Мәселемен жоспарлы түрде күресу үшін 2015 жылы БҰҰ-ның Балалар қоры мен Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер министрліктері бірлесіп Қызылорда облысында «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» атты қанатқақты жобаны бастады. Негізгі идея – өзіне өзі қол жұмсауға бейім оқушыны алдын ала анықтап, оның өмірін сақтап қалу. Қазақстанда алғаш рет іске асып отырған бұл жоба каскадтық әдіс арқылы жүзеге асты. Алдымен, италиялық маман Мириам Йозу облыстағы орта мектептер мен колледждердің 120 мектеп психологы үшін семинар өткізді. Одан соң Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мамандары арнайы іріктелген 22 адамды жаттықтырушы болуға дайындап, олар өз кезегінде 445 педагог-психологқа арнайы курс өткізді. Кәсіби шыңдалған жарты мыңға жуық педагог-психологтар 23 630 мұғалімді, техникалық және медициналық қызметкерді суицидтік белгілерді анықтауға үйретті. Осылайша, баламен тікелей жұмыс істейтін бұл мамандар «суицид сақшыларына» айналды. Оқу-жаттықтыру курстарында суицидтің теориялық тұстары, баланың өзіне қол жұмсауы мүмкін екендігін білдіретін тіке және жанама деректерді тану тәсілдері қамтылды.
Жобаның екінші негізгі компоненті – жасөспірімдерден алынатын сауалдама. БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларымен әзірленген бұл сауалдамадағы кей сұрақтар бір қарағанға оғаш көрінуі мүмкін. Мысалы «Өміріңізді қиғыңыз келді ме? Ол туралы ойладыңыз ба?», «Өміріңізді қиюға әрекет жасап көрдіңіз бе?» деген ашық сұрақтарға өзіміз де тосырқай қарағанымыз рас. Сол себепті, Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, Қазақ психология қоғамы және Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мамандарынан арнайы комиссия құрып, сұрақтарды сараптады. Сараптама сұрақтардың жасөспірімдердің денсаулығына кері әсер етпейтіндігін көрсетті. Суицидтік ойы бар балалар, әдетте сырттан көмек күтеді, өзі сенетін адам болса, ашық әңгімеден қашпайды, олар өздерінің ойы туралы сөз арқылы немесе іс-қимыл арқылы белгі береді, демек тікелей сұрақтар қою арқылы суицидке бейім оқушыларды дер кезінде анықтап, оларға көмек көрсетуге болады.
Сауалдама арқылы 1907 жасөспірім «қауіп» тобы ретінде анықталды. Сауалдамадағы жауаптың рас-өтірігін тексеру үшін бұл оқушылармен сұхбат жүргізілді. Нәтижесінде, бастапқы тізімнен 1679 бала «жоғары қауіп-қатер» тобына енгізілді. Ата-аналарына хабар беріліп, келісімін алған соң топтағы 1494 балаға дәрігерлік, 432 балаға психиатриялық көмек көрсетілді. 185 бала дәрігерлік көмектен бас тартып, оқу орнындағы психологтың бақылауына алынды.
«Қауіп» тобы анықталғаннан кейін, барлық 8-10 сынып оқушыларына және колледждердің 1-курс студенттеріне психологиялық сабақтар өткізілді. Сабақ барысында олар «Психикалық денсаулық», «Өз-өзіне көмектесу бойынша кеңестер», «Депрессия және суицид туралы ойлар», «Досың қиын жағдайға тап болса, қалай көмектесуге болады?» тақырыптарында мағлұматтар алып, өз ойларымен бөлісті.
Қанатқақты жобаның нәтижелері мен қорытындылары 2017 жылдың 6 сәуіріндегі өңір өкілдеруінің қатысуымен өткен конференцияда жарияланды. Басты нәтижелерге келер болсақ, жоба барысында білім алушылар барлық мәліметтің құпия сақталынатындығын түсініп, ойын ашық айтып, мектеп психологымен өзара сенімді қарым-қатынас орната білді. Оқушылар беймезгіл уақытта да мектеп психологтарына әлеуметтік желі арқылы ақыл кеңестер сұрап, қиын жағдаяттары туралы бөлісе бастады. Бұған тіпті ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіруде. Психолог пен оқушының арасындағы сенімді қарым-қатынас – баланы аман алып қалудың негізгі шарты. Сондай-ақ «қауіп» тобына түсіп, мамандардың көмегіне жүгінген балалардың психикалық денсаулық туралы білімі артып, жаңа ортадағы құрбы-құрдастарының бойынан күйзеліс белгілерін аңғарып, қажетті амалдарды жасай алатын деңгейге жетті. Осылайша, кезінде өзіне қол жұмсауды ойластырған баланың өзі «суицид сақшысына» айнала білді.
Сауалдаманың өзі де терапиялық әсер беретіндігі анықталды. Мұны педагог-психологтарға келетін балалар санының 2 есе өсуінен байқауға болады. Сонымен қатар жоба аясында психикалық денсаулық проблемаларымен қатар, соматикалық ауруларды да емдеу қажеттілігі туды. Мәселен, тән кемшілдігінен қысылып, көп жылдық күйзелісте жүрген бір оқушы мектеп психологымен ашық сөйлескен соң, хирургке жіберіліп, ұзақ жылдар мазалаған мәселесінің шешімін тапты.
Бір қызығы, қоғамда суицидке көбіне оқу үлгерімі нашар, тұрмыстық жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балалары бейім болады деген пікір қалыптасқан. Алайда тәжірибе көрсеткендей, үздік бағаға оқитын, тәртібі жақсы, бақуатты әрі зиялы отбасының балалары да «қауіп» тобына кіріп отыр.
Облыста қанатқақты жоба енгізілгенге дейінгі ең ауыр көрсеткіш 2013 жылы болған еді. Дерттің бұл түрінен 18 бала көз жұмса, бұдан бөлек 13 жасөспірім өз өмірін қиюға талпыныс жасап, сәтін салып мақсатына жете алмаған. Жоба енгізілген алғашқы 2015-2016 оқу жылы 9 бала өзіне қол жұмсап қайтыс болып, 22 бала суицидтік әрекет жасаумен шектелсе, 2016-2017 оқу жылы қайтыс болғаны 9, талпынғаны 12 болған. Үстіміздегі оқу жылы 6 оқушы көз жұмып, 5-еуі әрекет жасап, өлім аузынан қалған. Яғни жоба барысында суицид деңгейі төмендеген.
Сырым АСҚАРОВ
«Қызылорда облыстық оқу орталығы
(әдістемелік кабинет)» КММ-нің директоры
Қызылорда