан ойып тұрып орын ала­ты­нына сенім білдірді. Біз Еуразиялық эко­номикалық комиссия жөніндегі ке­лісім-шартқа, Еуразиялық экономи­ка­лық интеграция жөніндегі декла­ра­ция­ға қол қойдық. Сол арқылы Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру ба­ғы­тын көздеген тағы бір кезекті әрі батыл қадамға бардық. Бұл қадам біздің елдеріміздің болашағын айқындай түсетін болады. Мен, бірінші кезекте, өзімнің әріптестеріме ризашылық сезімімді жеткізгім келеді. Нұрсұлтан На­зар­баевқа алғысымды білдіре келе, мы­наны анық әрі нақты түрде атап өтсем деймін: Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ортақ интеграция жөніндегі идеяны сонау, қиын-қыстау 90-шы жылдары-ақ, айт­қан болатын. Сол бір кезеңде «интеграция» сөзі кеңестік кезеңнің лексикасы ретінде дұрыс қабылданбайтын еді. Бір­ақ, соған қарамастан, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы өзінің күш-жігерін аямай, посткеңестік кеңістік шеңберінде ин­те­грациялық үдерістерге бару қажеттігін көпшілікке түсіндіріп, ұғындырып отыр­ды. Оған, әрине, көп уақыт кетті. Бірақ, белгілі бір кезеңге өту жолындағы күш-жігер кез келген күрделі жағдайдың түйінін шешуге көмектесетіні белгілі. Бұл ретте, бүгінгі таңда біздің қолға алып жатқан бастамаларымыздың бар­лы­ғы да көпжоспарлы жұмыстары­мыз­дың нәтижесі дер едім. Бұл жұмыстар тарихи мазмұнға ие болады деп ойлаймын. Сондықтан, мұндай маңыз­ды қадамдар көпшілік тарапынан бүгін де, болашақта да бағаланады деген сенімдемін. Осы орайда, Александр Лука­шен­коға да интеграциялық үдерістер бағытындағы жүйелі жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Мұндай күш-жігер Кеден одағы құрылғаннан кейінгі жүргізілген жұмыстар кезінде де ай­рықша байқалған еді. Сондықтан, мұндай жұмыстардың барлығы да күр­делі келіссөздер кезінде өз септігін тигізіп отырды. Осы орайда, мен өз әріптестеріме жүргізіп жатқан ауқымды жұмыстары үшін шексіз алғысымды білдіремін, деген Д.Медведев өзекті мә­селелерді оңтайландыру жолында күш-жігер танытқандары үшін мемлекет басшыларына ризашылығын жеткізді. Бұдан кейінгі кезекте Ресей Президенті биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағына кіретін «үш­тік­тің» бастамалары мен соған негізделген жұмыстары жүйелі жолға қойылғанын атап өтті. Бүгінде Кеден одағының жұ­мыс тетіктері жандандырылып, норма­тив­тік-құқықтық базасы қалыптас­ты­ры­луда. Яғни, бұл тек «қағаз жүзіндегі» жұмыс емес, я болмаса жаңа құры­лым­дардың дүниеге келуі немесе қандай да бір жұмыс тәртібінің оңайлатылуы емес. Мұндай қадамдар өзара тауар ай­на­лымына да тың серпін берді. Тауар ай­на­лымы күн санап өте жоғары қар­қын­да артып келеді. Ал бұл – біздің басты бағдарымыз. Экономикамыз­дың қарыштап дамуын көздеген ортақ мақсатымыз. 2012 жылдың 1 қаңта­рын­да Еуразиялық экономикалық комиссия өз жұмысын бастайтын болады. Бұл комиссия аясында Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Біртұтас экономикалық ке­ңістігіне қатысты халықаралық келісім-шарттар пакеті іс жүзіне асырылады. Біз биылғы жылдың аяғына дейін Еура­зиялық экономикалық комиссия жұмы­сының іс жүзінде жұмысқа кірісуі үшін бірқатар мемлекетішілік мәселелерді оң­тайландырамыз деген келісімге келді», деді Ресей Президенті. Сондай-ақ ол Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының төрағасына Еуразиялық экономикалық комиссия жөніндегі ке­лісім-шартты ратификациялау жөнінде ұсыныс хат жазып, оған қол қойды. Д.Медведев, сонымен қатар, бүгінгі таңдағы басты мақсаттардың бірі – ол еркін тауар айналымын, капиталды және кеңістік шеңберінде еркін жұмыс күшін қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Болашақта біз бірлескен валю­та­лық және макроэкономикалық саясатты жүзеге асыруды да көздеп отырмыз, деді Ресей Президенті. Оның айтуынша, Кеден одағы қызметінің тетігі іске қосылуы үш ел экономикасының ин­вес­тициялық тартымдылығын жандан­ды­рып қана қоймай, үш ел эко­но­ми­касының модернизациялануына да ықпал ету қажет. Баспасөз мәслихаты барысында айрықша мән берілген тағы бір мәселе 2015 жылы құрылуы көзделген Еура­зиялық экономикалық одаққа қатысты болды. Д.