Жуырда колледжімізде осы міндетті жүзеге асыруға қатысты оқытушылар мен студенттердің басқосуын өткізіп, біраз жылдан бері іске асып келе жатқан жұмыстарымызды пысықтадық. Әсіресе, техника тілін түсінер жастарды қалаған мамандығына дайындап, жұмысқа орналасуын ойластырудамыз. Бұл істе дамыған мемлекеттер саналатын Жапония, Корея елдерінің жұмысшы мамандарын оқыту тәжірибесін басшылыққа алудамыз. Сонымен қатар білім беру мен тәжірибені еңбек алаңында пайдалану жолдарын қарастырудамыз.
Жолдауда мемлекет байлығы адами капитал екені де айтылды. Адами капитал – жастар, заманға сай техникалық мамандыққа иек артып, алдымен өз өмір жолына, одан кейін елдің әл-ауқатын дамытуға жұмсап жатса, ұтылмасымыз анық. Шыны керек, Отанымыз білім саласына қыруар қаржы бөліп отыр. Әрбір мамандықты толық игеріп шығу үшін жастардың теориялық білімін тәжірибеде ұштау – басты міндет. Елбасы бұл ретте «Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастар болашағы үшін», деген еді. Осы сенімнен шығудың басты жолы –төртінші өнеркәсіптік революцияны мүлтіксіз жүзеге асыру деп білеміз.
Білім ордамыздың тарихына көз жүгіртер болсақ, ірге көтергелі бері алпыс жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде мыңдаған кәсіптік маман әзірледік. Уақыт өлшеміне қарай студенттер қазір түске дейін теориялық білім алса, түстен кейін сол білімді тәжірибе алаңдарында көзбен көріп, қолмен іске асырады. Бұл дуалды оқыту жүйесі бойынша орындалуда. Өзіміз жиі айтатын өркениетті елдерде дуалды оқыту баяғыда-ақ шешімін тапқан. Оларда білім мекемесі мен өндіріс орны қатар орналасады. Біз де осы тәсілге қол жеткізе бастадық. Колледж қаладағы өндіріс мекемелері мен ауылды жерлердегі кооперативтермен тығыз байланыс орнатқан. Оған дейін студенттер күнделікті теориялық білімді колледж аумағындағы әр мамандыққа арналған шағын өндіріс орындарында атқарады. Оны кейде студенттер «Өз техника паркіміз» деп жүр.
Білім беру бағдарламаларындағы негізгі басымдық өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс. Сол секілді оқытудың мазмұндылығы заманауи-техникалық тұрғыдан қолдау арқылы үйлесім табу жағы да зор маңыз атқарады. Цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектебімізді бейнеқұрылымдармен жабдықтау жұмыстары да жан-жақты ойластырылған. Мұның бәрі отандық білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп, бәсекеге төтеп беру, сол арқылы нарық талабын терең меңгеру ел экономикасын өрістетуге жастардың үлес қосуын басты назарда ұстау болып есептеледі. Әсіресе, бір профильді мамандықтарды білім бағдарламаларына сәйкестендіру, дуалды оқыту жүйесін жетілдіре беру өзекті.
Біз Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүйелі орындау ісінде кейбір мамандықтардың ауқымын кеңейтіп, өміршеңдігін арттыруға күш салып отырмыз. Жасыратыны жоқ, мамандық өмір талабына сай болмаса, түлегің жұмыссыз қалары сөзсіз. Қазір сұранысқа ие мамандықтар қатарында үйлер мен ғимараттар салу және пайдалану, өндірістік электр-механикалық жабдықтар, жиһаз өндірісі және ішкі санитарлық-техникалық құрылғылар, желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді пайдалану, сәулет, қыш өндірісі, тағы басқалары бар. Бұл мамандықтарға колледж біраз жылдан бері әзірлеп келе жатыр. Олар оқи жүріп, болашақта жұмыс істейтін мекемелерін қазірден бастап айқындап алады. Бұл – сұранысқа сай маман дайындау. Колледж ұжымы алдағы уақытта да осы қадамын жалғастырып, дәуірге сай кадр дайындауды іске асыра бермек.
Орынбай ҚУАНЫШБАЕВ,
С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің директоры