«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,
Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?
Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?» –
деп өткен Алаштың асыл тұлғасы Ғұмар Қараштың қысқа ғұмырында жасап кеткен істері көп-ақ. Жалпы, Жәнібек өңірі ғұмартану ісінде біраз шара атқарып үлгерген. Ақын әрі ағартушы шығармашылығы мен өмірін зерттеу, насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 1992 жылы ақынның кіндік қаны тамған Борсы ауылындағы орта мектепке Ғұмар Қараш есімі берілсе, 2006 жылы Жәнібек ауылындағы орталық көшенің бірі Ғұмар Қараш атындағы көше деп аталды. Сол жылы Жәнібек ауылындағы орталық алаңға біртуар азаматтың кеуде мүсіні орнатылды. Борсы ауылында 2000 жылы туғанына 125 жыл толуына орай «Ғұмар Қараш – ғұлама дарын» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе, 2016 жылдан аймақтық «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауы ұйымдастырыла бастады. 2017 жылы маусым айында Борсы ауылында Ғұмар бабамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қараңғылықтың түнегін түрген шамшырақ» атты аудандық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Есімі 1990 жылдардан бері ғана ашық айтылып, әлі күнге дейін басына қарапайым қоршаудан басқа ештеңе орнатылмаған арыстың басына сәулетті кесене тұрғызылатын болды. Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің айтуына қарағанда, кесене қаржысын аудан тұрғындары, шаруа қожалығының жетекшілері, кәсіпкерлер көтеріп алмақ.
Конференция жұмысына Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, «Ғұмар Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі» атты монографияның авторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы Бақтылы Боранбаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық рухани жаңғыру сарапшылар комиссиясының мүшесі Жаңабек Жақсығалиев, тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, ақын өмірі мен шығармашылығы, тарихи қызметі туралы ойларын ортаға салды.
Конференция кезінде «Ұлысын ұлықтаған Ғұмар елі» атты жинақтың тұсауы кесілді. Мұнда жергілікті ақындардың Ғұмарға арнаған жырлары мен Ғ.Қараш шығармашылығына арналған ғылыми конференция материалдары топтастырылған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы