Әрине оның жолдары мен әдістері сан алуан. Соның бірі ел өңірлерінде алқаптарды суландыру мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыру болмақ. Өткеннің бәрі ескі емес. Айталық көпшілігіміз жерден алып, жерге салып күстаналап келген кеңестік кезеңде бұл іске үлкен мән берілді. Соның арқасында республика аумағында мелиорация мен су шаруашылығы саласы биік деңгейге көтерілді.
Біздің ойымызша мұндай «мұрадан» бас тартудың жөні жоқ. Сондықтан да шығар, суармалы алқаптар мен суармалы егістіктің көлемін көтеру ісі еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне енгізілген.
Осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында біз бұл істің жілік майын шағып ішкен кәнігі маман, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғмановқа жолыққан едік.
– Суармалы жерлердің қадір-қасиетін түсінетін кез келді. Өйткені жыл сайын бұл алқаптардың әр гектарынан дақылдың ерекшелігіне қарай 10-50 тоннаға дейін өнім алынады. Мұндай көрсеткіш суармалы жерлер әртүрлі зиянкестерден ада әрі таза болған жағдайда ғана уысқа түседі. Әйтпесе қалғанының бәрі бос әңгіме болып шығады, – дейді ол.
Ендігі жерде әңгімемізді республикамыздағы ірі аграрлық өңірлердің бірі Ақтөбе облысының мысалында өрбіткенді жөн көреміз. Мұнда сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезінде 50 мың гектарға жуық тұрақты суландыру алқабы болыпты. Ал жайылымдықтарға көлдетіп, су шығару көлемі 200 мың гектарға жуықтапты. Әйтсе де өтпелі кезеңде мал басының кеміп кетуі, қым-қиғаш жекешелендіру науқаны суландыру ісіндегі көрсеткіштердің әжептәуір төмендеп кетуіне әсерін тигізген. Дегенмен өңірде соңғы 2-3 жылдың ішінде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін нақты іс-шаралар белгіленген. Қазіргі кезде өңірде қолданыстағы суармалы жер алқабы 21,5 мың гектарды құрайды.
Айтайын дегеніміз, Ақтөбе облысының аумағы жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Алайда суландыру, көлтабандар мен лимандарға су шығару мәселесі шешімін таппаса, бұл істің бәйгесі алысқа бара алмайды. Мұның өзі дәстүрлі атакәсібімізді еске салады емес пе?! Жайылымдық жерлерді суландыру, шахталық құдықтар мен скважиналарды, тоғандар мен бұлақ көздерін жаңғыртумен әрі қалпына келтірумен қатарлас жүрген жағдайда ғана өз пайдасы мен тиімділігін әкелмек. Осы орайда, облыста жайылымдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қолға алынған. Бұл үшін құдықтар қазу және баламалы қуат көздерімен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары да қоса атқарылып келеді. Қазіргі күні Ойыл, Қобда, Хромтау, Мәртөк және Темір аудандарында гидроинженерлік нысандар бойынша жер актілерін ресімдеу жұмыстары аяқталды. Су кодексі талаптарына сәйкес техникалық паспорттар мен жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Осының бәрі Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің меншігіне берілді, дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.
Жайылымдарды суландыру және көлтабандарға су жаю ісі кешенді көзқарасты қажет етері анық. Бұл мәселе жөнінде өңірдегі су шаруашылығының жетекшілері мен мамандары қандай ой-пікірде? Біз бұл сауалды «ҚазСуШар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Нәметовке қойған едік. Ол өз ойын төмендегіше тарқатты.
– Менің ойымша, бұл үшін бірінші кезекте қанша жайылым бар екенін есепке алған жөн. Оның қаншасы қолданыста екені де есептелуі керек. Жайылымдық жерді ұлғайта берудің қажеті бар ма? Бұл үшін қанша қожалықтан сұраныс түсті. Мұны да ескерген жөн. Сондай-ақ суландыру құрылымдарының жағдайы ескерілуге тиіс. Шахталық құдықтар мен скважиналар және өзге де су көздері қандай қожалықтарға қажет екені де нақты анықталғаны жөн. Қаржыландыру есебін осы мәселелердің түп-төркініне қарай реттеген орынды, – дейді ол.
Суландырудың жай-күйін сөз еткенде су көздерін тиімді әрі ұтымды пайдаланудың және ысырапқа жол бермеудің маңызы жоғары. Бұл іс бірінші кезекте су ресурстарын үнемдеп, суару технологиясын жетілдіруді қажет етеді. Осы мақсатта өңірде «АкТеп» және «Айс» секілді ірі агрокластерлердің базасында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері қолданылуда. Соңғы уақытта су үнемдеудің тағы бір жаңа заманауи әдісі – сплинтерлеп суару тәсілі де енгізілген. Оны дамыту үшін италиялық айналмалы суару машиналары сатып алынған. Аталған құрылғылар ең соңғы үлгідегі қашықтықтан басқару жүйесімен жабдықталған. Мұндай тәсіл суару мезгілін дәл анықтап, барлық технологияларды арнайы бағдарлама арқылы жүргізуге мүмкіндік береді.
«Өлмеген құлға келді жаз» дегендей, алдымызда көктемнің алғашқы айы да жақындап келеді. Бұл кезең тасқын су қаупін де туғызбай қоймайды. Оңтайлы гидроинженерлік шешімдер қабылдай білгенге тасқын қауіп емес, керісінше – болашақ ырыс көзі. Әрі алқаптарды тасқын сумен қорландырудың таптырмас тәсілі. Ең бастысы, бұл – көктемгі су тасқыны кезіндегі ырғын ағын суды шаруашылық мақсаттарға жұмсай білудің оң тәжірибесі. Осы орайда облыста 10 жаңа су қоймасы құрылысы жобасы қолға алынды. Осы арқылы өзен суларын реттеуге және тасқын су апаттарының алдын алуға жол ашылмақ. Бұған республикалық бюджет есебінен қаржы бөлініп, су қоймалары құрылыстарының техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленді. Жалпы, сыйымдылығы 603,9 миллион текше метрді құрайтын гидронысандардағы суландыру алқабының аумағы 32900 гектар болады деп күтілуде. Тұтастай алғанда аймақта алдағы жылдарда қолданыстағы суармалы жерлер мен суармалы егістік көлемін 3-4 есеге дейін ұлғайту көзделген. Бұған қоса өңірде бұрын су шыққан, осы арқылы шаруаның басы-қасында жүргендерге біраз пайдасын тигізген, алайда қазір белгілі бір жағдайларға байланысты құрғап қалған көлтабандарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ниет әрине дұрыс-ақ. Егер бұл жобалар қаржылық тұрғыдан қолдау таппаса одан не үміт, не қайыр.
Дегенмен аталған мәселеге инвестициялық қаражаттың шапағаты тиетін түрі бар. Айталық жоғарыда көрсетілген мәселеге халықаралық қаржыландыру ұйымдары, соның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкі қазірдің өзінде қаражат бөле бастапты. Осы қаражат арқылы облыста биыл 7000 гектар тұрақты қолданыстағы суармалы жерді іске қосу межеленген. Бұл үшін 7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Ал алдағы жылы дәл осындай көлемдегі инвестициялық қаражатты Азия даму банкі аудармақ. Сол кезде егістік көлемі тағы да 10 000 гектарға ұлғаяды. Қазіргі алдын ала жасалған маркетингтік зерттеулер барысы 2021 жылға дейін облыс азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Сөз жоқ, мұның бір тетігі – өңірдегі суармалы жер көлемін тұрақты әрі жүйелі түрде ұлғайта беру.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы