Махмұд Қашқари, Сюань Цзян, Рубрук сияқты ерте замандағы ғалымдар мен саяхатшылардың да жазбалары Тараздың көне шаһар екенін растай түседі. Ал Шығыстың әйгілі ғұлама шайырлары Сағди, Жәмилердің ғазалдарындағы Таластың сұлу келбеті, сұлулардың айлы түндегі асқақ бейнесі әлемдік деңгейдегі поэтикалық сурет. Ал тарихқа келсек, ерте замандағы көшпенді дүниенің ең ірі мемлекеті Ұлы Хұн империясы болатын. Қытай шежірелерінде Талас бойындағы алғашқы шаһарды Хұн шәниюлерінің соңғыларының бірі Шөже біздің дәуірімізге дейінгі қырқыншы жылдардың шамасында салдырған деседі. Алайда қала салынған соңғы үш-төрт жыл аралықта бұл жерді қытайдың қалың қолы талқандап кетеді. Хұн бекінісі талқандалғанмен арадағы сауда жолының тармағы жойылмаған. Сөйтіп әйгілі Тараз шаһары VІІ ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталықтарының біріне айналады.
Жалпы, 508 жылы Византия елшісі Земархтың Естеми ханмен келіссөзінің Таразда жүргізілгені, 751 жылы Тараз маңындағы Атлах түбіндегі шайқастың арабтар мен қарлұқтардың пайдасына шешілгені сияқты тарихи деректер бар. Ал Қарахан дәуірі бұл өлкенің рухани шарықтау кезеңі болғаны, Х-ХІІ ғасырларда Тараз түркі дүниесінің аса ірі саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғаны да күмән тудырмайды.
Талай заманнан бері Тараздың тарихы зерттеліп келеді. Студенттік шағында түркі халықтарының этнологы ретінде танылған ғалым Александр Бернштамның «Жинақталған материал Тараздың саманид-қараханид дәуіріндегі қала болғандығы, мекенжайдың, оның құрылымының дамығандығы, тұрғындардың көне халық екендігі жөнінде ой қорытуға болады», кезінде тағдырдың жазуымен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде қызмет атқарған Лазарь Ремпельдің «Табылған археологиялық қазба жәдігер саз балшықтан қаланған дуал. Қаланған құрылыс тұрғын үйдің қабырғасы емес. Бұл қираған қатпарлы құрылыстың қалдықтары» деген жазбалары да Тараз тарихын зерттеу үшін мұнда талай ғалымдардың табан ізі қалғанын айғақтайды. Сонымен қатар Әулиеатаның әкімі қызметін атқарған Каллаур 1904 жылы, Массон 1927 жылы, ал Ремпель 1950 жылы қазба жұмыстарын жүргізгенде де мұнда адамды жерлеу рәсімінің ерекшеліктері туралы жазған. Тіпті ерекше астау табыттарды Ташкент пен Ленинград қалаларына жіберген екен. Ал 1895 жылы құрылған археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі, 1938 жылы Жамбыл қаласынан ашылған археологиялық пункт те Тараз өңірінен табылған тарихи жәдігерлерді сыртқа жіберумен айналысқан. Бүгінде сол жәдігерлердің қайсысының қай мемлекеттің музейінде тұрғаны бізге беймәлім. Тек Тараздың көне шаһар екені ғана айтылады.
Тараз маңайында кезінде Хамукент, Төменгі Барсхан, Жиқыл, Адақкент, Құлан, Мерке, Аспара, Баласағұн қалаларының болғаны белгілі. Алайда күні бүгінге дейін жетіп, өмір сүріп тұрғаны Тараз ғана. Тараздың тарихын таразылап, өткенін шежірелейтін ғалымдар азды-көпті еңбек еткенімен күні бүгінге дейін осы көне шаһар туралы бір ізге түскен толымды еңбек жарияланбай келеді. Мәселен, әрбір ғалым тарихи деректерді өз таным-тұрғысынан зерделеп, оны хатқа түсіруде. Сондай-ақ Әулиеата өңірінде кімдер өмір сүрді, қандай тұлғалар қызмет етті дегенге жауап беретін де еңбек жарық көрсе дұрыс болар еді. Жыл сайын кітаптар шығып, Тараз тарихына қатысты мағлұматтар берілгенімен, бүгінде Ташкент пен Ленинградқа кеткен дүниелер сияқты жәдігерлердің жоқтаушысы табылмай келеді.
Бүгінде Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының мұраларын зерттейтін «Бауыржантану», Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған «Шерхантану» орталықтары жұмыс істейді. Алайда екі мың жылдан астам тарихы бар делінетін Тараз қаласының тарихын зерделеу жұмыстарын жүргізетін «Таразтану» орталығы жоқ болып тұр. Егер аталған орталық құрылып, мұнда жергілікті ғалымдар мен тарихшылар өз жұмысын бастаса көне шаһарға қатысты әлі талай дүниелердің деректері ашылатын еді. Кезінде мұнда Бақтияр Әбілдаұлы мен Күзембай Байбосынов сияқты азаматтар шаһар тарихын зерттеумен айналысқан. Өкінішке қарай, бүгінде бұл екі азамат та дүниеден өтіп кетті.
