Бүгінде Баянауылдың жазғы-қысқы туризм әлеуеті таңғаларлықтай. Шағын авиацияға арналған аэродром да салынып жатыр. Инфрақұрылым дегеніңіз керемет, аудан бойынша 45 шақырымға жарықтандыру желісі тартылып, 1700 жарық бағана орнатылып, 2000-нан астам шам қойылыпты. Туристерді қарсы алуға дайын. Алайда ұялы байланыс аясынан тыс қалған ауылдар ренішті.
Көзбен көргенімізді айтайық. Біз жолсапармен барғанымызда Ақсаң ауылы ұялы байланысқа да, кең жолақты интернетке де қосылмағанына куә болдық. Ауыл аудан орталығының іргесінде орналасқан, 1 мыңға жуық халық тұрады. Дәл жанында Мырзашоқы деген шаңғы кешені салынып жатыр. Бұл құрылысқа 350 миллион теңге жұмсалған көрінеді. Ауылдықтардың айтуынша, Мырзашоқы тауына дейін қосымша электр жүйесі тартылыпты. Ал Ақсаңда қыс айларында, тіпті жазда да электр жарығы тәуліктеп сөніп қала береді. Сондықтан тұрғындар биліктен қосалқы станса орнатып беруді сұрап отыр.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, ұялы байланыстың тартылмауына себеп – ауылдардағы тұрғындар санының азаюы. Халық саны 500-ден асқанда ұялы байланыс желісі орнатылады.
– Байланыс жоқ емес, бар. Барлық ауылда бұрыннан бері тартылған үй телефондары қосылулы,– дейді олар.
Ауылдардың халқы ұялы байланысқа қосылу жайлы өтініштерін Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне де жолдаған. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшілері де мәселе көтерген. Нәтижесінде өткен жылы ауданда «КаР-Тел» ЖШС Beeline ұялы байланыс желісін тартуды бастапты. Қазір аудандағы 38 ауылдың 31-і ұялы байланысқа қосылыпты. Шалғайдағы Құндыкөл және Жұмат Шанин ауылдарына енді ұялы телефон арқылы хабарласа аласыз. Қаражар, Біржанкөл, Көкдомбақ, Қойтас, Ақши, Ұзынбұлақтың Ақшиі, Мыңбұлақ ауылдарын байланысқа қосу үшін ұялы телефон операторларына қосымша хат жолданыпты. Жаңажол, Желтау, Күркелі ауылдық округтері де ұялы байланыстың қосылуын асыға күтуде. Бұл жерлерде аудан бойынша мал бағатын 444 шаруа қожалығы, 25 отарлы мал фермасы бар.
Ауыл халқы алыстағы ағайын, студент балаларымен байланысу үшін ұялы телефонның қолайлы екенін айтады. Заманға сай өзге елдерден қалғылары келмейді. Озық уақыттың озық жаңалығы ауылға да қолжетімді болса дейді. Ал билік қарапайым ауыл халқының туған жердің тау-тасын, көлдерін сақтап, туризм өркендейтін аумақта тұрып жатқанын ескерсе игі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы