Елбасы ендігі жерде қауіпсіздік мәселесі мемлекет қуаттылығының өлшеміне айналатынын айтып, бұл бағыттағы қарекетті күшейтуді тапсырғаны белгілі. Осыған сай елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Дін мәселелерін реттеуді көздеген заң жобасы да жақында Мәжіліс қарауына ұсынылады. Мұның барлығы қатердің алдын алатын кешенді шаралардың бастамасы болмақ.
440 «жихадшының» жолы кесілді
Әрине барынша қам жасағанымызбен, қауіп біржолата сейілді деп айтуға болмас. Лаңкестіктің ұрығын себуші радикалды ағымдардың да қол қусырып отырғысы жоқ. Жолын тауып, идеологиясын азаматтарымыздың санасына сыналап сіңіруге тырысып бағуда.
Кейбір деректер бір сәт те босаңсуға болмайтынын көрсетіп отыр. Мәселен соңғы төрт жылдың ішінде «жихад» дегенді желеу етіп, терроризм ошағына айналған елдерге кетпек болған 440 қазақстандықтың жолына тосқауыл қойылыпты. Бұл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми дерегі. 2014 жылы содырлардың сойылын соғып, шетел асуға талпынған 136 қазақстандық анықталса, қауіпсіздік қызметі 2015 жылы – 151, 2016 жылы – 91, ал өткен жылы 62 адамды қамданып жүрген тұста тежеген.
«Қабылданған шараларға қарамастан ел азаматтарының шетелде террористік әрекеттерге қатысу проблемасы әлі де өзекті болып отыр» дейді ресми дереккөзі. Қапысын тауып, Сирияға қашып үлгергендер де бар. Ол жақта «жұмақтың» жоқ екенін көзімен көрген соң, «жаздық, жаңылдық» деп оралып жатқандар да кездеседі. Бүгінге дейін халықаралық лаңкестік ұйымдар лагерьлерінен, сондай-ақ үшінші елдердегі транзиттік инфрақұрылымдардан Қазақстанның 125 азаматы қайтарылған көрінеді, олардың 57-і террористік әрекетке қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» демекші, ағымдар арбауына түскендердің шетел асуы қалай алаңдатса, қайтып келуі де қорқыныш туғызады. Кейінгі заңнамалық өзгерістерге сай террорлық қылмысқа қатысы барларға ең қатал жаза қолданылатыны ғана дәтке қуат.
Өкініштісі, радикализм торына шырмалғандардың өздерімен бірге талай жас өренді құрдымға ала кеткені. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өткен жылдың соңындағы мәліметінше, Сирия-Ирак аумағында 16 жасқа дейінгі 400-ге тарта қазақстандық бала жүр. Бүгінге дейін олардың 60-тан астамы оралған. Шамамен тағы 50 бала елге қайтарылады деп күтілуде.
Басты себеп –радикалды ағымдар
Осы құбылысты зерттеушілер бейбіт өмірді, ет жақындарын тәрк етіп, от пен оқтың ортасына қашудың негізгі себептерін әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық қиыншылықтармен байланыстырады. Дегенмен қазіргі қалыптасқан жағдай негізгі ықпал етуші күш уағызды сырттан һәм іштен үдете түскен радикалды ағымдар екенін көрсетіп отыр.
«Террористік ұйымдардың Интернеттегі ақпараттық-насихат материалдарының техникалық, көркемдік және психологиялық сапасы арта түскені байқалады» дейді ҰҚК. Әсіресе әлеуметтік желілерді пайдалану халықаралық террористік ұйымдардың өз аудиториясын айтарлықтай кеңейтуіне, жүргізілетін үгіт-насихатты жүйелі жолға қоюына үлкен мүмкіндік беріп отырған көрінеді.
Өткен жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 4332 діни материалға сараптама жүргізген. Соның 196-ында теріс пиғыл көрініс тапқаны анықталыпты.
Бұдан бөлек, 10174 сайттың мазмұнына сараптама жасалғанда, үш мыңнан астамы заң бұзғаны белгілі болған.
Осы орайда елімізде дінге қатысты дұрыс ақпарат беруге машықтанған мамандардың жоқтығы жиі айтылады. Ресми дерек бойынша, қазіргі күні ақпараттық-түсіндіру топтарын теолог-мамандармен қамту қажетті мөлшердің тек 55 пайызы деңгейінде. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа бағдарламада осы көрсеткішті 2022 жылға қарай 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Қатаң шаралар қолданылады
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында кешенді шараларды жүзеге асыру көзделуде.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бүгінде Мәжіліс қарауына енгізілді. Осы құжатта жат ағымдардың алдын алу бағытында бірқатар норма ұсынылып отыр. Жалпы радикалдық идеологияны таратудың бірден бір қайнар көзі шетелдің күмәнді теологиялық оқу орындарында оқып келген Қазақстанның азаматтары екені ҰҚК ұсынған бағдарламада нақты көрсетілген.
Осы орайда, дін саласындағы жаңа заң жобасында шет мемлекеттерде діни білім алуға шектеу қою ұсынылды. Яғни, ендігі жерде азаматтарымыз шетелдің діни оқу орындарына Қазақстанда жоғары діни білім алғаннан кейін ғана жіберіледі.
Қызу талқыланып жатқан тағы бір норма деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалануға, киюге және таратуға жол бермеу жөнінде. Яғни, осы заң қабылданса балақты шолтитып, сақалын өзгеше өсірген, бет-ауызын тұмшалап, оқшауланған адамдарға кем дегенде 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Дәл осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысының Діни басқарма өкілдерімен кездесуде: «Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді, – деп қадап айтқаны белгілі.
Сонымен қатар дінді және діни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне көрінеу іріткі салуға, олардың жұмысына кедергі жасап, елдегі басқарушылық деңгейін төмендетуге ықпал етуге жол бермеу мәселесі де заң жобасына енгізіліп отыр.
Қаперге алатын мәселелер
Қарап отырсақ, елімізде экстремизмнің алдын алу бағытында көптеген шаралар жасалып жатыр. Соған қарамастан қауіп сейілген жоқ. Жалпы 2014 жылдан бері Қазақстанда 30 террористік актінің жолы кесілген екен. 2014 жылы 3 оқиғаның алды алынған болса, 2015 жылы 4, ал 2016 жылы 12 лаңкестікке тосқауыл қойылыпты. Өткен жылдың өзінде ҰҚК 11 әрекетті дер кезінде анықтап үлгерген. Көріп отырғанымыздай, қауіп-қатер азаяр емес.
Осының өзі талап пен тәртіпті күшейту, жазаны қатаңдату белгілі бір деңгейде нәтижесін бергенімен, одан лаңкестердің саны азаймайтынын, бұл күресте салдардан гөрі себепке көңіл бөлу керектігін көрсеткендей.
Осы орайда қоғамнан оқшауланып, әсіредіншілдер жетегінде кететіндердің көбеюіне жол салатын бірнеше мәселені байқауға болады. Оның біріншісі - жастарды азғырушы ағым өкілдерінің еркінсуі. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбедегі лаңкестер қандастарына қан құштырғанда кімдердің уағызына ден қойғанын атап-атап айтқаны белгілі. Алайда, осыдан кейін қандай да бір уағызшының жазаланғаны туралы дерек болған жоқ.
Қоғамды қақ жарылуға бастайтын тағы бір себеп – діни киім мәселесі. Көзіқарақты оқырман соңғы 1-2 жылда осы үшін мектеппен соттасып жатқан ата-аналардың көбейгенін көріп отыр. Білім және ғылым министрі оқу орнында діни киімге тыйым салатын арнайы бұйырық та шығарғанымен, наразылар азаяр емес. Осы ретте шектеуден гөрі түсіндіру жұмыстарын күшейту қажетігі анық байқалады.
Тағы бір ушығып тұрған жайт – діни ағым өкілдерінің медициналық қызметтен бас тартуы, әсіресе екпе салғызбауы. Мұның салдары тұтас қоғамның саулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін мамандар айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, секталардың ықпалындағы жұрттың райынан қайтара алмауда. Осы орайда, жағдайдың шиеленісуіне тағы да халықтың көзін ашатын нақты ақпараттың жетіспеушілігі негіз болуда.
Осы орайда алдағы бес жылға арналған бағдарламада негізінен ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының сапасын арттыруға, теолог-мамандарды көбейтуге, әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, соған сай шаралар қолдануға назар аударылуы көңілді орнықтырады.
Қамбар Ахметов,
«Егемен Қазақстан»