
Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы, белгілі жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Кеңесте негізгі баяндаманы жасаған «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков экономиканың тиімділігін арттыруда шетелде қолға алынған озық тәжірибелерді алға тартты. Шаруаларымызға керек-ау деген ниетпен осындағы мысалдарды келтірдік. Бәлкім, көмегі тиер.
Елбасы Жолдауында еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру жағдайы айтылады. Ол қолдан келмейтін шаруа емес. Ай маңдай кетпенге арқа сүйетін уақыт өтіп кетті. Бүгінде ғылымның жақсы жаңалықтарын өндіріске ендірген елдер екі жеп биге шығып отыр.
С.Мәжінбеков Голландияда күніне 60 литр сүт бермейтін сиырларды қасапханаға жіберетіндігі жөнінде дерек келтірді. Ал біз сол сиырдың ішкен суы мен жеген жем-шөбін қорек қылған, бірақ күніне бес-он литр сүт берсе қанағат қылатын, сырты кәукиген, желіні бос зеңгі баба тұқымын қанағат етіп отырмыз.
Жері тау-тасты, даласының дені айтақыр Израиль мемлекеті тамшылатып суару, жылыжай, қарқынды бау арқылы бірталай мемлекетті өз өнімдерімен асырап келеді. Түркияның көкөнісі Еуропа нарығын жаулап алған. Алып жерді иеленген Ресейдің өзі түркиялық фермерлердің өсірген өніміне зәру. Балтық жағалауы елдері мен Голландия сияқты мемлекеттер ауыл шаруашылығында ғылым жетістіктерін пайдалануда зор табысқа жетіп отыр.
Біз аузымыздың суы құрғап тамсана жеп отырған Польша фермерлерінің алмасы да үшінші сұрыпта екен. Олар бірінші, екінші сұрыптағыларын, яғни жартысы бал, жартысы шекер алмасын Еуропа, АҚШ нарығына жібереді. Ал үлкендігі жас баланың басындай апорт өсірген, бірақ өндірістік қажеттілік деп жүріп тұқымын тұзай құртып ала жаздаған Қазақстан шетелдің ащы алмасын жеп, шекесінен шеруен атып отыр.
Елбасы Жолдауында «ақылды технологиялардан» бөлек, «Ақылды қалалар» туралы айтылды. Мемлекет басшысы қол жетпес көктегі айға қол созайық демейді.
Бүгінде коммуналдық төлемнің ең қымбаты Мәскеу қаласында екен. Қазақстан да сол төлем қымбат елдердің қатарына жатады. Біз кешегі КСРО-ның жылу жүргізу, су өткізу жүйесінің зардабын тартып отырмыз. Өйткені мың тұрғынға арналған жылу жүйесі стансасы үлкен болғанымен, үйлерден алыс орналасқандықтан жылудың дені сыртқа кетеді. Су жүйесінде де осындай ретсіздіктер бар. Ал Скандинавия елдеріндегі «Ақылды қалаларда» осының бәрі ескерілген. Олар «жасыл энергияның» барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр.
С.Мәжінбеков Германияда жеті мың тұрғыны бар үйдің қыстан үш тонна ағаш көмірмен шығатындығын мысалға келтірді. Оларда қазандық жертөледе орналасқан. Жылу үнемді. Сол үйлер күн энергиясы арқылы жарығын айырып отыр. Үй төбесінде жауын-шашын, қар жинайтын қондырғы арқылы су мәселесін де шешіп отыр. Ықшам, оңтайлы әрі арзан.
Жуырда облысқа келген сапарында Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өте өткір мәселені көтерді.
– Ауыл шаруашылығына берілетін субсидия бүгінгі таңда 240 млрд теңгеге жетті. Бұл – Елбасының аталған салаға деген қамқорлығы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауылшаруашылық өнімдерін 2,5 есеге көбейту керектігін тапсырды. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысы – аграрлы сала екендігін ескеру керек. Ет, сүт, мақта өнімдері мен бақша дақылдарын өндіруде өңірдің үлесі ерекше. Алдағы уақытта Үкімет мәжілісінде жылдың жаңа жоспарын бекітіп, ауыл шаруашылығын өркендету үшін тың жобаларды қолға алатын боламыз, – деді Ө.Шөкеев. Осыны айтқан ол ауыл шаруашылығына беріліп жатқан субсидияның айтарлықтай қайтарымы жоқтығына қынжылыс білдірді. Шаруашылықтар Үкімет берген ақшаны үнемдей білмейді.
Қазақстанда көз майын тауысып жаңа технологияны жасап жатқан ғалымдар көп. Кейбіреулері өз елімізде мүмкіндігі болмаған соң шетелге кетіп жатыр. Кезінде КСРО-да шығатын ғылыми журналдарды аударумен айналысатын бір орталық Жапонияда болған екен. Жақсы ізденістерді іс жүзіне асырады. Алысқа бармай-ақ, тамшылатып суарудың алғашқы негізі Жамбылдағы гидромелоративтік институтта жасалғанын айтсақ болады. Тарихи отаны Израильге көшкен ғалым арманын сол жерде іске асырған.
Айтпағымыз, Елбасы Жолдауында не істеу керек екенін барынша нақтылап берді. Кетпен сабынан қарауыл қарамай, соларды жүзеге асыра алсақ шын бақуатты ел боламыз. Оған Қазақстанның жағдайы жетеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы