– Сіз қазақтың аяулы перзентімен, айтыс дүлдүлімен бір шаңырақ астында 17 жыл түтін түтетіп, 6 баланың анасы атандыңыз. Ағамыз өмірде, отбасында қандай еді?
– Мен Ерікпен бірге өткізген өмірімнің әр күнін көктемге балаймын. Қысқа ғұмырында талай сәтсіздіктерге тап болып, қанша қиналып жүрсе де, үйге күліп келетін, көңіліндегі кірбіңді сездірмеуге тырысатын. Өте балажан болды. Ұл-қыздарын қабақпен тәрбиеледі. Той-жиындарда ортаны қыран-топан күлкіге кенелтетін. «Ерік айтыпты» деген әзіл, қағытпа әңгімелер ел арасында көп. Ұсақ-түйек шаруаларға араласпайтын. Мені «асыл жарым, үш жүзден таңдап алған Нәсіпжаным» деп еркелететін. Ол дүние қумады, нағыз бақытты байлықпен өлшемеді. Көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге, қамқорлық жасауға әркез дайын тұратын.
Оның қайырымдылығын ұмытпағандар әлі күнге дейін алғыстарын білдіріп жатады. Мына бір оқиға есімнен кетпейді. Көкшетау қаласында тұратынбыз. Осындағы төрт бөлмелі пәтерімізді асырауында екі баласы бар ауған соғысына қатысқан жауынгерге тегін бере салды. «Айтыстың ақберені» оншақты көлік ұтып алып, біразын туыстарына, таныстарына сыйлады. Бірде «Volvo» маркалы машинасын 15 мың долларға сатпақшы болды. Алушының 11 мың ғана доллары бар екен. Саудаласқан жоқ. «Темір тұлпарыңды» жуарсың», деп 100 долларын қайтарып берді.
Қарғадайынан қасына ерткен інісі Бекболат Тілеухан – бүгінде ел ағасы. Ағасының өнегесін аузынан тастамайды. Еріктің азаматтық, адамгершілік, мәрт мінездері туралы өзгелерден естігенде жаным сергіп, марқайып қаламын. «Жақсының аты өлмейді» деген осы да.
– Ағамыз жауһардай жазба жырларымен де қалың қазаққа танылып, артына өшпес мұра қалдырды. Әлі жарияланбаған туындылары бар ма?
– «Ақын Қасым Аманжоловтан кейін баспана тауқыметін тартқан – менмін», деп айтып отыратын. Алматыда қанша жыл тұрса да көзі тірісінде бір баспана бұйырмады. Содан кейін Көкшетау өңіріне қоныс аударуға тура келіп, жеті жыл тұрдық. Осы уақыт аралығында тоғыз әкім ауысқан қаланың тұрмысы, тұрғындарының жағдайы айтпаса да түсінікті еді. «Байбөрінің боздауы», «Күрсіне берді Көкшенің бұлты арылмай», «Көкшетауға Абылайдай хан керек», «Жолаушының жолы жарты» секілді кесек шығармалары майшамның жарығымен жазылды. Астананың Ақмолаға ауысқанын естіп балаша қуанды. Ойланбастан елордаға аттанды, қызметке орналасты. Көп ұзамай төрт бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Сол кездегі қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. «Нәсен, енді мені мазалама, Алла жазса, елу жасқа дейін елу томдық кітап шығаруым керек», дейтін. Жазу үстелінің үстінде баспаға әзірлеген бір томдық кітабы, одан өзге «Аэропорттан әрі – аспан» пьесасы және «Абыл атаның әулеті» романы, көптеген естеліктері қалды.
«Кірлеме менің жүрегім», «Күзгі элегия», «Құлыншақтарым» өлеңдеріне белгілі сазгер Еркеш Шәкеев ән жазды.
– Туған жері – Мағжан еліне жиі келетін бе еді?
– Кіндік кесіп, балалық шақ өткен қасиетті мекенді жанындай сүйетін. Төртінші сыныпта оқып жүргенде «Туған жер» деген өлең шығарыпты. «Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам», «Қызылжар», «Қыс болса Қызылжарға кеткім келер», «Барады ағып ерке Есіл», «Көргің келсе қар бұрқаған боранды», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың» тағы басқа көптеген жырларында перзенттік махаббаты айқын көрініс тапқан.
Мағжан атамыздың 110 жылдық мерейтойына қатысуға аттанар алдында «Нәсен, мен бір жақсы түс көрдім. Мағжан екеуіміз аспанда ұшып жүр екенбіз» деген. Жақсылыққа жорып қойғанмын. Тағдырдың жазуын қарашы, туған жер төсінде мәңгілік сапарға аттанып кете барды.
Артында қалың іздеушісі, жоқтаушысы бар, соған шүкіршілік етемін. «Ерім» дейтін Қызылжардай елі ұмытпапты. Осы жолы арнайы келіп, бір шараға қатыстым. М.Жұмабаев ауданындағы № 4 қазақ мектебіне атын беру туралы ұсыныс түсіпті. Астана мен Петропавлдың бір-бір көшесі де оның есімімен аталып жатса, көптік етпес еді.
– Айтпақшы, сіздер қалай таныстыңыздар?
– Мен Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тумасымын. Алматыдағы республикалық эстрада және цирк өнері студиясын домбырамен ән салу мамандығы бойынша бітіріп, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған ансамбльде жұмыс істеп жүргенмін. 1986 жылы айтыс өнері жаңғырып, дүбірлі додаға аудан атынан мені үкілеп қосты. Алматы телеарнасынан таланттыларды іріктеу үшін Жүрсін Ерман аға мен Ерік келіпті. Қиялымдағы жігітті кездестіре алмай жүрген ару едім. «Көрдім де сені, кеттім мен оқыс оянып» деп Ерік жырлағандай бір көргеннен ғашық болып қалғанымды қайтіп жасырайын?
Қыздарымыз Айдана мен Айсана тұрмыста. Үлкен ұлымыз Сырым театрда режиссер. Бекзат – мемлекеттік қызметші. Абылайхан – музыкалық редактор. Кенжеміз Еркөкше – тарихшы. Бәрі де өнерге жақын. Өлең де шығарады. Бірақ ешқайсысы әке жолын қумады. Өз таңдауларын жасады.
Бір жағынан, әкелері сияқты сыздаған жараның бетінде жүрулерін қаламағаным рас.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Нұргүл ОҚАШЕВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Солтүстік Қазақстан облысы