Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Цифрландыру жобалары іске қосылды

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында білім беру саласындағы жобалар іске қосылды. Облыс «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында білім беру мекемелерінде ақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі қанатқақты аймақ екені мәлім, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Цифрландыру жобалары іске қосылды

Осылайша, Шымкенттің фронт-офисінде педагогикалық құрамды іріктеудің автоматтандырылған жүйесі енгі­зілді, оның басты артықшылығы – оқу орындарына мамандарды ірік­теу­дің ашықтығы. Сондай-ақ жүйе әртүр­лі пәндер бойынша педагогтардың жетіс­пеушілігінің толық көрінісін береді.

Бұдан әрі делегация С.Ерубаев атындағы №24 орта мектепті аралап, мем­лекеттік мектептердің 1-сыныптарына балаларды тіркеу жүйелерінің жұмысымен танысты. Қолданысқа енгізілген электронды журналдар мен күнделіктер ата-аналарға балаларының үлгерімін бақылауға, оқу бағдарламасы мен үй тап­сыр­малары туралы ақпарат алуға мүм­кін­дік береді.

Бұдан өзге, онлайн-сабақтар секілді жаңашылдықтар шалғайда орналасқан аудандардың мектептеріндегі мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешуге жол ашады. Ендігі интернет байланысы ар­қылы оқушыларға сабақ немесе мұға­лімдерге семинарлар өткізуге болады.

ЖОО-ларда да оқу үдерісін автоматтандыру процесі жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттер электронды портал арқылы барлық оқу материалдарын, тестілер мен емтихан тапсырмаларын жүктеп алып, сабақ кестесін сол жерден қарай алады.

Оңтүстік Қазақстан облысының мек­теп­терінде де, ЖОО-ларында да роботты-техника сыныптары ашылды. Қазір­гі таңда студенттер стартап-жобалар­ды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар Пре­мьер-Министрдің орынбасары Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, ондағы қызметтің электронды түрде қалай көрсетіліп жат­қаны­мен танысты. Ай­та кету керек, осы жыл­дың басынан бері халыққа қызмет көр­сету орталықтары 805 674 мемлекет­тік қызмет көрсетсе, соның 574 319-ы электронды форматта іске асырылған.

Сапар барысында Асқар Жұмағалиев қала кәсіпорындарының бірінде енгізілген автоматтандырылған жүйемен танысты. Мұнда ақпараттық технология­лар пайдалану шығындарын 41%-ға, ал электр қуатын тұтынуды 10 есе азайтуға мүмкіндік береді.