Медведевтің айтуынша, Еура­зиялық экономикалық комиссияның басты мақсаты – үш ел мүмкіндігінің теңдей қамтамасыз етілуі. Ал бұл ко­миссияның қағидалары нарықтық және демократиялық тетіктерге және ең озық деген дүниежүзілік тәжірибелерге негізделіп жасалатын болады. Біз белгілі бір келісімге келе аламыз, белгілі бір мәселені бірлесе шеше аламыз, бір-бірімізді тыңдай аламыз. Ал бұл Қа­зақ­стан, Ресей, Беларусь экономи­ка­лары­ның тиімді интеграциялануына, сол арқылы ондағы халықтар мүдделерінің бірдей дәрежеде ескерілуіне негіз бол­мақ, деді Ресей Президенті. Беларусь Президенті Александр Лукашенко Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде мемлекеттерді дамыту ба­ғытында көптеген идеялар туында­ға­нын, солардың бірі экономикалық ин­теграцияға негізделгенін тілге тиек етті. Бүгінде бұл идея шын мәнінде жүзеге асырылып келеді. Оның бірден-бір дәлелі – Кеден одағы тетігінің тиімді іске қосылуы, үш ел экономикасының ты­ғыз байланыста болуы. Әрине, біздің бастамаларымыздың жүзеге асуы жо­лын­да талмай ізденген, бар күш-жігер­лерін жұмсаған үш елдің вице-премьерлеріне, экономика, қаржы ведом­ство­ла­рының жетекшілеріне алғыс білдіруіміз керек. Біз өзіміз бастаған жұ­мыстардың тек қағаз жүзінде ғана қал­ға­нын қаламаймыз. Оның жоғары дең­гейде жүзеге асырылуын қалаймыз. Бү­гінгі күнге дейін бірқатар тәжіри­белік қадамдарға бардық. Менің ойым­ша, еуразиялық кеңістік шеңберінде қа­лып­тасқан тиімді саясат Қазақстанды да, Беларусьті де, Ресейді де дұрыс бағ­дар­мен әкеле жатыр. Себебі, Еуразиялық экономикалық кеңістіктің жетістігі тек біз үшін ғана маңызды емес, ол бізге көршілес жатқан елдер үшін де ай­рық­ша маңызға ие. Беларусь үшін Қазақ­станмен, Ресеймен арадағы эконо­ми­калық ықпалдастық үдерісі болашақта да жалғаса беретін болады, деді А.Лукашенко. Өзінің сөзінде Беларусь Президенті болашақта Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жұ­мысын жүйеге қоятын бірден-бір маңызды органға айналатынына сенім білдірді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің мем­лекет басшылары деңгейіндегі ал­ғашқы отырысы өткенін көлденең тарт­ты. Бұл отырыс біздің, яғни Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру жөніндегі ортақ қызметіміздің аясында өткізілді. Оның барысында біз Кеден одағын дамыту және Біртұтас эко­но­микалық кеңістік қалыптастырудың негізгі бағыттары туралы бірқатар мәсе­лелерді талқыладық. Кеден одағының тетігі іске қосылған күннен бастап, өзара сауда айналымына қатысты көп­теген кедергілер жойылды, біздің елдер экономикасының инвестициялық тар­тым­дылығы жақсара түсті. 165 миллион тұтынушыны біріктіретін ауқымды рынок құрылды. Отандық кәсіп­орын­дар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Тек өткен жылдың өзінде Қазақ­стан­ның Ресеймен және Беларусьпен ара­дағы тауар айналымы 40 пайызға арт­ты. Ал биылғы жылдың өзінде өнім 46 пайызға жетіп отыр. Өт­кен жылдың желтоқсан айында Мәс­кеуде Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл құжатта үш елдің Еуразиялық экономикалық одақ құруға мүдделілік танытуы көрініс тапқан, деді Қазақстан Президенті. Үш мемлекет басшыларының кездесуі аясында қол қойылған құжаттар жайына тоқталған Н.Назарбаев олар­дың мән-маңызын атап өтті. Бүгін біз Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға қол қойдық. Бұл құжатта Кеден одағының жеткен жетістіктері көрсетілген және 2012 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптас­тырудың тәжірибелік үдерістерін бас­тауға деген біздің ынта-ниетіміз көрініс тапқан. Өзара ықпалдасудың келесі сатысы саналатын Еуразиялық эконо­ми­калық одақ құру мәселесіне көшу жайы, соған қатысты мақсат-міндет­теріміз айқындалды, деді Қазақстан Президенті. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бірінші шешімі аталған комис­сияның жұмыс тәртібін бекіту болып табылады. