Ұлы Отан соғысының қайнап жатқан 1941 жылдың күзінде Ленинград қаласы жау қоршауында қалып, халқы аштықтан қиналған шақта бір эшелон (23 вагон) азық-түлікті сыйға тартқан қазақстандық делегацияның құрамында ақ тарының атасы, гектарынан 201 центнер дән өсіріп, әлемдік рекорд жасаған ақтөбелік Шығанақ Берсиев те бар болатын. Озат ақсақал қайтарында Мәскеуде кідіріп, оған жазушы Сәбит Мұқанов астананың көрікті жерлерін аралатыпты. Кешкісін сол кезде атағы жер жарған академик Лысенконың үйінде мейман болып, елге бір жасап оралады. Кейіннен Ғабиден Мұстафин әйгілі «Шығанақ» романын жазады.
Енді ел назарына ұсынып отырған суретімізді сөйлетер болсақ, оның басты кейіпкері біз айтып отырған Ақтөбе облысындағы «Құрман» колхозының Ленин орденді тары өсірушісі Ш.Берсиев пен колхоз басшысы Ш.Рахметжан.
Сол кезеңдерде қазақ телевизиясы да «Ақ тары неге азайып кетті?», «Ақ тарының атасы» хабарларын және «Үш бәйтерек» телеповесін жарыққа шығарып, Шығанақ шыңын дәріптеген еді. Бағдарлама барысында даңқты диқанның еңбегі түбегейлі зерттеліп, оның іс-тәжірибесі кеңінен насихатталды. 1943 жылы түсірілген сурет телевизия мұрағатына сол портреттік бағдарламаны жұртшылыққа жариялап жатқан кезеңдерде келсе керек. Биыл қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай оңтайлы сәтте осы сурет оқырман назарына жол тартса дедік.
Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ,
ардагер-журналист