Қазақстан • 14 Ақпан, 2018

Рухани жаңғыру және тәуелсіз сана

4515 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдаулары, кітаптары мен мақалалары өткеннің ғибраттары мен кемшіліктерін саралап, болашаққа бағдар жасайтын стратегиялық бағдарламалар іспетті. Бұл еңбектерде баяндалған ел болып еңсе түзеу жолында атқарылған орасан зор еңбектерді, жұртымызды асқақ мұраттарға жетелеген көшбасшының бүгін еңсеріп отырған беласудан артта қалған сындар мен алдағы биік межелерге көз салып, келешекті бағамдаған тұжырымдары баршамызға, әсіресе өскелең ұрпаққа үлкен өнеге деп білеміз. 

Рухани жаңғыру және тәуелсіз сана

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тарихи қадамдар жасап отырған халқымыздың біртұтас ұлт ретінде болашаққа қалай қадам басу және бұқаралық сананы қалай өзгерту қажеттігі туралы көзқарастары сараланғаны мәлім. 

Елбасы осы мақаласында ұлттық сана категориясына ерекше тоқталып: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деп атап көрсеткен. 

Әрине мұнда Елбасы заман көшіне ілесу қажеттігіне баса назар аударып отырғаны белгілі. Санамызға сіңіп қалған «таптаурын қағидалардан арылу» шынында да маңызды әрі күрделі мәселе екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл аса ауқымды тақырып екендігі аян. Біз соның бір қырына ғана қатысты жайларға тоқталсақ. 

 Өткен ғасырдағы өзімшіл жүйенің өктемдігі ұлттық ой-өрісімізге біршама өзгеріс енгізіп, рухани дағдарысқа түсіргені ақиқат. Тәуелді психологияның таптаурындарынан арылу біршама уақыт пен табанды күш-жігер жұмсауды талап етуде. Кіріптарлық сананың келеңсіз зардаптары буыннан-буынға ауысып, қанға сіңіп кетпей ме деген алаңдаушылық бар.

Осы ретте, кертартпа көзқарастарға қатысты бір-екі жағдайды айтып өткім келеді.  Елордаға алғаш келген екі мыңыншы жылдардың басы. Бір топ жігіт бірге тұратын пәтерімізге әдеміше келген жергілікті көрші қыз түрлі шаруалармен бас сұғып тұратын. Бір күні дастарқан басында ол қазақ болғанына өкінетінін, бақытсыз екенін айтып қалды. Жапон тілінің маманы – досым екеуміз басында абдырап қалдық. Сосын бір адамның бақытсыз болғанына қандай да бір ұлттың еш кінәсі жоқ екенін қаршадай қызға жарыса түсіндіріп, жік-жаппар болдық. Алайда ол қыз біздің сөзге иланбады. Тіпті қаперіне алмады. 

Ой-санасы күдік пен үрейге шырмалған сол қыздың түңілісі бізді бей-жай қалдырмады. Шамамен 3-4 жылдан соң әлгі қыздың өз-өзіне қол жұмсап көз жұмғанын естідік... 

 Кісінің ой-өрісіне сырттан таңылған кесел ақпарат, дәл айтқанда зиянкес вирус, мәуеге түскен құрттай миды кеулеп, сана дертін асқындыра береді екен. Мұндай вирусқа қарсы иммунитетіміз – Елбасы айтқан ұлттық кодымыз. Президенттің: «Әжептеуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының ертеңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деген сөзі әрқашан ойтұмарымызға айналуы тиіс деп пайымдаймыз. Әйтпесе ұлттық кодтан айырылған ұрпақ – тамырынан айырылған дарақ. Заман дауылына қасқайып қарсы тұра алмас. 

 Психолог мамандардың пікірінше, біреуге кіріптар болуға бой үйрету адам санасын шектеп, азат ойлауға кедергі келтіреді. Ондай індетке шалдыққан адам дербес ойлауға, еркін қадам жасауға шынымен де жасқанады екен. Міне, осы жағдайлар, кейде мойындағымыз келмегенімен, біздің қазіргі кейбір іс-әрекеттерімізде кездесіп отыратыны белгілі. Шынайы азат болу үшін бой үйреніп қалған таптаурын әдеттен біржола арылу, рухани жаңғыру керек екен. Кейінгі кездері қоғамда осы бағытта бірте-бірте ілгерілеу байқалып келе жатқаны көңіл қуантады. 

Ойымды ойран-асыр еткен тағы бір жағдайды баяндаудың реті келіп отыр. Университетте бірінші курс студенттеріне парсы тілінен дәріс беріп жүрген кезім. Қоңырау соғылып, сабақ аяқталды да, жастар сыртқа шығуға жинала бастады. Осы кезде мектепті жаңа бітіріп келген өрімдей бір қыз: 

– Бұдан кейінгі сабаққа барғым келмейді, – деді. 
– Ол қай сабақ еді? – деп сұрадым.
– Қазақ тілі пәні.
– Мұғаліммен келісе алмай қалып па едіңіз? Әлі-ақ тіл табысып кетесіздер ғой.
– Жоқ, оқытушыда тұрған ештеңе жоқ. Расын айтсам, мен қазақ тілін мүлде оқығым келмейді.
– Неге?
– Бұл тілдің болашағы жоқ. Қазақ тілінде бәрібір ешкім сөйлемейді. Себебі бұл тілдің сөздері ойдан құралған. Оны ешкім қолданбайды да. 
– Ана тіліміздің болашағы жарқын болары күмәнсіз. Біз енді ғана тәуелсіздік алған елміз. Ақырындап ес жиып келеміз. Көш жүре түзеледі. Әлі-ақ еліміз толықтай өз ана тілінде сөйлейтін заман туады. Егер, сіз ойдан құралған деп терминдер мен кейбір жаңа сөздер туралы айтып жатсаңыз, мұнда ілгерілеушілікпен қатар, кемшіліктер де жоқ емес. Бұған қатысты әрбір адамның азаматтық өз көзқарасын айтуға құқығы бар. Дегенмен терминология мәселелеріне қатысты негізгі міндет пен жауапкершілік тіл және арнайы салалардың мамандарына жүктелмек. 

Сараптама мәліметтеріне жүгінсек, осындай үдеріс көптеген тілдерде бар екен. Мысалы, сіз оқып жатқан парсы тілінде де мұндай құбылыс кездеседі. Сіздер жаңа ғана үйренген парсы сөздерінің көпшілігі сөзжасам жолымен туындаған. 1934 жылдан бері парсы елінде бұл бағытта Тіл академиясы жұмыс істеп, жаңа сөздерді тіл қолданысына енгізіп келеді. Басында ерсі көрінгенімен, кейбір жаңа сөздер кейіннен қолданысқа еніп, тіл байлығын арттырған. Тіл мамандарының пікірінше, мұндай үдеріс тіл тазалығын сақтау үшін қажет екен.

Өрімдей қыз маған ертегі айтып отырған адамдай қарады да, былай деді:

– Мен қазақ тілін ана тілім деп санамаймын. Оның қажеті де шамалы. Бәрібір қазақтардың тарихы жоқ. Бұрын біздің еліміз болған емес. Мысалы, ұлы славяндардың тарихы мен мәдениеті бай. 

– Біздің де тарихымыз бай. Оны өздеріңіз мектепте оқыдыңыздар ғой. Бұған дейін өткенімізді терең зерделеп қарауға мұрша болмағаны шындық. Біз өзімізге өзгелердің көзімен қарауға мәжбүр болып келдік. Кеңес одағының ішінде тәжік, қазақ, армян сияқты тарихы көне ұлттар өмір сүрді. Соған қарамастан, кеңес заманында біздер оқыған КСРО тарихы ІХ ғасырдан, Киев Русінен басталатын. Қазақ хандығынан бұрынғы терең тарихымыз сайрап жатыр. Біздің дәуірімізге дейін қазіргі Қазақстан аумағы мен оған шектес аймақтарды мекендеген ғұндар, сақтар, қаңлылар, үйсіндер үлкен-үлкен қағанаттар құрған. Ел басшылығы осы университетке көшірмесін әкеліп орнатқан анау Күлтегін ескерткішіне қараңызшы. Көне түркі ескерткіштері біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің айрықша бай болғанын әйгілеп тұрғаны сөзсіз.

Сол өрімдей қыз бұл айтқандарымды қабылдай алмады. Оның неге бұлай екенін кейін түсіне бастадым. Бұрынғы тоталитарлық жүйенің тоңы жіби қоймаған өңірде туып-өсіп, ана тілінің уызына қанбаған балдырған басқа біреуге тәуелді болу психологиясына әбден шырмалып, өзгені зор, өзін қор санап өскені аянышты. Оның ми қатпарларына қабысқан тәуелділік вирустарын тазартуға зор құдірет керек. 

Жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында жаңағы қыз ғана емес, өзге де кейбір қала жастарының ой-өрістері мен қылықтарынан өздерінің ана тілін білмегенін мақтан көретіні байқалатын. Ара-тұра Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы Найман-ананың шерменде перзентіндей туған жұртының құндылықтарына қарсы шығатындары да кездесетін. Сұмдық болғанда, бұлар – тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мектепте білім алған жеткіншектер. Осындай жасөспірімдерге көз ашқаннан бастап дұрыс ақпарат берілмей келгендігі өкінішті жағдай. Олардың ойларында сіресіп қатқан тоңды жібітуге сәл де болса ықпал етуге қауқарсыздығыма налып, өзімді кінәлі санағаным рас.

Мұндай замандастар уақыт өте келе, әлі-ақ өз кемшіліктерін түсінер деген үміт бар. Ал егер олар осы бойымен кете барса, қоғамдағы кертартпа ағым санын арттырмағы кәміл. Ондай ағым түптің түбінде әлеуметтің дамуына белгілі бір дәрежеде кері әсерін тигізері тағы анық. 

2011 жылы шыққан «Психология» энциклопедиялық сөздігінде құлдық психология ұғымына берілген: «патша өкіметінің отаршылдық саясатымен, кеңестік әміршілдік коммунистік идеология тұсында қазақ ұлтында тұлғалық және этностық қолайсыз, келеңсіз қасиеттердің (жарамсақтық, жалтақтық, жағымпаздық, бұйығылық, үрейшілдік, т.б.) жиынтық атауы» деген анықтаманы ескерер болсақ, кіріптарлық сананы кертартпа, таптаурын құбылыстар қатарына жатқызуға ешкім қарсы шыға қоймас. 

Діни әпсанада Мұса пайғамбар бұрын Мысырда неше ғасыр бодандықта болған жұртын құлдықтан алып шығып, бір жерге тұрақтамай, қырық жыл бойы құм арасында көшіп жүргені айтылады. Буын алмастырып, құлдық санадан арылту, бұрынғы таптаурын ой-әдеттерді жадтан өшіру үшін осындай қадамға барған деседі. Ал бүгінгі заманда кіріптарлық жад зардаптарынан арылу аталған мерзімнен де көп уақытты қажет ететін сияқты. Себебі бала кезінде туған тілінде білім алмаған, кейін де шетелдердің жат идеологиясын дәріптейтін ақпарат тасқынының астында отырған адамның ақыл-есі тәуелсіз емес, кіріптарлыққа бейім екенін өмір өзі көрсетіп жүр. Мұндай үдеріс салдарының мемлекет үшін аса қауіпті болуы мүмкін екенін Украина дағдарысына әкеп соққан өзге елдің мүддесін күйттейтін жікшілдіктен анық көруге болар еді. 

Ал Елбасы өзінің жақында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Қазақстанды дамыған мемлекетке айналдыратын азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары», деп түйіндегені көңілге үміт отын ұялатып, сенімімізді одан әрі арттырды. Ертеңгі сондай азаматтар – бүгінде мектеп партасында отырған балдырғандар.

Қазақстан Президенті 2017 жылдың соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында тәуелсіздіктің төресі тіл тәуелсіздігі екенін қадап айтты. Оның сана тәуелсіздігімен тығыз байланыста екені айқын. Бүгінгі таңда ұрпақ санасын тәуелсіз ету ұлы міндетке айналып отыр. Шынында да, бізге үлкен өзгеріс қажет. 

Жоғарыда сөз болған келеңсіз көзқарастардың туындауына жол бермес үшін жасөспірімдерге салт, тарих, дін, діл бойынша мазмұнды дәрістер беріп, дұрыс бағыт көрсету, сондай-ақ Елбасы жолдауларын кеңінен насихаттау жұмыстарын одан әрі жандандыра түсу ләзім деп ойлаймыз. Ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жастардың ой-санасын жат пиғылдардан қорғау келешек қамын ойлау болмақ.

Елін, жерін жанындай жақсы көретін, жаңаны білуге құлшынып, шеттен жинап әкелген ілім дәнін туған топырағында көгертуге құштар жастардың орны бөлек. Осындай санасы азат буын уақыт талаптарына сай білім мен кәсіп меңгеріп, заман көшіне ілесе отырып, Елбасы белгілеп берген мәңгілік ел мұратымен астасқан нұрлы келешекке қарай нық қадам басарына еш күмән жоқ. 

Дәуірбек ДҮЙСЕБАЕВ,
шығыстанушы