Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

Аграрлық саланы қолдаудың жаңа тәсілдері қажет

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдардағы басым бағыттары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Аграрлық саланы қолдаудың жаңа тәсілдері қажет

Парламент Сенаты Төр­аға­сының орынбасары Сергей Гро­мов өзінің кіріспе сөзінде Пре­зидент Н.Назарбаев «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударғанын еске салды. Мемлекет басшысы еңбек өнім­ділігін арттыру және өңдел­ген ауыл шаруашылығы өнім­дерін экспорттауды ұлғайту мін­деттерін алға қойған болатын.

С.Громов, сонымен бірге елі­мізде ауыл шаруашылығы сала­сында еңбек өнімділігі өте төмен екенін, оның басты себеп­терінің бірі техникалық жаб­дық­тардың жеткіліксіздігі болып отырғанын айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы тракторлар мен комбайндар саны бойынша басқа елдерден артта қалып келе жатқанымыз, оған қоса оларды тиісті мерзімінен асыра пайдалану жиі кездесетіні атап өтілді.

Сенат Төрағасының орынба­сары ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу деңгейінің төмен­ді­гін, оның шамамен 80 пайызы шикізат түрінде сатылаты­нына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бар­лық өңдеуші зауыттардың өндіріс қуаты 20-60 пайызға ғана пайда­ланылып отыр. Ет, сүт, жеміс пен көкөністердің 30 пайыздан аз бөлігі өңделеді. С.Громов шикі­затты өңдеуді қамтамасыз етуге және сапасы жоғары, эколо­гиялық таза «Қазақстанда жасал­ған» брендімен танылатын дайын өніммен әлемдік нарыққа шығуға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

Бұған қоса тауар өндірушілер әлеуеті мол нарықтарға бірнеше себептер бойынша шыға алмай отырғаны да айтылды. «Бөлшек ба­ғаның 70-75 пайызын ием­де­нетін делдалдарға қарсы жұ­мыстарды күшейту керек, ол дамыған елдерде тек 15-20 пайызды құрайды. Өндірілетін өнімнің қосымша құнын арттыру үшін өндірістен тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбекті қайта қарау қажет. Қазіргі шешімдер логистиканың барлық байланыстарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті. С.Громов.

Сенаттың Аграрлық мә­се­ле­лер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұр­ғалиев өз сөзінде еліміздің агро­өнеркәсіп кешеніне шұғыл түр­де егжей-тегжейлі талдау жұ­мыстарын жүргізу және оны дамыту үшін қаржы бөлу ережесін қайта қарау қажеттігі туралы айтты.

Ж.Нұрғалиевтің айтуынша, субсидиялау, жеңілдетілген несие түріндегі, салық салудағы және қызмет көрсетудегі мемлекеттік қолдау көлемі тек 2017 жылы жалпы алғанда 260 мил­лиард теңгені құрады. Бұл ретте агро­өнер­кәсіп кешені ішкі жалпы өнімнің 4,7 пайызын ғана қамта­масыз етіп отыр, ал 90-жыл­дардың басында саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі ширек бөліктен астам болатын.

Саладағы еңбек өнімділігі (бір қызметкерге 1,5 миллион теңге шамасында), мал өнімділігінің деңгейі, негізгі мәдени дақыл­дардың шығымы, қазіргі за­ман­ғы агротехнология шараларын пайдалану көрсеткіштері өте төмен. «Осылайша, ауыл ша­руашылығындағы өзекті мәсе­лелерді шешуге мемлекет бөлген қомақты қаржыны пайдалану, ісі үлкен күмән туғызып отыр», деді сенатор.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев агроөнеркәсіпті ке­шенді дамытудың 2017-2021 жыл­дардағы басым бағыттарын таныстырды.

Сондай-ақ дөңгелек үстел оты­рысында С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­верситетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы агро­өнеркәсіп кешенінің төрағасы Иван Сауэр, Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган, Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әуезхан Даринов, Республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы Тынышбай Досым­беков сөз сөйледі. Ауыл шаруа­шылығы кооперациясына ша­ғын және орта бизнесті тарту, отан­дық өнімдерді экспорттауды ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу, экс­порт саясаты, мемлекеттік қол­даудың қар­­жы және басқа да шараларын тиімді пайдалану, өнім өн­діру­ші­лерді техника­мен және хи­мия­лық қорғау құралдарымен қамта­масыз етуді арттыру туралы мә­селелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берілді.

Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдарға енгізілді.