Жайнақтың әкесі Абақ Құдайназаров та 1845 жылы маусымда Ресей бодандығын қабылдау туралы өтініш берген Ұлы жүздің бір топ билері арасында болған. Бұл өтініште: «Егер басшылыққа ыңғайлы болса, осы жазда Қараталда дуан ашылуын өтініп, Ресей үкіметінің қарамағына өтуді қалайтынымызды жоғарыдағы басшыларға жеткізуін сұраймыз» делінген. Бұл құжатқа сұлтан Ақымбек Құланов өз мөрін қойып, албандардың айт-бозым, сегіз-сары, қызылбөрік, қоңырбөрік, алжан билері: Абақ Құдайназаров, Тұманбай Орынтаев, Баташ Оразбеков, Бердіқожа Әжібаев, Қожағұл Райымбеков, Сарыбас Есдәулетов, Пұсырман Қонысбаев тамғаларын қойғаны көрсетілген.
Жайнақ Абақұлы әйгілі Тезек төренің қол астындағы сенімді билерінің бірі болған. Ол 1850-1855 жылдары ел аузына ілігіп, көптеген дауларда әділдігімен көзге түседі. Шоқан Уәлиханов 1856 жылы Алтынемел сапарындағы жазбаларында айт-бозым биі Жайнақтың есімін атап өтеді.
Атақты саяхатшы Семенов-Тянь-Шанский «Путешествие в Тянь-Шань. 1856-1857 г.» деген еңбегінде албан мен дулаттар арасында туындаған дауды шешуге жиналған билер съезіне қатысқан Жайнаққа ол: «Лучший знаток обычного права» деп баға береді. Өйткені ол қазақтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын жетік білетін, елге сыйлы адамның бірі еді.
Жетісудың ХІХ ғасырдағы саяси тарихында, сонан кейін жалпы қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі – Абылай ханның ұрпағы Тезек төре албан руын басқарған аға сұлтан болғаны белгілі. Оны албанның ақсақалдары ханнан барып сұрап алған. Себебі өздеріндегі төрелері өзара қырқыса беріпті. Тезек төренің жасы ұлғайған кезде көрген, барым да, байлығым да деп сенім артып жүрген ержеткен ұлы қайтыс болады. Алайда ақсүйектен шыққан тәккаппар Тезек төре Алланың жазмышын мойындағысы келмей, «Осыншама дүниені енді кім басқарады?» деп өзіне жақын баласын құшақтап, өлігін көмуге бермей жатып алады. Небір билер, беделді адамдар келіп Тезек төренің бұл қылығы дұрыс емес екендігін айтып, баланың денесін жерлеуге беруін өтініп, көндіре алмайды. Мұны естіп, ол кезде небәрі 13-14 жаста болған Жайнақ: «Бұл дауды мен шешем, аға сұлтанның алдына апарыңдар» дейді. Оны үлкендер жағы: «Мықтылар көндіре алмағанда, сен шеше алам деп отырсың ба?» – деп кідіртеді. Бірақ басқа амалдары қалмағаннан кейін, бала Жайнақты байқап көрелік деп сұлтанның ордасына апарады.
