Фото: Советбек МАҒЗҰМОВ
Мұның біз неге айтып отырмыз? Иә Біржан бабамыздың өзгеге ұқсамайтын өмірі мен өнері хақында жуырда елордамыздағы «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры дайындаған ғажайып концертке куә болған едік қой. Біржан салдың шығармашылығына арналған «Айбозым» атты сол өнер тойында ақын Баянғали Әлімжанов «Биылғы жылды Біржан салды ардақтау жылы деп атасақ та болады. Алдымен, Елбасы Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып аталса, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» драма-диалогы сахналанды» деп елдің еңсесін көтерер көшелі сөз бастады.
Біз тамашалаған таңғажайып кеш Біржан әндері бағындырған жаңа белес болатын. Шын мәнінде Біржан әндерін бірыңғай орындаудан біз жалықпаспыз, бірақ өнер дамымайтыны анық. Хордың көркемдік жетекшісі және дирижері, белгілі мәдениет қайраткері Гүлмира Құттыбадамова бастаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, халықаралық ән байқауларының лауреаттары Жақсыгелді Маясаров пен Данияр Мұқан және «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың тарихи, мәдени, рухани құндылықтарын насихаттап, Біржан әндерін жаңа қырынан камералық хормен жұртшылыққа ұсынғаны осы сөздерімізге айқын дәлел.
Ахмет Жұбанов бірде Біржан «қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы» деген екен. Аталмыш кеш те тура сондай салтанатпен басталып кетті. Қоянды жәрмеңкесіндей Қараөткел бойындағы қызықты кешті Жақсыгелді әнші «Айтбаймен» ашты.
Бос сахна бір сәтте сымбатты, көркем, орыс-қазағы аралас 38 әншіге толды. Алдарында дирижер Г.Құттыбадамова. Отыз сегіз әнші кенет сілтідей тына қалып, көңіл-күй кемесінің капитанына қарап ішкі дауыстарын тыңдап тұрғандай үнсіз қалды. Олар бір кезде баяу ыңылдай бастады. Түрлі-түсті әлем. Көкшенің көгілдір алқапты ормандарынан жеткен көкектің үні құлағымызға келе жатыр. Құбылып, құлпырып шыққан әуезді ән бұрынғы біз естімеген иірімдерге тартып барады. Біз естімеген «Көкек». Біржанның сайрандап келе жатқан сал дәурені сахнаны тастап біржола көне көкірекке көшіп алған. Арқа-басымызды шымырлатқан әуезді әлем сонау Біржан заманына жетелеп әкетті дерсің...
Бөлек тыныс, бөгеліссіз келесі ән, келесі классика... Бір деммен шырқалған «Алқаракөк», «Бурылтай», «Ғашығым», «Ақ жорғажан» бәрі-бәрі қазақ даласынан Еуропа төріне көшкен. Біржан әндері фрак киіп, пырақ мініп аппақ сарайларда жүр. Біз осы жерде әр әнге жаңаша жан бітірген, хорға өңдеген Г.Ахметова, Д.Мацурин, Г.Бекбосынова, К.Боранбаева, С.Бәйтереков, Б.Демеуов еңбегін айта кеткеніміз де жөн.
Бір ерекшелігі, аталмыш кеш тек камералық хордың өз орындауларындағы Біржан әндерімен шектелмеген. Әр қадам сайын жаңа тыныс, жорға екпін тыңдармандарды тыңға сала түседі. Белгілі әнші Қ.Құлышевамен бірге шырқаған «Жонып алды» әні, «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблімен бірге орындаған «Он саусақ» әндері де әлем классикаларымен иық тіресіп, тіпті олардан да бай табиғатпен Біржан күрделене түскен. Мың түрлі бояумен көрермендердің көңіл көкжиегін күймен көмкеріп кетті. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы шырқаған Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», Ақан серінің «Қараторғайы», Сәкеннің «Тау ішіндесі» де біртұтас қазақ ән өнеріндегі биік мәдениетті айғақтап, құлақ құрышына қанық естілді.
Әр әнге әр беріп тұрған тек қана камералық хор емес, Біржанның табиғаты мен тағдыры да бөлек жырланып жатыр. Біржанның әрбір әні бұл орындаушылардан ерекше вокалдық қабілетті, мінез бен күшті талап ететіндей. Біржан өлеңдері – қазақ музыкалық шығармашылығының інжуі іспетті.
Біржанның өмір соңында әндері амалсыз мұңға толып, қайғыны көрсетті. Хордың Д.Мұқанмен бірге шырқаған «Теміртас» әні осы көңіл-күйді тереңнен толғай жеткізген кезде көрермендер көзіне жас іріккен еді. Бәрі шынайы, дауыс та, дала да, дарын да... Бір сөзбен айтқанда, камералық хор Біржандай біртуар тұлғаның ішкі дауысы мен сыртқы дауысы бірдей екендігін бізге әйгіледі. Ертең әлемге осы жауһарды көрсетер күн тусын деп тілейміз, әрине.
Бұл хорды біздің бүгін ғана біліп жатқандығымыз қынжылтады. Өйткені мұндай концерттер күнде көрсетіле бермейді. Экраннан мүлде жырақ өмір сүріп жатыр. Эстрада есімізді алып, камералық хорлар қор болып құмыққандай кеп. Ара-арасында жарқ еткенінің өзінде аталмыш топ халықаралық байқаулардың лауреаты, оның ішінде Халықаралық «Шабыт» XVII шығармашыл жастар фестивалінде Бас жүлде, Бүкіләлемдік хор олимпиадасында екі алтын медаль, Бүкіләлемдік хор форумында екі алтын кубок, «Жұбанов көктемі – 2012» Халықаралық байқауында Бас жүлдені жеңіп алған. «Қандай марапатқа болсын лайық дейміз» қошеметімізді еселеп соғып жатып...
Кештің бір жағынан бұлай ақсүйек өнермен өрнектелуі заңды дер едік. Тарихтан білетініміздей, Біржан сал текті, затты, шынжырлы тұқымнан шыққан. Оның әкесі Қожағұл Қытайға екі рет елші болып барған. Өзі би, өзі батыр, өзі түйе палуан болған кісі. Оның алтыннан жасалған қанжарын, күмістен қақтаған ер-тұрманын заманында Шоқан Уәлиханов Петербургтің өнер көрмесіне қойғызған. Текпен келген өнердің текке кетпейтіні осы мысалдардан-ақ көрініп тұр. Сол себепті де, Біржан салдың кез келген шығармасы драмаға толы болып келеді. Біржан-Сара айтысын алайық, атақты «Теміртас» әні болсын, олардың ішінде бір ғана адамның өмірі емес, ұлттың болмыс-бітімі, тағдыр тұтас талайы жатыр...
Текті ақын кекті заманға тап келіп таршылық көрсе де, бұл күні Біржан жұлдызы қайта туып келе жатқандай. Оның өзі тәлім алған Сегіз сері, Дүйсен сері, Нияз сері, одан кейін Біржанның шекпенінен шыққан Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Доскей, Шашубай, Құлтума, Қанапия сияқты дарындардың дәстүрі бұл күнде даңғыл жолға айналған. Қазақтың осындай ән-күй мәдениеті барда Біржанның аты әрқашан шарықтай бермек.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»