«Тараздағы жоғары оқу орындарында жеке тұлғалар атындағы ғылыми орталықтар болғанымен, «Таразтану» орталығы жоқ. Біздіңше, тараздық тарихшы ғалымдар үшін көне шаһарды танып-білу бірінші міндет болуы керек сияқты. Елбасының «Тараз – тарихымыздың темірқазығы», «Тараз – рухани байлығымыздың алтын діңгегі», «Тараз – шын мәнінде де біздің тарихымыздың таразысы, ғажайып айнасы, бұлтартпас айғағы екені анық. Біз көшіп-қонып жүре берген, ырзығын малдан ғана айырған халық емеспіз, өзіндік төлтума сәулеткерлік пен құрылысшылық дәстүрі бар, сайын далада сан түрлі қала тұрғызған, егін егіп, бақ өсірген, сан тарам мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысқан торабында өмір сүріп, үлкен өнеге көрген өсімтал елміз. Әрине, бүгінгі дүниеде мұндай шындықты мойындағысы келмейтіндер әлі де аз болмас» дегендерін қалай ұмытуға болады?! Егер Таразда «Таразтану» ғылыми және археологиялық зертхана орталығы жұмыс істесе, бұл жұмыстың жанданатыны сөзсіз», дейді Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет.
Расында да Тараздың көне тарихы кім кімді де қызықтыратыны белгілі. Ал оның барын ұқсатып, жоғын өзіміз түгендемесек, ешкім де сырттан келіп мұны жасап бермейді. Әрбір азамат туған жердің топырағына дейін қастерлеп, оның бойындағы байлықтарды игілікке жарата алса ғана тарихтың жаңа бір тынысы ашылмақ. Бес-алты қабат тереңдікте жатқан көне шаһардың орындары әлі ашылған жоқ. Екі мыңыншы жылдары Тараз қаласының 2000 жылдық тойында, Қазақ хандығының 550 жылдығында қазба жұмыстары жүргізілгені болмаса, үздіксіз қазба жүргізілмей келеді. Мәселен, Төле би көшесімен келіп, Абай көшесіне түсер тұста, одан кейін Сүлейменов көшесінде көне Тараздың кезіндегі белгілер әлі бар. Бүгінде бұл жерлердің маңайында Жамбыл облыстық әкімдігінің басқармалары, Жамбыл облыстық қазақ драма театры, «Атшабар» шағынауданы орналасқан. Тарихи дерек бойынша қорған ретінде салынды деген бүгінгі Сүлейменов көшесіндегі биік жерге осыдан бірнеше жыл бұрын сол «Атшабар» шағынауданы салынып кетті.
Кеңес заманында да қазақтың талай рухани байлығының, көне жәдігерлердің көрінгеннің қолында кеткені белгілі. Ал Тараз қаласынан табылған жәдігерлердің көбісінің бүгінде тек суреті ғана болмаса, өзінің елесі де жоқ. Ал енді олар қайда кетті, қай жерде тұр деген сауалдың бүгінде көлденең шығатыны заңды да. Кезінде Жамбыл облыстық мәдениет басқармасын басқарған Әлібек Әмзеұлы мынадай бір әңгіме айтты. Сол кеңес заманында Жамбыл қаласына Мәскеу мен Ленинградтан ғалымдар келеді. Келген мақсаттары Тараз іргесіндегі Айша бибі кесенесін қазып, сонда жерленген бибі сүйегін алып кету болыпты. Алайда ол мұндай жағдайға рұқсат бермейтінін айтады. Бірақ басқарма басшысын тыңдамаған ресейлік ғалымдар сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәбит Байжановқа барады. Ол кісі де рұқсат бермейтінін айтқан соң, олар Алматыға кетіп қалыпты. Ертеңіне еліміздің сол кездегі Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековке әлгі ғалымдар барады да, мән-жайды түсіндіреді. Ертеңіне министр басқарма басшысын шақыртады. Сөйтіп ұлтшыл азамат Өзбекәлі Жәнібеков сол ғалымдардың көзінше «Кесене маңынан бір кетпен топырақ алынбайтын болсын» деп Әлібек Әмзеұлына тапсырма береді. Бұл әңгіме содан кейін ғана басылады. Егер Айша бибі кесенесі қазылып кетіп, әлгі ғалымдар бибі сүйегі мен сол жерден табылған құнды жәдігерлерді алып кеткенде жағдайдың қандай болатынын айтудың өзі қиын еді.
Бір сөзбен айтқанда, Тараз тарихын танудағы жұмысты жандандыру қажет-ақ. Қала ішіндегі бір ғана «Шахристан» орынындағы жерден талай құнды дүниелердің табылатыны белгілі. Сол сияқты Наманган көшесінің астынан да жүздеген жәдігерлердің табылатынына күмән келтіруге болмайды. Тек қана жүйелі жұмыс жолға қойылса ғана істің өнетіні шындық. Тараз төрінде өткен шаһардың екі мың жылдық тойына да, Қазақ хандығының 550 жылдығына да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысып, өзінің жоғары бағасын беріп кеткен болатын. Тарихы мен тамыры тым тереңде жатқан Тараздың әлі де талай кереметтерді бойына жинап жатқаны анық. Кезінде қала тұрғындарынан бір үйдің қабырғасын бұзу кезінде оның ішінен құмыра шыққаны, сол құмырадан көне Тараздың картасы шыққаны жайлы әңгімелерді естігенбіз. Бірақ ол дүниелер де бүгінде еш жерде жоқ. Сондықтан да тарихы терең, тағылымы зор шаһардың шын кейпі ұрпақтар санасында қайта жаңғырады деген сенім мол.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы