Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Әлемдік стандарттарға сай өнім

394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағ­дарламасы қабыл­данға­нына да бірнеше жылдың жүзі ауып барады. Оның алғашқы нәтижелері туралы айтатын да уақыт келген секілді. Әңгіме желісін әрі қарай тарқатсақ, Ақтөбе рельс арқалығы зауытын қазақы ұғымға салғанда аталған бағдарламаның төл перзенті деуге әбден болады. Өйткені инновациялық ба­ғытқа бет бұра білген ол бағ­дарламаның аясын­да 2016 жылдың маусым айын­­­да пайдалануға бе­рілген. 

Әлемдік стандарттарға сай өнім

Ал 2017 жылдан бастап мұнда өнді­рісті өркендету және бұрын болмаған жаңа бағыттарды игеру мәселелері жолға қойылды.

Талас туғызбайтын бір айқын жайт бар. Жақында ашылған кәсіп­орындар бүгінгі еңбек нары­ғында жаңа көкжиектерді бағын­дыра алмаса, алысқа бара алмайды. Бұл ретте тұсауы осыдан екі жыл бұрын кесілген Ақтөбе рельс ар­қалығы зауыты отандық және шетелдік тапсырыс пен сұраныс иелерінің назарын бірден өзіне аударды. Театр киімілгіштен басталса, өміршең өндіріс ең алдымен тиісті өнім өндіру үшін сертификаттар алудан басталады. Жаңа өндіріс орнының басты табыстарының бірі қысқа уақытта Д.Т-350 категориясына сәйкес қазақстандық және ресейлік сертификаттарға қол жеткізгені болып отыр. Осы арқылы мұнда зауыттың басты өнімдерін 2022 жылға дейін сериялы тұрғыда өндіруге алғышарт қаланған.

Ақтөбе рельс арқалығы зауы­тының басты өнімі, өз атауынан көрініп тұрғандай, темір жол ма­гис­тралінің ең қажетті құра­лы – рельс. Оның негізгі тапсырыс берушісі «Қазақстан те­мір жолы» ұлттық компания­сы екені түсінікті. Сонымен бір­ге зауыт өнеркәсіптік және тұр­ғын үй құрылысы кәсіп­орын­да­рының сортты прокатқа деген қажеттілігін де өтейді. Кон­вейерден бүгінгі заманауи өндіріс пен құрылысқа қажетті өзге өнім түр­лері шығарылуы да оның оң­тайлы коммерциялық саясатын ай­қындай алады.

Қазіргі таңда зауыт темір жол рельс­терін таяу және алыс шетелдерге де жөнелтуде. Оның тұ­ты­нушыларының алдыңғы қатарында Ресей, Беларусь мем­лекеттері мен Орталық Азия рес­публикалары тұр. Осы орайда, Ақтөбедегі өндіріс орнының бас­ты мақсаттарының бірі темір жол рельстеріне салынатын экспорттық және кедендік алымдарды төмендету болып отыр. Бұл мақсат алғашқы кезде қол жетпестей көрінгенімен, қазір­гі күні сеңнің көбесі сөгілгені ай­қын байқалады. Оның оңтайлы түр­де шешілуіне жергілікті атқа­рушы билік органдары да нақты қолдау көрсеткенін атап өту керек.

Ақтөбе рельстерінің Ресейде және ТМД ауқымында өндірілетін осы тектес өнімдерден өзгешелігі әрі басты артықшылығы – жоғары жылдамдықтағы темір жол магистральдары құрылысының та­лап­тарына сәйкестігі. Оның үстіне Қазақстанда өндірілетін рельстердің ұзындығы Ресейдегі өніммен салыстырғанда 20 сантиметрге ұзын. Бұл артықшылыққа заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтардың арқасында қол жеткізілген.

Ақтөбе рельс арқалығы зауы­ты­ның экспорттық өнімдеріне ре­сей­лік компаниялардың назары айрықша ауып жүргені де шындық. Айталық өткен жыл­дың қараша айын­да Ақтөбеге ар­найы сапарымен келген Ре­сей Федерациясы үкіметі төраға­сының бірінші орынбасары Игорь Шу­валов өңірге келгендегі бас­ты мақсаты өздеріндегі темір жол құрылысы үшін осында шы­ғарылған рельстерді сатып алу еке­нін айтты.

