Әдебиет • 13 Ақпан, 2018

Бағашар Тұрсынбайұлы. Қабырғадағы ауыл

917 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазушыны бір көруге іңкәр болған жүректің аңсары Әбіш Кекілбайұлы дүниеден озғанда да басылмап еді. Ынтығасың, қоясың. Енді бұл жалғанда кездесе алмайтыныңды сезінген сайын көңілді ауыр мұң басады. Өмір жолында бір сәт жылы алақанын ұстап, қауышқан, дидарласқан жандардың бақыттан басы айналып жүргендей-ақ көрінетін. Әлде Әбішті көру бақытқа баланушы ме еді? Қалай болғанда да менің санамда жазушы Кекілбайұлы құшағы кең, сөзі жұмсақ, мейірімі көл-көсір, тарихты айтса қиянға, әдебиетті айтса тереңге кететін сөз мұхиты болып елестейтін. 

Бағашар Тұрсынбайұлы. Қабырғадағы ауыл

Бұл жолы Әбішті емес, Әбіштің қарашаңырағын, кітап­тарын көру үшін қастерлі табалдырығын аттадық. Қалам­гердің өзі айтқандай оқушы кездерінде-ақ ықыласты, ыс­тық сезімдерімен табысқан Кла­ра апамыз қарсы алды. Кім­дерді күтпеген, кімдерді қар­сы алмаған аяулы жан бұл?! Әбіш өз қатарынан бұрын үйлі бол­ғанда, бүкіл жора-жолдастары осы апамыздың дастарқанынан дәм татып, осы үйдің төрінде айран-асыр болып жатады екен. Дәурен өтіпті. Бұл күнде бәрі қар­тайып, қатары сиреген буын еліміздің әр тарабында оқ­шау-оқшау естелік айтатын үйге айналыпты. Енді міне, жар­­ты ғасыр өткен уақытта да сөзге, әдебиетке қызығып жүр­­­ген немереге татитын жас­тар­ды Клара апамыз тап сол за­ман­дастарын күткендей құрақ ұшады.

Ортаңғы үлкен бөлменің үш қабырғасын ала орналасқан кітап сөресінде әлемнің жау­һар­лары рет-ретімен, тақы­рыбымен, жанрымен жайға­сыпты. Дүние ісіне, үй тірші­лігіне өмірі араласпаған Әбіш бұл жолы кітаптарды өзі рет­теп­ті. Тарих, әдебиет, мәде­ниет, сөз өнері теориясына қа­тыс­ты еңбектер ұшаң-теңіз. Бірін танып, бірін мүлде таны­маған қалпы үңілеміз. Жазу­шының өз еңбектері, әлем тілде­рінде жарық көрген кітап­тары жеке тұр. «Оқымай қалған кітабы жоқ» дейді апамыз таныс­тырып жатып. Біз шүбәсіз сеніп, бас изей­міз. Кітапқа сүйен­ген әр ке­зеңде түсірілген фо­то­су­рет­тер­дің тарихы да бө­лек бір шежіре.

Үйдің қабырғаларына майлы бояумен салынған картиналар ілініпті. Сонау 1978 жылы немістер әлемнің үздік жүз жазушысын анықтаған. Солардың жиынтық суреті де үлкен болып ілініп, сән беріп тұр. Арасында үш мұсылман бар. Расул Ғам­затов, Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбайұлы. Енді бір кар­тина – Шерқала. «Ұйқыдан оян­ған ару» еңбегінде жазу­шы: «Түс ке­зінде Ақмыш бұлағының қар­сы алдындағы айналасы бір шақырымдай құм тастан тұратын жан-жағы ұшпа құз Шерқала шыңын барып көрдік. Оның басына шығу үшін әдейі баспалдақ жол жасалыпты. Етегінде тас қамалдың жұрнағы жатыр. Басында ел тұрған қоныс, шамасы құдық болса керек, бір түпсіз шұқыр бар. Сыңайына қарағанда, жер асты пана сияқты бор кеуек­тен салмағы 17 фунт болатындай сауыт тауып ал­дық. Өне бойын тот басып ке­тіпті, батыр жауынгердің сауытына ұқсайды, көп жерін оқ тесіп тас­тапты. Оқ тиген жер­ге қатқан қаннан тұрған тоттың ізін қанша тазартсақ та кетіре алмадық. Шерқала шыңының биіктігі 90 сажындай. Оның қасындағы көне қамал орнынан ұзындығы 6 вершок, қалыңдығы бір вершок төрт бұрышты жақсылап күйдірген қыш кірпіштер тауып алдық. Оның бір сынығын Новопетровск бекінісіне әке­ліп, қамал салып жатқан инженер капитан Геннерихқа көрсетіп едік, жақсы кірпіш деп мақтады. Шамасы сол маң­нан табылған тас көмірдің табына күйдірілсе керек». Бұл М.И.Иваниннің «Орыс география қоғамы жазбаларының» 1847 жылы шыққан 11 кіта­бында жарияланған «1846 жы­лы Маңғыстау түбегіне бар­ған сапарым» дейтін ұзақ жол жазбаларынан алынған үзінді» деп мысал келтіріпті.

Серікбай Қондыбай Шер­­қаланы Маңғыстаудың сим­­волы деп, тау тарихын қырымдық жырлар циклы­мен байланыс­тырып зерт­тепті. Онда тарих та, айтар сөз де мүлде алысқа кетеді. Жол­­барыс қала деген мағына­ны білдіретін мекен туралы аңыз да көп. Клара апамыз соның біреуін айтты. Қазақтар мен түрікмендер соғысқанда, түрікмендер осы таудың басына шығып кетіпті. Су алу үшін төменге қауға тастайды екен. Қазақтар қайта-қайта қауғаны қиып отырған. Сусыз қалған түрік­­мендер беріліпті дейді. Бұл маң­ғыстаулық А. Танатов де­ген суретшінің сыйлығы екен.

Тағы үш картина бар. Бірі – жа­зушының өз портреті. Екін­­шісі – Каспий жағалауы. Үшін­шісі – Басқұдық. Әбіш туған жер. Оңдыдан ары. Құдықтың суын жазушы қайта шығартып, қал­пына келтірген екен. Бұл карти­наларға арабша жазумен Айтқали деп қолтаңба салынған.Туған жерге деген ықыласы ауылын қабырғаға көшіріп келіпті.

Қоштасарда Әбіш кітапханасына тағы бір рет көз салдым. Ұзақ қарадым. Немересі Абыл: «атамның сызып оқыған кітаптарын өзім қараймын, ие боламын» деп отыр. Қаз қатар тізілген даналардың ортасынан орын алу ендігі ұрпаққа тіпті қиын соғатындай көрінді. Сөредегі кітаптар маңғаз, мәртебелі. Шұқшиып қараған сайын, бағасын сезіп, құлпыра түседі. Әбіштің қолын алған кісі баласы ғана емес, Әбіштің қолына түскен кітап та бақыттымын деп кеуде қағатындай. Қақсын. Жарасады.

Саулық айтып есікті жаба бергенде Шерқала жылт етті де, толық қарап үлгермедім. Енді ойлап отырмын, бәлкім, Әбіш ауылымен осы картиналар арқылы табысып, ұзақ қарап отырған болар. Сағынышпен...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»