Даланың даналығын қанына сіңірген қазақ «Халық – қазы, еңбек – таразы» дейді. Расында, ел үшін жасалған елеулі еңбек ешқашан елеусіз қалған емес. Ілгеріде әлеуметтік-экономикалық даму жөнінен көш соңында қалып жүрген Сыр өңірі бүгінде байыпты бастамалар, жарқын жобалар, байсалды бағдарламалар орталығына айналды. Елбасының тікелей қамқорлығымен облыс өмірінде қаншама өміршең өзгерістер, игілікті істер атқарылды. Олардың барлығы да халықтың көз алдында өтіп жатыр. Соңғы бес жыл беделінде сан алуан салиқалы істер аймақтың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, алдағы мақсат пен міндеттер ауқымы кеңейе түсті.
Облыс әкімінің айтуынша, соңғы бес жылда облыста 50-ден астам өнеркәсіп нысаны іске қосылса, оның 16-сы ірі және орта кәсіпорын екен. Нәтижесінде өңдеуші секторда осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 пайызға артса, шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 пайызға өскен.
– Үстіміздегі жылы шыны және тампонажды цемент өндіретін зауыттарды, үш окись молибден өндірісін іске қосамыз. Өздеріңіз білесіздер, осы айдың басында Қытай Халық Республикасына жасаған сапар барысында біз «ChinaTriumph International Engineering» («Чайна Триумф Интернейшнл Инжиниринг») компаниясының басшылығымен және тампонажды цемент шығаратын зауыт құрылысының жобасын жүзеге асырушы «ChinaGezhoubaGroupCement» («Чайнагежуба групп цемент») компаниясының басшыларымен кездестік. Екі компания да салып жатқан зауыттарын ағымдағы жылы іске қосатындарын растады.
Шыны зауытының құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында аяқталатын болады, ал, шілде айының басында пешін іске қосамыз. Зауыттың технологиясы ерекше болғандықтан, сапалы өнім алу үшін пешті 3 ай көлемінде қыздыру қажет. Алғашқы қазақстандық шыныны биыл қыркүйек айының соңында шығаратын боламыз.
Осы жылдың көктемінде Арал қаласында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысына кірісеміз. Бұл – республика бойынша, толығымен шетелдерден жеткізілетін кальцийлендірілген соданың 75 пайызын отандық өніммен қамтамасыз ететін алғашқы заманауи зауыт болмақ, деді облыс әкімі.
Шиелі ауданында ванадий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жалғасын тауып келеді. 2016 жылы кәсіпорын аммоний метаванадатын және ванадий бесокисін Тайвань және Ресейге экспорттауды бастады. Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде кен-байыту комбинаты мен газ-турбиналы электр стансасын салуға мән беріліп отыр. Аталған жобаны жүзеге асыруға Еуропа қайта құру және даму банкі несие беретінін мақұлдады.
Облыс әкімі 2013 жылдан бері Сыр өңірінде индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру шараларына маңыз беріліп келе жатқанына назар аударды. Мұндай міндет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынғаны белгілі. Рас, соңғы жылдарда аймақ өмірінде бірқатар өзгерістер орын алып жатыр. Бұрын жергілікті өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуығын мұнай мен уран өндірісі еншілейтін. Бүгінде осы орайда кейбір түйткілдер кездесіп отыр.
– Біз өңірдің экономика саласы бойынша құрылымдық өзгерістерге назар аудардық. Осының арқасында биыл өнеркәсіп өнімі көлемінің нақты көлем индексі бойынша 100 пайыздық деңгейге сенімді шығатын боламыз. Сондықтан бес жылда атқарылған игілікті істердің нәтижесінде мұнай мен уран бағасына тәуелсіз аймақтық экономика жасау мақсатын толықтай орындай алдық деп айта аламыз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда облыста өңірлік экономиканы қалыптастырудың негізгі басымдығының бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Қызылордада биыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Ендігі кезекте өз ісін жүргізуге талпынған әрбір азаматқа барынша қолдау көрсетіліп, осы бағытта ілкімді істерге жол ашылады.
Сыр өңірінде агросаланың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Оған құйылып жатқан инвестиция 23 есеге дейін өсті. Осының нәтижесінде елдегілер еңсе тіктеді, ол ауыл шаруашылығындағы өндірістің өсуіне оң әсерін тигізді. Дария бойындағы дүйім ел енді алыс-жақындағы өзге жұртқа өз өнімдерін өткізу бағытында өрелі істерге қол жеткізіп отыр. Бір ғана мысал, былтыр облыстың ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 37 пайызға артқан екен. Бұрын жергілікті диқандар күріш өнімдерін шетелге шығару бағытында біршама қиындық көріп жүрген еді. Қазір бұл өнімді Иранға дейін өткізуге жол ашылды. Сондай-ақ экспортта көкөніс – 3,5, көкөніс 2 есеге артты.
Қазір Қызылорда жерінде баспанаға қол жеткізген бұқараның қатары басым. Дерекке көз салып көрсек, 2013 жылдан бері облыста 2 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, елдің игілігіне айналғанын көпшілік жақсы біледі. Содан бері облыс орталығында 14 жаңа шағын аудан халықтың көзайымына айналды.
Бүгінде қызылордалық ағайын жаңа ғимараттардың көптеп салу көрінісіне көзін әбден үйретті. Өйткені екі күннің бірінде есігін айқара ашқан нысандар қатары көбейгенін көпшілік келелі істердің бірі ретінде санайды. Дәйек келтіре кетсек, соңғы 5 жылда Сыр өңірінде 200 әлеуметтік нысанның іске қосылғанын айрықша атай кеткеніміз абзал. Сондай-ақ бірнеше жыл бойы құрылысы бітпей жатқан 34 ірі әлеуметтік нысан құрылысына нүкте қойылды. Айтпақшы, 2013 жылдан бері облыста жаңадан салынған 45 мектеп жас өрендерге құшағын айқара ашты. Оның ішінде 37-і ұзақ жылдан бері ілдәлдалап келе жатқан апаттық жағдайдағы мектептер еді.
Мұндай келеңсіз көріністер өңірдің денсаулық сақтау саласында да кездесетін. Соңғы 5 жылда осындай күйде тұрған 49 ғимарат жаңаланды. Жалпы алғанда, медицина саласында 57 нысан елдің игілігіне айналды. Алдағы екі жылда 8 ғимарат құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олардың қатарында шалғай ауылдардағы денсаулық сақтау орындары да бар. Қуанарлығы, өңірдің мәдениет саласында да игілікті істер атқарылды. 2013 жылы облыста «Мәдени мұра» бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Осының нәтижесінде Қорқыт ата мәдени мұрасы және облыстың 9 мәдени-тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енгізілді.
Қай іске де халық – әділ төреші, өз бағасын береді. Ел игілігі үшін жасалған әрбір іс өз нәтижесін көрсетіп отыр. Сыр өңірі өміріндегі өміршең жобалар, байыпты бастамалар, жарқын жобалар халықтың ертеңге деген сенімін одан әрі нығайта түсті.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы