Kantar TNS агенттігінің таяудағы мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 75 пайызы интернеттен өзіне қажетті ақпарат іздейді. Ал 54 пайызы жеке, отбасылық немесе жұмыс бабындағы мәселелерін осы ақпарат құралы арқылы шешеді.
Олардың қатарында электронды үкіметті, коммуналдық, интернет-сауда және басқа қызметтерді пайдаланушылар бар. Міне, осындай өмірлік пайдалы қызметтің қатарына интернет арқылы үйрету немесе үйрену де жатады. Оны «қашықтықтан оқыту» деп те атайды. Оқудың бұл түрінің білім берушіге де, білім алушыға да тиімділігі – аз шығынмен тез жүзеге асырылады. Сондықтан да оның қызметін іргелі оқу орындары да пайдаланады. Ал шағын білім орталықтарының, репетиторлардың, бизнес-бапкерлердің, коучинг пен тренерлердің өз аудиториясын жасақтаудағы басты артықшылығы осы – аз шығынмен тез білім беруі. Бірақ «арзанның жілігі татымас» деген мақал да түседі еске. Сән түзеген ғимараты, кітабы сірескен кітапханасы, жарақты оқу зертханасы мен аудиториялары жоқ жалаңқол мектептер қандай сапалы білім беруі мүмкін деген сұрақтың қылтия қалатыны да рас.
Интернет әлеміндегі білім беру жайын жақынырақ білу үшін осы пайдалы іспен шұғылданып жүрген азаматтардың бірі Арман Қасыммен сұхбаттасуды жөн көрдік. Алғаш рет ол кісіні Қазақстанда тұңғыш рет өткен қашықтықтан оқытуды дамыту жөніндегі конференцияда көрген едік. Сан-салалы бағыт бойынша білім беріп, мамандықтар даярлайтын еліміздің ең ірі оқу орындарының, квазимемлекеттік білім құрылымдары мен оқу орталықтарының өкілдері жиылған конференция спикері Арман Қасым туралы әріптестері Қазақстанда онлайн білім берудің алғашқы қарлығаштарының бірі екенін айтты. Ол Қазақстандағы ең ірі Edumart.kz білім беру порталының, сондай-ақ Edunet.pro интернет және онлайн-бизнес мамандарын даярлайтын мектебінің негізін қалаушы әрі жетекшісі екен. Сонымен екеуара әңгіме былайша өрбіді.
– Арман, формалды емес білім беру қызметінің ерекшелігі неде?
– Формалды емес білім беру қызметіне мемлекет лицензия бермейді. Демек, оның жұмысын тікелей қадағаламайды. Бірақ дәстүрлі білім беру жүйесінің мектептері мен жоғары оқу орындары әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге баяу икемделетіні байқалғаннан кейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының білім министрлері 1996 жылы барлық адамдарды өмір бойы үздіксіз оқытудың стратегиясын жасауды ұйғарды. Соған сәйкес Үкімет дәстүрлі білім беру жүйесімен бірге өмір талаптарына тез икемделгіш дәстүрлі емес білім беру қызметтерінің дамуына да ықпал етіп келеді.
– Білім берудің бұл нарығының Қазақстандағы жай-күйі қандай?
– Формалды емес білім беру қызметімен елімізде 2,5 мың оқу орталығы мен арнайы мамандар айналысады. Олар әртүрлі курстар, тренингтер, семинарлар, шеберлік сыныптарын өткізеді.
– Оның сапалық көрсеткіштерін қалай анықтауға болады?
– Бұл нарық қой. Нарық болғанда білім алушы үшін таңдау мүмкіндігі мол, ал білім беруші үшін бәсекесі жоғары нарық. Өткізетін «тауарың», яғни беретін білімің мамандық алушының көңіліне қонбаса, аудитория жинай алмайсың. Ал көңіліне қонса, аудиторияны бүкіл республикадан, тіпті өзге елдерден де жинай аласың. Мәселен, біздің кейбір оқу орталықтарындағы білім алатындардың арасында Германия, Израиль, Франция және АҚШ азаматтары да бар.
– Демек, қашықтан оқытудың артықшылығы шекара, мекен таңдамайтындығында дейсіз ғой.
– Дәл солай. Ешқандай кеңсе де керек емес. Артық шығындар жоқ. Бірақ бұған қарап біздің қызметімізді жаппай пайдалана береді деген қорытынды шығаруға болмайды. Тыңдаушыларымыздың арасында өмірді әлі «курорт» көріп жүргендер немесе «оқысаң да оқисың, оқымасаң да оқисың» деп әке-шешесі жетелеп әкеліп қосып қойғандар болмайды. Біздің қызметімізді қажеттілігін терең түсініп, төзімділік танытқан адам ғана пайдаланады. Олардың ішінде еңбек нарығындағы сұранысқа орай мамандығын ауыстыруға мәжбүр болғандар да бар.
– Қандай мамандықтарға сұраныс басым? Екі-үш ай оқып алған мамандықтың еңбекақысы қандай болады?
– Ағылшын тілі, балалардың қабілетін ерте дамыту, мамандықтарын жетілдіру, түрлі ІТ тақырыптары курсына сұраныстар жоғары. Бұлардың әрқайсысына және басқаларға ай сайын мыңдаған сұраныс түседі.
Ал еңбекақысы жоғары мамандықты экономиканың көптеген саласынан кездестіруге болады. Мәселен, қазіргі таңда есепшілерге, қоғамдық тамақтандыру қызметкерлеріне, электриктерге, сантехниктерге, әсемдік әлемінің қызметкерлеріне сұраныс жоғары екені байқалады. Бұл мамандықтардың сұранысымен бірге табысы да жоғары.
– Сіз бір сөзіңізде интернетке үйрету саласындағы жаңа білім жобасын жүзеге асыруға кіріскеніңізді айттыңыз. Бұл онлайн жоба болар?
– Иә, қазақстандықтар интернет мүмкіндігін кеңінен пайдалануы үшін осындай ұйғарымға келдік. Оқу орталығын ашып, интернет арқылы өз бизнесін дамытатын мамандар даярлаудамыз. Әрине қашықтан оқытамыз. Мұның өзі білім алушыны алғашқы сабақтардан-ақ болашақ мамандығы бойынша жұмыс істеуге дағдыландырады.
– Сіз бұрын қаржы саласында жұмыс істепсіз. Енді білім секторына ауысуыңызға не себеп болды?
– Елімізде экономикалық жүйе өзгерді. Ал тұрғындардың барлығы бірдей оған енуге дайын болмады. Оларға құқықтық, қаржылық, салық саласындағы білім қажет екенін мен қазақстандық және халықаралық қаржы ұйымдарында жұмыс істеп жүргенімде сезіндім. Сондықтан да сол жылдардың өзінде негізгі қызметіме қосымша қоғамдық негізде кәсіпкер-бизнесмендердің қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттырып, кәсіпкерлік дағдысына машықтандыратын тренингтер өткізіп, лекциялар оқып жүрдім. Әрине бұл мектепті ашпас бұрын еліміздегі білім беру нарығын екі жыл зерттедім. Зерттеулерімді әлемдік үрдіспен салыстырдым. Сөйтіп ІТ саласындағы білім жобасына тоқталдым. Өйткені біздің ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде интернет мамандарының жетіспейтіндігі байқалды.
– Интернет мамандары немен айналысады? Сіздің мектепті бітіргендер не істей алады?
– Біз Қазнетке бүгін қажет болып тұрған мамандарды даярлаймыз. Олар интернет-жобалардың менеджерлері, интернет-маркетологтар, контент-менеджерлер, SEO – мамандар, Веб-дизайнерлер және басқалар. Сұранысы жоғары бұл мамандықтарды екі-үш айда игеру болашағыңа инвестиция салғанмен тең.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