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағы комиссиясының негізінде құрылады. Сол ар­қылы Еуразиялық экономикалық кеңіс­тіктің ұлттық органына айналады. Комиссия Еуразиялық экономикалық ке­ңіс­тіктің қызметін жолға қойып, өзінің құзыреті аясында арнайы ұсыныстар әзірлеп отырады. 5 жылдық мерзім ішінде бұл органға 175 ұлттық қыз­меттік мүмкіндіктер өкілеттігі берілмек. Олар техникалық оңтайландыруға, сани­тарлық, ветеринарлық және фито­санитарлық бақылауға, сыртқы және өзара сауда байланысы жөніндегі ста­тистикаларға, өзара бірлескен макро­экономикалық және монополияға қарсы саясатты жүргізуге бағытталады. Өзде­ріңіз білетіндей, 2012 жылдың 1 қаң­тарынан бастап 17 үшжақты келісім-шарт жүзеге асырылмақ. Олар Біртұтас экономикалық кеңістіктің нормативтік-құқықтық арқауын қалыптастырып қана қоймайды, еуразиялық инте­гра­цияның сапалық тұрғыдағы жаңа кезеңін анықтауға негіз болады, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте Кеден одағы аясында тауар айналымы еркін қозғалысының қамтамасыз етілуіне жол ашылғанын да атап өтті. Еура­зиялық экономикалық кеңістік аясында жалпыға ортақ нарық қызметі, капитал мен жұмыс күшін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі. Барлық отандық компаниялар Еура­зиялық экономикалық кеңістікке мүше елдердің шынайы монополиялары мен көліктік инфрақұрылымдары қызметіне теңдей қолжетімділікке ие болады. Олардың барлығында да бірдей бәсеке­лестік жағдай қалыптасады. Ал бірдей бәсекелестік жағдай өз кезегінде отан­дық кәсіпорындармен иықтаса отырып, Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше елдердің мемлекеттік тапсырысқа байланысты кез келген трендіне қаты­суға мүмкіндік береді. Еуразиялық эко­но­микалық кеңістіктің өз ішіндегі ең­бек миграциясына қатысты барлық шектеулер алынып тасталады. Атап, айт­қанда, бір елдің азаматы Еура­зиялық экономикалық кеңістікке мүше екінші бір елдің аумағында өкілетті органдардың тіркеуінен өтпей-ақ 30 күндей жүре алады, деді Н.Назарбаев. Жалпы алғанда, мазмұн-мағы­на­сына байланысты біздің ортақ инте­гра­циялық бірлестігіміз ауқымды бірлестік екенін, оның түп негізі халықтары­мыздың өмір сапасы мен әл-ауқатын көтеруге бағытталатыны атап өтілді. Бү­гінде үш елдің ІЖӨ-сі 2 триллион долларға, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығару көлемі 115 миллиард долларға пара-пар көрінеді. Қазақстан Президенті өзінің сөзінде мұндай келіссөздерге жету үшін күрделі кезең­дерді бастан өткізуге тура келгенін, алайда бірлескен бастамалар бүгінгі күн­нің өзінде өзінің жемісі мен нә­тижесін беріп жатқанын атап көрсетті. Сөзінің соңында Н.Назарбаев бірлескен интеграциялық кеңестің қозғаушы күші саналатын Ресейге, оның халқына үл­кен табыс тіледі. Соңынан Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Еуразиялық ин­теграциялық одақ, Еуразиялық эконо­микалық кеңістік, Кеден одағы қыз­метіне қатысты журналистердің сауал­да­рына жауап берді. Мәскеудегі мемлекет басшылары­ның қатысуымен өткен отырыс өзінің маңыздылығымен ерекшеленді. Себебі, бұл күнгі отырыс аясында мемлекет бас­шылары Біртұтас экономикалық кеңіс­тіктің негізгі құжаттарын бекітті. Бұл құжат­тарға сәйкес, Кеден одағы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Бір­тұтас эко­но­микалық кеңістікті жаңа көк­­жиекке көтермек. Бұрын Кеден одағы аясында әр елдің дауыс беру құқығы әртүрлі болатын. Мәселен, Ресейге дауыстың 57 пайызы тиесілі болса, Қазақстан мен Беларуське тиісінше 21,5 пайыздан келетін еді. Ал отырыс шеңберінде Қазақстан Президентінің ұсынысы негізінде келешекте Біртұтас экономикалық кеңістіктегі барлық шешімдер консенсуспен қабылданатын болады. Яғни, барлық елдер – Ресей де, Қазақстан да, Беларусь те ендігі кезекте тең дауыс иеленеді. Бұл, әрине, эко­но­микалық интеграциялық үдеріске мүд­делі кез келген ел үшін үлкен нәтиже. Кеше кешкісін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен бірге Үлкен театрға келіп, «Ұйқыдағы ару» балетін тамашалады.