Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Жезқазған өңірінің тұрғындары темір жол тауқыметін тартып отыр

491 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жезқазған өңірінің тұрғындары үшін темір жол қатынасы проблемаға айналған.

Жезқазған өңірінің тұрғындары темір жол тауқыметін тартып отыр

Былтыр жыл соңында «Қарағанды – Жезқазған», «Балқаш – Жезқазған» пойыздары тоқтап қалды. Қазір тек №307-308 «Жезқазған – Астана» пойызы ғана жүріп тұр. Сол «жүріп тұр» дегені болмаса, қызылордалық «Марал-Нұр» ЖШС қамтамасыз ететін бұл пойызға да көп­шіліктің өкпе-назы көп. Бұл мәселені Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаттары да көтерді. Жезқазғандықтардың арыз-шағымдары негі­зін­де Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбековке депутаттық сауал жолданды.

– Қызмет бабымен еліміздің түкпір-түкпіріне жиі қатынаймын, – дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Гүл Ғалымжанқызы. – Басқа жақтардан жаңа вагондарды, олардағы қызметті, тіпті аппақ төсек жаймаларын көріп таң-тамаша қаламыз. Біздің жезқазғандықтар үшін оның бәрі арман ғана. «Марал-Нұр» ЖШС беретін төсек жабдықтары әбден тозған, сағал-сағал, жолаушылардың көбі оны алуға да жиіркенеді. Ең үлкен проблема – үнемі билет жетіспейді. Бір жаққа бару үшін билетті кемінде бір апта бұрын алу қажет. Кейде Қарағандыға дейін орын жоқ деген соң, билетті Астанаға дейін алып, артық шығындануға тура келеді.

«Жезқазған – Астана» пойызы күн сайын жүреді. Алайда, небары он екі вагон жолаушылар сұранысының 70-75 пайызын ғана өтеп отыр. Сондықтан жолаушылар кассаны айналып, тікелей жолсеріктермен келісуге мәжбүр.

Кейінгі жылдары аталған он екі вагонның екеуі ғана жаңартылған. Қалғандары ондаған жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмеген терезелерінен суық ұрады, әжетханасында жылы су жоқ, электр көздері жұмыс істемейді. Са­ни­тарлық жағдайдың төмендігіне жезқаз­ған­дықтардың ғана емес, осы өңірге келіп-кетіп тұратын қонақтардың да еті үйренген.

Қаңтар айында Жезқазған өңіріне арнайы келген Мәжіліс депутаттары халықтың арыз-шағымдарының растығына көз жеткізіп, тиісті министрлік басшысына вагондардың жағдайын бағалауды, нақты сұранысты білу үшін жолаушылар ағынына мониторинг жүргізуді сұрап, хат жолдады. Онда сонымен қатар тасымалдаушының өз міндеттерін қаншалықты дұрыс орындап отырғанын тексеру қажеттігі де айтылған. 

Пойыз вагондарын жаңарту жайын нақ­тыласақ, «Марал-Нұр» ЖШС басшы­лы­ғының мә­лім­деуінше, компания былтыр бес жаңа вагон сатып алса, соның төртеуі қазір Қарағанды облы­сында жүріп жүр. Ал қосымша вагондар тіркеу мәселесі Инвестициялар және даму минис­трлігі Көлік комитетінің құзыретінде кө­рінеді. Комитет қазір бұл мәселені қарастыру үстінде.

– Тиісті шешім қабылданысымен, №307-308 пойыз қосымша вагондармен жүретін болады, – дейді «Марал-Нұр» ЖШС-нің директоры Қазбек Думбаков.

Солай дегенмен, бұл проблема нақты қашан шешілетіні белгісіз. «Жезқазған-Бейнеу» темір жол құрылысы басталатыны туралы хабарланғанда, жергілікті халық шал­ғайдағы темір жол тұйығы болудан құты­ламыз деп қуанған еді. Шынында да, «Жезқазған-Қызылорда» пойызы өңірдің дамуына айтарлықтай серпін берді. Алайда, Қарағанды бағытын естен шығаруға бола ма? Вагондардағы орын жеткіліксіздігі талай жанды жолынан қалдырып, шаруасын бөгеп келеді. Әсіресе, қыс айларында алыс сапарға автобуспен немесе автомашинамен шығу қиын әрі қауіпсіз де емес. Жергілікті халық тасымалдаушыны ауыстырған дұрыс болар деген пікірде. Бастамашыл топ «Қазақстан темір жолы» басшылығының атына арнайы хат әзірлеп, қазір қол жинау үстінде. Мәселені, мүмкін, сала басшылығы шешер.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы