Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
– Жанұзақ Керімбекұлы, кешегі Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, т.б. тарихи тұлғалардың бейнесін қайта жаңғыртып, шығармашылығыңызға арқау етуіңізге не себеп болды?
– Өмірде шын болған тағдырлар туралы жазуға суретшілер кәдімгідей қиналады. Өйткені олардың ұрпақтарын тауып, арғы-бергі тарихтан қаузап мәліметтер жинау, музейлер мен архивтерге сабылып, тың деректер іздеу адамның көп уақытын алады.
Ақпарат саласында жұмыс істегендіктен бұл идея үнемі ойымда жүретін. Мысалы, Бұқар жырау, болмаса Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді алайық. Олардың қанатты сөздері, ғибратты әңгімелері ауыздан ауызға тарап бүгінгі күнге жеткенмен, жанды бейнесін көз алдыңызға елестете алмайсыз. Бірде осы Балуан Шолақ бабамыз туралы әріптесім арнайы репортаж дайындады. Содан соң әңгімелесе келе балуан бабамыздың бейнесін еш жерден таба алмай қойдық, энциклопедиядан, әдебиеттерден іздесек графикамен салынған тек бір ғана суреті қайталана береді. Мұнысы бейнетаспаға жазуға онша келмейтін сыңайлы, деді.
Графика дегеніміз қарындашпен тұлғаның сұлбасын жай ғана ұқсата салу ғой. Ал бейнелеу өнерінің ерекшелігі, аты аңғартып тұрғандай, жанды бейнені көз алдыңа әкелу деген мағынаны білдіреді. Сіз онымен емен-жарқын ақтарылып әңгіме-дүкен құрып отырған адамдай сезінесіз, яғни динамикаға өте жақын. Бейнелеу өнеріндегі портретті жазу дегеніміз, шоқтығы биік, күрделі жұмыс. Портрет әдебиеттің күрделі жанрына ұқсайды, ұстыны романмен барабар дүние деп есептеймін. Зерттеп, зерделеп, туындыны жазуға бір-екі жыл керек, тіпті одан да ұзап кетеді.
– Балуан Шолақ бабамыздың портреті қалай дүниеге келді?
– Ағайындарынан, көнекөз қариялардан сұрастыра келе қазіргі Ақмола облысындағы Ақкөл ауылында бұл кісінің ұрпағы тұратынын естіп, ол кісілерді арнайы Астанаға шақырдық. Келді. Мен ол кезде «Білім және мәдениет» телеарнасында қызмет істеп жүрген болатынмын. Сонда Балуан Шолақтың баласы Құдайбергеннің кіндігінен тарайтын тікелей ұрпағынан 1960 жылы туған Шайдолламен жолықтым. Құдайбергеннің он шақты баласы бар десек, соның төртеуі сонда тұрады. Ең үлкені Аян апамыз. Шын есімі Әйбат Құдайбергенқызы. Сексенді алқымдап қалған кісі. Шайдолла Құдайбергенұлы Астанада тұрады. Ол кісінің бір фотосы сақталған, бірақ аласапыран заманда қайда қалып қойғаны белгісіз. Түрлі-түсті қарындашпен апыл-ғұпыл салынған бір суреті бертінге дейін сақталып, энциклопедияға, барлық әдебиеттерге жалғыз портреті енген. Ол картинаны суретші Құдайбергенге қарап отырып салса, ал мен оның ұлы Шайдоллаға ұқсатып бедерледім. Бірақ екі суреттен айтарлықтай алшақтық байқала қоймайды.
– Мұның алғашқы нұсқасынан ерекшелігі неде?
– Балуан Шолақтың бір ерекшелігі мойыны жуан, қараторы, сымбатты кісі болған. Кеуде мен мойын тұтасқан кесек кескінді келістірудің өзі қиын да ұзақ еңбек. Білетін жұрт бүгінгі заманның адамы болғанмен Шайдолланың түрі, көзі атасынан аумайды, ал өзі әкем атама қатты тартқан, дейді. 2014-2015 жылдары бұл туындым Тәуелсіздік сарайындағы көрмеге қойылды. Бала-шағалары, ұрпағы түгел келіп көрді. Рахмет айтты. Қуанды. Мен бейнелеген бабамыздың осы портреті бүгінде Астана көшелерінің бойындағы шыны тақталарда ілулі тұр.
...Бірде Жамбыл музейіне бас сұқтым. Өйткені бұл кісінің Жамбыл бабамызбен шығармашылық байланыста болғаны мәлім. Жыр алыбының жанына балуан бабамыздың осы портретін қатар іліп қойғанын көріп, қуандым.
– Тарихи тұлғалардың бейнесі қандай деректерге сүйеніп салынады?
– Үш бидің кескін-келбеті жұрттың санасына Тоқболат Тоғысбаев ағамыздың портретімен шегеленгені мәлім. Танымал суретші үш бидің бейнесі үшін көптеген тарихи құжаттармен танысып, құнды деректер іздеді. Тағы бір айта кететін жайт, қазір елімізде Суретшілер одағының 1250-ге жуық мүшесі бар. Жазушылар одағының мүшесі 780-ақ. Осыдан-ақ Суретшілер одағы қарым-қабілетінің қаншалық өскенін бағамдай беріңіз. Өйткені Астана қаласының өзінде 110-нан аса мүшесі бар, ал 2009 жылы осында қоныс аударғанымда олардың саны елуге жетер-жетпес қана болатын. Қазір олардың саны екі есеге көбейді. Соның нәтижесінде әр өңірдегі танымал тұлғалардың тарихи портреттерін түгендедік. Ал соңында іздеушісі, айтушысы жоқтықтан ұмыт қалып қойғандары да баршылық. Мысалы, Ықылас Дүкенұлына қатысты деректерді екі жыл бұрын іздегенімде соның нақты куәсі болған жайым бар. Күйшінің өзі ойнаған, саусақтарының ізі қалған қобызын Тараздағы музейде ұстап көрдім. Сонда ұрпағы тұрады. Ол кісінің туыс немересі, «Хабар» телеарнасының бас операторы Еділ Ермекбайұлы өзі қобызшы, кәсіби музыкалық білімі бар азамат. Еділ бауырыммен бірге Ықаңның туған жерін, табанының табы қалған даласын аралап, жаздыгүні ол кісінің портреті дүниеге келді. Алматыда Ықылас Дүкенұлы атында ұлт аспаптары музейі бар. Бірақ атамыздың ол жерде портреті жоқ. Тек өмірбаяны ғана жазулы тұр.
– Суретшінің қоғамнан алатын орны, рөлі, қазіргі хал-ахуалы қандай?
– Шетелге шығарда «Мынадай тақырыпқа суретшілердің картиналары бар ма?», – деп сабылып іздейді. Көрме өтеді. Іс бітеді. Қайтып келген соң тағы сол баяғы қоңыр тіршіліктің әуені қайта басталады. Бір сәттік іссапарлардың шаңында көміліп қалып жатқан халықпыз. Бірақ дүние жүзіне танымалдығымыз жағынан ешкімнен сорлы емеспіз. Бірінші орынға экономиканы қойғанымызбен, рухани дүниенің, өнердің көтеретін жүгі зіл батпан. Музыка, спорт, бейнелеу өнері... Әлемдік деңгейде ерекше орны бар осы үш байлық. Америка, Жапония, Еуропа елдерінің туризмі сол арқылы дамыды және осы үшеуімен биіктеді. Атақты Пабло Пикассоның бір ғана «Герника» картинасын көру үшін бұл қалаға жылына мыңдаған адам туристік сапармен ағылады. Бұл туындының идеясы жер бетіндегі бүкіл адамзат баласын бейбіт өмір сүруге үндейді. 1937 жылғы 26 ақпанда Герника қаласы үздіксіз үш сағат бомбымен атқыланып, тарихи деректер бойынша 300-дей бейбіт тұрғын мерт болды. Қайғылы оқиғаға бүкіл әлем көз тікті. Пикассо жүрегін дүр сілкіндірген алапат трагедия ұлы суретші қаламынан ірі құбылыс тудырды. Міне, мәртебелі өнердің құдіреті! Сол секілді Луврға келушілер нөпірі де тап солай. Францияны көруге емес, Лувр туындыларын тамашалауға барады. Мәскеуге ат басын тірегенде Қызыл алаңның үстінен үнсіз өтіп кете беруіңіз, мүмкін, ал бірақ Третьяков галереясына бас сұқпау өте ұят. Мынадай әлемдік деңгейдегі галерея біздің Отанымыздың астанасында да бой көтерсе ғой, шіркін, деп қиялға қымсына ерік бересіз. Қашан бізде жеке басының байлығынан мемлекеттің мүддесін жоғары қоятын, Қазақ елін өркендетуді армандайтын қалталы азаматтар туар екен? Меценаттар өздерінің ақшаларын осындай құнды, өлмейтін, мәңгілік жобаларға неге салмайды деген ой санаңда жылт етеді.
– Өзіңіз осы уақытқа дейін тағы қанша адамның портретін салдыңыз?
– Ықыластың бейнесі бітіп, бүгінде әскери музейдегі галереяда тұр. Арасында бүгінгі өмірімізге қатысты дүниелер өте көп. Бас-аяғы жүздеген адамның портретін салдым.
Ықылас атамыздың да туған-туыстары музейге келді. Өз ойларын ортаға салды. Мұнан басқа тағы да біраз ойланып жүрген жобаларым бар.
– Суреттеріңізде қай бояуды көбірек пайдаланасыз?
– Мысалы, мына картинада мыңдаған түс бар. Жалғыз көк түстің өзінен жоқ дегенде 300-400-ге дейін түс ойлап табуға болады. Қасының өзінде 40-50 түрлі бояу бар. Бет жылы және суық түстердің қосындысынан туады. Осы қос түсті шендестіру арқылы ортасынан басқа бір ерекше түс пайда болады. Тұлға бейнесі бояулар синтезінен тұрады.
– Бояуды, кенепті қайдан аласыз?
– Бояу көбіне Ресей мен Қытайдан алынады. Өзім Мәскеу мен Санкт-Петербургтен шыққан бояулар мен кенепті пайдаланамын. Бір құты бояу бір мың, алды бес мың теңге тұрады. Біздің мемлекетімізде мұны өндіретін технология дамымай тұр. Бояу, кенеп, багет, қылқалам... үшін сыртқа кетіп жатқан қып-қызыл ақшаға ішің удай ашиды. Кенеп жасайтын фабрика неге жоқ бізде? Дамыған елдердің технологиясын елімізге әкеліп орнатуға болмай ма? Өзімізде неге осыларды өндірмеске? Дейсің. Ойланатын нәрсе көп.
– Әдебиетте қайталап оқып, үстінен түзеу, күзеу демекші, сандаған көзге көрінбейтін жұмыс көп. Сурет өнерінде ше?
– Картинаның әуелі сұлбасы сызылады. Бір детальге бірнеше соғып, жеті-сегіз мәрте қайта өңдеп жазып шығамын. Мысалы, бірінші рет жазғаныңыздан екінші айналып соққандағы дүниеңіз мүлде өзгеріп, басқаша сипат алып шыға келеді. Бір өткен жолыңызға сан мәрте айналып соға берсеңіз, үстінен жұқалап өрнектеген сайын жансыз жанарға бірте-бірте жан біте бастайды. Леонардо Да Винчидің «Джокондасының» көзі күліп тұр ма, жоқ әлде сәл ғана езу тартып, жымиып тұр ма, тап басып айту қиын. Біреу «ер адам екен» дейді, біреу «жоқ, әйел» дейді. Әлі күнге дейін мамандар толық зерттеп болды деген үзілді-кесілді пікір жоқ. Портрет жанрының құдіреті сонысында. Мұрнының екі шеті тыныс алып тұрғандай, болмаса ерні сәл діріл қаққандай, әлдене айтқысы келгендей динамика, қимыл байқалып тұруы керек. Анықтап аңғарған адам соған көз жеткізеді. Портрет жанрының соңынан бір түскен адам кері шегіне алмайды. Бұл – менің төл жанрым. Қаланы да, даланы да бейнеледім, қаншама натюрмортқа көз майымды тауыстым. Алайда адам әлемін сүйгенімдей бұларға жан сырым төгіліп, алапат сезім буырқанбапты. Өйткені өмірімнің басым белесі адамдармен жұмыс істеуге, жас жеткіншектердің тәрбиесіне қатысты болғандықтан мен олардың психологиясын көбірек зерттегім келді. Біраз жыл мектепте қарапайым мұғалімдіктен бастап, оқу ісі жөніндегі орынбасар, мектеп директоры қызметіне дейін өстім...
– Алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алу ойыңызда бар?
– Іленің бойы, Балқашқа құяберіс тұсы сырын ішіне бұғып жатқан бөлек бір тылсым ғалам ғой. Мұндағы көп тарих әлі қағазға түспеген. Өзім туған Ақкөлдің өзі бір тарих. Қарт тарихтан Созақ көтерілісі туралы деректі естисіз, ал бірақ Ақкөл көтерілісі жайында көп адам білмейді. Он бір адамды халықтың көз алдында жер жастандырып, сол жерге жерлеген. Әлі күнге ол тұстан әрі-бері өткенде неше түрлі үн құлағыңа шалынады. Ескеріліп, ескерткіш қойылды. Рахмет! Сол жерден небір мықты күйші, жырау, ақындар шыққан, бірақ олардың аты-жөні еш жерде айтылмайды. Ұмытылып қала берген. Бірінші, сол туған өңірімдегі ақын-жырауларды сипаттағым келеді. Олардың кейінгі ұрпақтарымен кездесуім керек. Өзімнің алдыма осындай міндет қойып отырмын. Мысалы, Амангелді батырдың күрескерлік келбеті Әбілхан Қастеев бедерлеуімен тарихи портретінде қалай шынайы көрініс тапты? Ол үшін қылқалам шебері Торғай өңірінде жылдап жүрді. Бір деректе жеті жылға дейін аралапты десе, енді бірінде одан да көп. Үш жыл тек Амангелді картинасын салумен айналысқан екен.
– Біздің елімізде бейнелеу өнері туындысын кәсіби тұрғыда талдай алатын білікті сарапшылар, сыншылар бар ма?
– Суретшілерде не газет, не журнал жоқ. Бірақ «жоқ, жоқ» деп жылағанмен, бізге мұны сырттан біреу дайындап бермесі аян. Телеарналар мен радиодан неше түрлі сапасыз, мән-мағынасы дүбәра музыка ойналады. Бірақ оларды талдап, сараптама жасайтын кәсіби сыншылар аз. Композитор қаптап жүр, бірақ жұрт орындаушыларды ғана біледі. Біздің адасып жүргеніміз осы. Қылқалам шеберлерінің еңбектері туралы жазған бірлі-жарым қаламгер әріптестеріміздің мақалаларын ара-тұра басылымдардан байқап қалатынымыз болмаса картиналарға, тың туындылар туралы қазақ тілінде арнайы сараптама жазып, кәсіби тұрғыда егжей-тегжейлі талдап беретін зерттеушілер жоқтың қасы... Көрмеге барған адам портретке бір қарайды да сезімі селт етпей жанай өтеді. Ол байғұста кінә жоқ, өйткені оның ана суретті оқуға өресі жетпейді. Қазіргі қоғамдағы ауа жайылып кеткен неше түрлі дертті, қасіретті сурет өнерімен түзеуге болатынын ескермей жүрміз. Өнер туындысы арқылы бүкіл әлемді құтқарып қалуға болады. Мысалы, жемқорлықты жою керек деп сағаттап зарлағаннан гөрі 4-5 суретшінің еңбегін пайдаланған әлдеқайда тиімді емес пе?
–Картинаңызды сатып алушылар көп пе?
– Сұраған адамға 100-500 мың теңге дей бастасаң, көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Қымбат, дейді. Ал екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын біреулер тойына келіп ауызын жыбырлатса, мың долларды қалтасына баса салады.
Қазір Ван Гогтың бір картинасы, жай этюдінің өзі екі-үш миллион доллар, ал Пикассоның бір сызығы мыңдаған ақша тұрады. Байлар оны бірінен бірі сатып алып сақтайды. Ал біздің қаншама байлығымыз шетел асып кетіп жатыр. Жақында Амандос Ақанаевпен сөйлестім. Ол кісіден жүздеген картинасын шетелдіктер сатып алғанын, Англияның өзіне 300-ге жуық туындысы кеткенін естіп, білдім. Суретші әр картинасын әрі кеткенде 10-50 мың долларға сатқан шығар-ау. Қазір бізден болмашы бағаға сатып алып, кейін сол байлықты өзімізге миллион долларға сатпасына кім кепіл! Менің де біраз суретім шетел асып кетті. Осыны қадағалайтын кез жетті. Базардан арабтың, түрікменнің кілемін сатып алғанша керемет бір қылқалам туын-
дысын таңдасақ, бір-біріміздің туған күнімізге, ертең тозатын мүлік емес, Құдай-ау өмірлік картина сыйласақ, қайтеді? Бүгінде Қытайдың фотокартиналары қаптап кетті. Олардың көзін жою керек. Бұл да фонограммамен ән салатын әнші сияқты жалған нәрсе. Бұларды он мың теңгеге, болмашы бағаға сатады. Адамдар алданып алады. Одан да шын суретшінің көз майын тауысып салған шығармасына қызықпаймыз ба? Бұл әлдеқайда жақсы энергия береді, үйіңізге шуақ шашады.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»