Ордаға кірген Жайнақ: «Тезек төре, басыңды көтер!» – деп үкімді дауыспен үн қатады. Оған бұлай дауыс көтеріп ешкім сөйлемегендіктен, Тезек төре бірден жалт етіп басын көтереді. Сонда Жайнақ:
– Сені ұлыңның артынан бірге кетейін деп жатыр деп естідім. О дүниеге аттанбас бұрын артыңдағы екі ру арасындағы үлкен дауды шешіп кет. Албаннан шыққан бір ауқатты бай көшіп-қонып жүрген кезде ат басындай алтынын жоғалтып алған екен. Оны арғыннан шыққан жігіттер тауып алып, иемденіп бермей жүр. Жеме-жемге келгенде екі жақтың жігіттері: «Алтынды бермесең, тұрар жеріңді айт» – деп қаруларын саптап, соғысқа дайындалып жатыр. Екі ру арасында үлкен қантөгіс болмай тұрғанда осыған төрелігіңді айтып кет» – дейді. Сол кезде Тезек төре:
– Арғындар ат басындай алтынды иелеріне қайтару керек – дейді. Жайнақтың күткені де осы жауап болатын:
– Ендеше Тезек төре сөзден ұсталдың. Аллам саған ұл берді. Бала алтыннан артық. Сен де өзіңе берген сол ұлды алтыннан артық көріп отырсың. Аллаға ол керек болды, өзі қайтып алды. Сен оған араша тұра алмайсың. Сол себепті ұлыңды жерлеуге бер, – дейді Жайнақ. Сөзге тоқтаған Тезек төре амалсыз жеңілгенін мойындап, ұлын жерлеуге берген екен дейді. Бұл аңыз әңгіме ел аузынан алынған. Осы кезден бастап Жайнақ билігімен ел көзіне түсе бастаған.
1859 жылы Жайнақ би Алтынемелде жерленіп, кесенесі тұрғызылған. 1999 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Голубиновка ауылына Жайнақ батырдың есімі берілді. Ол жердегі мәрмәр тақтайшаға жазылған Сарыбас ақынның Жайнақ туралы өлеңінде:
«Абақтың ұлы Жайнақ-ты.
Батырлығын айтайын –
Қылышын тасқа қайрапты.
Шешендігін айтайын –
Бұлбұлдай тілі сайрапты.
Қолы күшін айтайын –
Әркімнің жәйін ойлапты» – делінген.
Жетісу энциклопедиясындағы мәліметтерге сүйенсек, Жайнақтың ұлы Жансерке де (1839-1912 жж) әкесі сияқты би, болыс болған. 1865 жылы патшалық Ресей үкіметі қазақ даласының Жетісу өлкесі мен оңтүстік өңірін Ташкентке дейін өз құзырына енгізіп алғаннан кейін, жаңа әкімшілік жүйе енгізу қарсаңында Алатау округінде руластық негізде болыстықтар құрыла бастайды. Сол жылы айт-қыстық руы болысының басқарушысы болып Жансерке Жайнақов сайланады. Ол әкесі Жайнақ бидің ерлік жолын, елдік дәстүрін жалғастырып, 1865-1891 жылдар аралығында – 24 жыл айт болыстығын басқарады. Жансерке Райымбек ауданы Сүмбе ауылына бір ауыл ұйғырларды көшіріп алып келіп, Жайылманың жазығы деген жерге егін салдырып, осылайша халықты отырықшылыққа баулыған. Ел басқарудағы қызметі үшін Жансерке Жайнақұлына подпоручик шені берілген. Ол 3-дәрежелі Әулие Станислав орденімен, Анна лентасына ілінген кіші алтын медальмен және бірнеше рет 2,3-дәрежелі шапандармен марапатталған. Өзі болыс болған өңірден алғашқылардың бірі болып қажылыққа барған.
Аталарымыздың би, батыр болып, еліне еңбегі сіңгенін біліп жүру қандай бақыт. Ата-бабасы тұрмақ, шыққан тегін бергі аталарынан қайыратындар саны дендеп келеді. Үлкен аталарын айтпаса, оларды ажыратудың өзі қиын. Сондықтан да қазекем «Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» деген ұлағат таратқан. Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын осы қағида. Бүгінгі балаларымыз осы сөздің қадіріне жетсе, қазақ баласының бесігі түзелсе, ел еңсесі биіктей берері сөзсіз.
Назгүл НҮСІПҚОЖА
АЛМАТЫ
Суретте: Албан билері Жайнақ (ортада), Адамқұл (оң жақта) және Тезек сұлтанның тілмашы. П.М.Кошаровтың суреті. 1857 жыл