Дұрыс-ақ, отандық өнімді сатып аламын деушілерге қарсылық жоқ, әрине. Бастысы оның еліміз үшін ыңғайлы және тиімді баға­ға өткізілуінде емес пе?! Осы басқосуда Ресейлік лауазым ие­сінің қазақстандық өнімді тө­мен бағаға алғысы келетін ойын да аңғарып қалған едік. Өйт­кені ол бұл қазақстандық зауыт Қазақстан-Ресей бірлескен кә­сіп­орны екенін, оған қажетті ши­кізат Ресейден алынатынын бір­неше рет қайталап айтып өтті. Әй­тсе де Қазақстан Премьер-Ми­нистрінің бірінші орынбасары Ас­қар Мамин мен Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың дә­лелді тұжырымдарының нәти­жесінде қазақстандық рельс өнім­дері екі жаққа да тиімді бағаға өткізілетін болғанының өзі бір мерей. Барымызды бағалай білудің бір мысалы да осы.

Инновациялық кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 430 мың тонна өнім шығаруға лайықталған. Оның тең жартысына жуығын темір жол рельстері құраса, осы уақыт ішінде 230 мың тонна прокат әзірлеу көзделген. Отандық өндірісшілер өздерінің толық қуатына қашан қол жеткізіп, қай кезде толық қайтарыммен қызмет атқара алады? Бұл сауалға жауап беру үшін кәсіпорынның алғашқы құрылған кезеңіне тағы бір ой жүгірткеніміз жөн. 2016 жылдың маусым айында іске қосылған зауыт кейінгі жартыжылдықта 75 мың тонна өнім шығарып үлгерген. Ал өткен 2017 жылдың қорытындылары туралы айтар бол­сақ, өнім көлемі алғашқы жыл­мен салыстырғанда 138,3 мың тоннаға артқанын көреміз. Биылғы меже қандай? Оған зауыттың бас директоры Андрей Кузьмин төмендегіше жауап қай­тарды.

– Биыл алдымызда тұрған бас­­ты міндет – 300 мың тонна өнім шығару, осы арқылы өнім­­нің барлық түрлері бойын­ша алдын ала болжамдалған өн­діріс көлемін 71,3 мил­лиард тең­геге жеткізуді жоспарлап­ отырмыз. Ол үшін бұған дейін басталған технологиялық жаң­ғыр­ту жұмыстарын одан әрі жал­ғастырамыз. Біз бұл жұмысты қомақты инвестиция тарту арқы­лы шешу жөнінде ұжымдық ұйға­рымға келдік.

Ақтөбе рельс арқалығы зауы­тының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу барысында мұнда эко­но­микалық және өндірістік тиім­ділікке жету үшін нақты істер қарас­тырылатыны белгілі болды. Соның бір мысалы – зауыттың өз электр стан­сасының болуы. Қо­­сымша құ­рылым өндіріс іске қосылғаннан бері үздіксіз жұ­мыс істеп келеді. Дербес қуат көзі өнімнің өзіндік құ­нын төмендетудің басты бір жо­лы екені белгілі. Оның көле­мі өндірістік үдерістерді жүр­гізуге толығымен жетіп, тіпті арты­лып та қалады екен. Ұжым жетек­шілері қажеттіліктен ауысқанын сатып пайда тауып жатқаны да ілкімділіктің белгісі екені хақ.

Қазір зауытта 770 маман жұ­мысшы мен инженер-техник қызметкер еңбек етеді. Орташа айлық еңбекақы 219 мың теңге көлемінде. Әр жұмысшының тұтастай еңбек өнімділігін арт­тыруға қалай әсер ете алатыны нақты көрсеткіштермен есеп­теліп отыратынын да айта ке­тейік. Қолымызға тиген деректер алдыңғы жылдармен са­лыстырғанда биыл еңбек өнім­ділігі әлдеқайда арта түскенін көр­сетеді.

Таяуда Ақтөбе рельс арқалығы зауытында жылды қорытындылап, алда тұрған міндеттерді талқы­лау­­ға арналған жиын өткен болатын. Осы жиында облыс әкімдігі, кә­сіпорын басшылығы және аумақ­­тық кәсіподақ бірлестігі ара­сын­дағы үшжақты келісімге қол қойылды. Құжатта еңбек қа­тынастарын реттеу әрі оны жүйелі жолға қою, сонымен бірге ұжым мүшелерін әлеуметтік ке­піл­діктермен қамтамасыз ету мә­селелері қарастырылған. Сон­дай-ақ қабылданған құжат өңір­дегі жоғары және арнаулы оқу орындарының кәсіпорын сұра­нысына сай мамандар әзірлеуіне жол ашады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