Қазақстан • 16 Ақпан, 2018

Ақтөс пен Пальма

820 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазғы маусым бітіп, қыркүйектің соңында малшылар ауылдың қуыс-қуысындағы қысқы қонысқа аттануға бел буатын. Осы сәтте алыстағы жайлаудан малшы иттері бір апта бұрын келетіні бар. Сонда шаруашылық басшылары «Қысқы қонысқа малшылар көшіп келе жатыр екен, хабаршы иттер келді» деп қысқы қыстауларды жөндеуге, отын-су әзірлеуге шығушы еді. Осынау қарбаласты көзіміз көрді.  

Ақтөс пен Пальма

Бір оқиға есімде. Елеусін – ауыл баласы. Мына Сұлутөбе тұсындағы «Наршоқы» атты қыс­қы қоныста бабалары дүние­ге келген. Көп жылдан бері мұ­най саласында еңбек етеді. Қыз­меті – профком. 

Елеусіннің ауладағы Ақтөс атты иті шынжырын үзіп, үш күн бойы жоғалды. Зайыбы зыр қағып іздеді. Әбден әбігерге түсті. Телефон соқпаған адамы жоқ. Бірде телефон шылдыр етті. Зайыбы жүгіре басып телефон тұтқасын ұстады.

– Мен Елеусінмін ғой. Ел-жұрт аманшылық па?

– Бәрі аман. Тек үш күннен бері Ақтөс жоқ. Таптырар емес. Кө­лік басып кетті-ау шамасы. Кү­шігінен қолға үйренген, бауыр басқан Ақтөс еді, – дей берді зайыбы.

– Уайымдама, Ақтөс ме­нің жанымда. Сен үш күн жо­ғалтсаң, мені үш күн іздеп, бү­гін Құмкөлге келіп тұр. Әбден шар­­шаған, қарны қабысқан. Та­мақ­тандырдым. Әлбетте, най­манның исі бөлек бола ма келген бойда аяғыма оралып, қыңсылап жатып алды. Сағынып қалыпты. Сүйіншіңді әзірлей бер...

– О, тоба сені іздеген ғой. Қа­­лай тапқан, – дей берді Елеу­сіннің зайыбы. 

Елеу­сін түс ауа Ақтөсті кө­лі­гіне мінгізіп, Қызылордаға тарт­ты. От­басы Ақтөстің оралға­ны­на қат­ты қуанып, мәз-мейрам болды. 

Тағы бір әңгіме. Майдангер Дүйсенбай Әбсадықов деген ағамыз көп жыл «Шіркейлі» ауы­лында ұстаз болды. Құралайды көзге атқан мерген еді. Қиын сәтте аң аулап, бүкіл ауылды асы­­­ра­ғанын жерлестері әлі күн­ге жыр қып айтады. Бір күні аңға шы­ғар ал­дында мыл­ты­ғы­ның бір құлағы түсіп қал­ға­нын байқайды. Не істеу керек? Аңшы әбден абыр­­жиды. Мыл­тық құлағының қай тоғайда қал­ғанын білмей дал бо­лады. Аңшы мұңын сезгендей Паль­ма аңшы аяғына орала береді.

– Енді мен де, сен де сорпа ішпейтін болдық. Бірге аңға шық­­паймыз. Енді осы жерде жа­та­сың. Мына мылтықтың бір құла­ғы жоқ, түсіп қалыпты. Сен енді соңыма ермейсің. Кет, әрі, енді менің мазамды алма, – деп аңшы қапаланып тұрып алады. 

Ит аяғына оралып жібермейді. «Жүр, іздейік» дегендей. Дүй­сенбай аға иттің көзінен бір қуа­нышты бай­қады ма, мыл­тығын асынып аңға шығады. Екеулеп жо­ғалған құлақ­ты іздейді. Ит озып кетіп, бір сағаттай жо­ға­ла­ды. Бір кезде ке­ліп тұр. Ауы­зында мыл­тықтың құлағы. «Тап­тым» дегендей. О, құді­рет, қалың тоғайдан қа­лай тауып алды? Бүкіл ауыл аңшы мылтығының құла­­ғының табылғанына қатты қуанады. Әр кез­дес­­кенде Дүй­се­кең осы әңгімені дү­ние­­ден өткен­ше айтумен кетті. 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

Қызылорда