Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

Еңбек мигранттарына «сеніп» еріншек болып барамыз

511 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шекара асып, нәпақа іздеп Атырауға келетіндер аз емес. Қазір, шыны керек, ірі кәсіпорындардағы ауыр жұмыстарға ғана емес, үйдің ұсақ-түйек шаруасына да «өзбек жалдау» сәнге айналды. Әсіресе жазғы маусымда қызатын құрылыс жұмыстарының денін еңбек мигранттары істейді. 

Еңбек мигранттарына «сеніп» еріншек болып барамыз

Олардың ішінде қолданыстағы заңды белден басып жүретіндер де бар. Жақында облыстық көші-қон полициясы Жылыой ауданына тексеру жүргізіп, Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істеген 31 өзбекстандық азаматты анықтады. Олар Теніз кен орнына қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлерде еңбек етіп жүрген.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева: «Өзбекстан азаматтарына қатысты ҚР ӘҚтК-нің 517 баптың 5 бөлігі бойынша (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада және (немесе) тіркеу кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны)  хаттама толтырылды. Ал олардың жұмыс берушілері ҚР ӘҚтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы)  және 519-баптары (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша жауапқа тартылды», - дейді.

Мұнайлы мекенге шетелдіктердің шектен тыс қызығушылығы барын Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов те жасырмады. Халыққа есеп беру жиынында шаһар басшысы: «Өткен жылы қала аумағына 108 мыңнан астам Өзбекстан азаматы кірген болса, оның 41 мыңы осында жұмыс істеуге өтініш білдірген. Қазірдің өзінде 100-ден астам адам тұрғылықты тұруға ниетті екендерін айтса, 200 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш беріп отыр», - деді.

Жергілікті жастардың қара жұмысқа құлықсыздығын осы еңбек мигранттарының елімізге көп келуімен де байланыстыруға болатын сынды. Өйткені, Атырау аймағына еңбек квотасымен келген өзбекстандық азаматтардың дені шаруа қожалықтарында қара жұмыс істеп жүр. Ал атыраулық жастар жалақысы көп мұнай компанияларына ғана барғылары келеді, ауылға барып мал баққаннан қалада бір мекеменің есігін күзеткенді жөн көреді.

Жиында өткен жылы қала бойынша 16 036 жаңа жұмыс орны ашылып, 1203 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 520 адам жастар тәжірибесіне тартылғаны да айтылды. «Қазір еңбек етемін деген адамға толық жағдай жасалған. Жұмыс істеймін деген кісіге, жұмыс бар»,- деп сенімді сөйледі Серік Шапкенов. Ресми статистикаға сүйенсек бүгінгі күні облыс халқының  4,9 пайызы жұмыссыз.

 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.