Қазақстан медицинасы қағазбастылықтан арылтуға қатысты қабылданған құжаттардан кенде емес. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасынан кейін 2016 жылы қабылданған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында да денсаулық сақтау саласын ақпараттық технологиялармен қамтамасыз ету, көптеген құжатты электронды нұсқаға көшіру, дәрігерлердің есеп беру қағаздарын азайту жөнінде арнайы айтылған. Тіпті министрлік былтыр желтоқсан айында «Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жөніндегі қанатқақты жобаны енгізу туралы» бұйрығын да бекітіп қойды. Енді осы құжат бойынша жұмысын қағаз қолданбай жүргізетін нысандар тізбесі анықталады.
Министрлікке қарасты Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы мамандарының газетімізге берген мәліметі бойынша, жобаның мақсаты есеп беру құжаттамалары басым жүйеден алыстап, денсаулық сақтау саласындағы деректерді өңдеу, жинау және пайдалану парадигмасын өзгерту екен. Мамандардың сөзіне сенсек, дәрігерлер есепке алу және есеп жүргізу құжаттамалары бөлігінде құжаттарды қолмен енгізу машақатынан құтылады. «Дәрігерлер қағаз толтыруға жұмсалатын уақытты үнемдеп, пациенттерге көбірек көңіл бөле бастайтын болады», дейді олар.
Әрине, мұның бәрі жақын болашақта жасалатын жұмыстар. Оның игілігін көру бақыты ақжелеңділерге, қалаберді қарапайым халыққа қашан бұйыратыны белгісіз. Әзірше медициналық ұйымдарды жағалаған науқастар дәрігерлердің қағазбастылығынан әуре-сарсаңға түсіп жүр. Қашан көрсең қағазға көміліп отыратын дәрігерлер бейнесі халықтың санасында қалыптасқалы қашан. Ақжелеңділерге алдына ауырып келген науқасты емдеуден гөрі қағаз толтыру маңызды сияқты көрінеді кейде.
Адам ауырмай тұрмайды. Денсаулығың темірдей дегеннің өзінде жылына кемі бір-екі рет дәрігерге күнің түсетіні рас. Сондай сәттерде бітпейтін қағаздан берекең кетіп, әбден титықтаған кезде қолды бір сілтеп, безіп кеткің келеді.
Қағаздың басы емханадағы тіркеуден басталады. Тіркеу бөліміндегілердің алдында әр дәрігердің аты-жөні жазылған журнал жатады. Науқасты бір сала маманының қабылдауына жазу керек болса, алдымен осы журнал толтырылады. Содан кейін компьютерге енгізіледі. «Неге бірден компьютерге енгізбейсіздер уақытты алмай?» десең, уәждері дайын: «Бағдарламада жүктеме көп, жиі тоқтап қалады. Ондай кезде шыдамсыз сырқаттардың алды шағым жасап үлгереді», дейді. Әрине, ортақ дерек қорына жан-жақтан ағылатын қаншама құжатты бір компьютерлік бағдарлама қайдан көтерсін?! Жиі істен шығуы да сондықтан. Бұл бұл ма, кейде бір қалада орналасқан емханалар мен дәрігерлердің ортасына қағаз жолдама тасып, әбігерге түсетінің бар. Өзі ауырып, жүйкесі тозып жүрген науқасты әрі-бері сандалтып қоймай, медициналық ұйымдар өзара электронды жүйе арқылы неге сұратып ала салмайды екен дейсің күйініп. Бұл да сол бойымызға әбден сіңіп кеткен қағазбастылық дертінен арыла алмауымыздың көрінісі.
Өткенде әлеуметтік желіде бір дәрігер «Операцияға баратын бір ғана науқасқа 8 қағаз, егер қан құятын болсаң 4 қағаз толтырасың. Науқасты қарасаң, «мы для прокурора пишем» деген логинмен әр үш сағат сайын бір күнделіктен 8 күнделік, алты науқас қарасаң, 48 күнделік жазасың. Оның сыртында таңертеңгілік есеп, ақпараттық есеп деген бар. Егер жүкті әйел жатса, оған бөлек есеп дайындайсың», деп жазыпты. Желі қолданушылардың бірі: «бұл қаптаған қағазды толтырғанша науқас та «жүріп кететін» шығар...» десе, әлгі аурухана дәрігері: «ой, «жүрмей-ақ» қойсын, өліп қалса, тағы бірнеше қағаз қосылады», депті. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Елордамыз – Астанадағы жағдай осындай болғанда орталықтан алыс өңірлердегі, ауылдық мекендердегі жағдайды айтпай-ақ қояйық, елестетудің өзі қорқынышты...
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы мамандарының сөзіне сүйенсек, биылғы 1 қаңтардан Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге көше бастапты. Бұл жағынан Астана мен Алматы қалаларында да белсенді жұмыстар қолға алынған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен бірлесіп, арнайы жол картасын белгілеген. Ал әкімдіктер келесі жылдың аяғына дейін барлық денсаулық сақтау ұйымын компьютерлік техникамен қамтамасыз етіп, медициналық ақпараттық жүйелерді енгізуді мойнына алды.
Әлбетте, медицина ұйымдары электронды құжат айналымына 100 пайыз көшу үшін алдымен денсаулық сақтау нысандары түгел интернет желісі бар компьютерлік техникамен жабдықталуы тиіс. Сондықтан бұл мәселені биыл жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Әзірше жергілікті әкімдіктермен жасалған меморандумдарға сәйкес, республикада медициналық ұйымдардың компьютермен қамтамасыз етілуі 82,7 пайызды құрайды, дейді мамандар. «Алдын-ала жасалған меморандумдарға сәйкес, әкімдіктер жыл сайын жергілікті бюджет есебінен денсаулық сақтау ұйымдарының компьютерлік техникаларын кемі 20 пайызға жаңартып отыруы тиіс. Әрине, техникалық мүмкіндіктің шектеулілігіне және экономикалық жағынан тиімсіздігіне байланысты ауылдық өңірлердегі денсаулық нысандарын интернетпен қамтамасыз етуде қиындықтар бар. Бүгінде интернет желісіне қосылған медициналық ұйымдардың орташа көрсеткіші республика бойынша 56 пайызды құрайды. Интернетке қолжетімділігі төмен жағдайлар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында байқалуда», дейді Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының өкілдері.
Қысқасы, Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық ұйымдарды қағазсыз жұмыс форматына көшіреміз деп ниеттеніп отыр. Осы уақытта аурухана жағалаған науқастар стационарлық сырқатнамаларды және жеңілдікпен берілетін дәрілер рецептін электронды нұсқада ала алатын болады. Әрине, министрліктің бұл қадамына сенгің-ақ келеді. Бірақ жаңа реформа қосылса, дәрігерлерге де тағы бір жаңа қағаз толтыру міндеті жүктелетіні бар. Қазақстандықтар қағазсыз емделіп жатса, кәнекей. Бірақ әзірше ала параққа алаңдамай емделетін күнге қол жете алар емес...
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»