Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Ел мұраты – мәңгілік ел

5982 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің өліара кезеңі­ндегі қиындықтар, тығырыққа тірел­ген тұстар, жеңістер мен жеміс­тер – бәрі-бәрі көз алды­мыз­­да. Еліміз жаңғыртудың үш толқынын бастан кеше отырып, қалыптасқан, дамыған мемлекет деңгейіне жетуі шұрайлы тілмен, нақты мысалдармен баяндалып, қазіргі көпэтносты қазақстандық қоғамды іштей біріктіруші фактор ретіндегі ұлттық идеяның рөлі ерекше атап өтіледі. 

Ел мұраты – мәңгілік ел

Мұны «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының негізгі өзегі, басты ұстанымы десе де болады. Өйткені елдік мұрат жолында бабаларымыз әр кез татулықты, бірлікті нысана еткен. «Алтау ала болса, ауыз­дағының кететінін» жақсы түсін­ген. Сын сағатта туған жер­­ге деген перзенттік парызын өтеу­­ді бәрінен биік қойған. Осы се­беп­ті тағылымы мол еңбекте «Мәң­гілік ел» жалпыұлттық қазақ­­стандық идеясының негіз­де­рі жан-жақты сараланады. Жаһан­дану дәуірі кезінде ұлттық идеяның егемендікке қызмет етуі, идеологиялық қауіпсіздікті нығайту айрықша маңызды. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық идея – бұл демократиялық ашық қоғамның, әділеттіліктің идеясы, жа­ңа рухани-игіліктік кеңістіктің қалыптасуы мен соның негізін­де әрбір этностың ұлттық сана­сы­ның қайта түлеуінің, келісім, бей­бітшілік және саламатты өмір­дің кепілі ретіндегі күшті өр­кениетті тәуелсіз мемлекетті құ­ру идеясы екендігі кеңінен ашып көрсетіледі.

Кітапта ұлтты ғұмыр бойы тұ­тас­тырып келген, бола­шақ­қа да тастүйін топ­тас­қан қалпымызда жетуге жәр­дем­де­­сет­ін ұлы тетіктердің бірі – ана тілімізге деген ыстық ықы­лас, жылы сезім самал желдей есіп отырады. «Бүгінгі таңда ана тілін білу әрбір қазақтың па­ра­сат­тылық және ұлттық қа­жет­ті­гіне» айналғаны даусыз. Мем­лекет те қазақ тілін дамыту үшін, ең бастысы, институттанған мүмкіндіктер жасап беріп отыр­ғаны айдай шындық. Ұлт­тық тұтастығымызды, өзін­дік болмыс-бітімімізді сақ­таудың тағы бір кепілі – ұлт­тық мәдениет және қазақ хал­қы­ның мәдениеті еліміздегі бү­кіл мәдениеттерді біріктіруші рөл атқаруға тиіс делінген ең­бек­те. Қазақ мәдениетінің мұн­дай қуатына күмәнмен қарау­шы­лар­дың күдігін нақтылы дәлел­дер­мен сейілте отырып, автор ұлттық мәдениеттің сипатына біліктілікпен талдау жасайды. Расында да әлемдік қауымдастық құрамындағы өзіндік болмыс-біт­імімізді, төл дүниетанымымыз бен ұлттық мәдениетімізді серік етіп қана сақтап қала алатынымыз анық. Ұлттық бірегейлену, негізінен, қазақ ұлтының өз ішін­де өтуі қажет деп есептейді Елбасы. Сонда ғана ұлттық мем­ле­кетін құрып отырған ұлт өзге эт­ностық 135 топты құ­ра­мына кі­ріктіріп, әлемдік қауым­дас­тыққа біртұтас халық ретінде таныла алады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жы­лын­да Қазақстандағы өзге ұлт­тар өздерінің тарихи отанына кө­ше бастады. Оны табиғи түсі­ніс­тікпен қабылдасақ та осы тұс­та көптеген ауылдар мен мо­ноқалалар қаңырап бос қалды. Бұл экономикаға кері әсерін тигізді. Бірақ шетелдерде атажұртына келуге ынтығып отырған бес миллионнан астам қандастарымыздың атажұртқа орала бастауы тарих бетіне тең­дес­сіз оқиға ретінде жазыл­ды. Қазақстан Республикасы өзі алғаш құрылған күннен бастап қандай қиын жағдайларға тап болғанына қарамастан, сырттағы қандастарымызға көмек беруді назардан тыс қалдырған емес. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтар тұратын мемлекеттер басшыларымен кездесулерінде олардың хал-жағдайына қатысты мәсе­лелер сан мәрте ресми түрде қоз­ғалды. Қазір атажұртына бір­тіндеп оралуына, азаматтық мәртебе алуына, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етілуіне Үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда.

Елбасы өте маңызды елдік мәселелердің бірде-бірін айналып өтпейді. Сол арқылы тақыр жерде мемлекет құрудың қаншалықты ауыр мехнат екенін ұғындырады. Мәселен кітаптың 266-бетінде «Кеңес Одағы ыды­ра­ған сәттен осы күнге дейін шека­расын бекемдеп үлгермеген елдер әлі бар. Ал Қазақстан көр­ші елдермен сызығын нақ­тылап алды. Бұл жұмыс 2005 жыл­ға дейін жүргізілді. Жос­пар­­лаған уақыттан 2-3 жыл бұ­рын аяқталды», деп баяндалады. Бар­лық көрші елдермен шекара мә­селесі оңтайлы шеші­ліп, ха­лық­аралық-құқықтық тұр­ғы­дан ресімделуі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету­­дің іс жүзіндегі нақты құралы бола алды. Осы кезден бастап 14 мың шақырымдық құрлықтық мем­­л­екеттік шекараға ие бол­дық.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – дәуір айнасы, жасампаз мем­ле­кеттің жылнамасы, іргелі эн­циклопедиялық еңбек деген пі­кірлерге алып-қосарым жоқ.

Халқымыз ежелден отан­сүй­гіштікті, патриотизмді паш ететін ұят, ар, намыс, рух сияқты асыл қасиеттерді ұрпақтың санасына жасынан сіңіруге күш салған. Қазақтың ұлттық рухының тағы бір биік көрінісі – ата-ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, кішіні қадірлеу. Шынайы патриотизм – жалпыадамзаттық құн­ды­лықтардың шыңы іспеттес, бас­қа халықтарға, ұлттар мен ұлыс­тарға сыйластықпен, адам­гершілікпен қарауды көздейді. Қазақстан сияқты көп ұлтты мем­­лекетте жекелеген этнос өкіл­­дерінің ұлттық патриотизмі ел­де тұратын барлық халықтың ор­­тақ патриотизмімен тұтаса бай­ып отырады. Осы­лайша жал­пы­қазақстандық пат­риотизмнің даму дәрежесі ұлт­аралық қарым-қатынас мәдениетінің деңгейін сипаттайды. Бүгінгі таңда қазақ­стандық патриотизмнің орнықты үлгілері мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Пре­зидентіміздің қай еңбегін алсақ та, өне бойынан сұңғыла саясаткерге тән парасат-пайым анық аңғарылып отырады.                          

Сағындық САЛМҰРЗИН,

Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығы облыстық  филиалының төрағасы

Солтүстік Қазақстан облысы