Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
“Бәйкен Әшімов шын мәнінде білімді, талантты, талапшыл, адамгершілік қасиеттерге бай, аса беделді тұлға бола білді. Халқымыз оның өнегелі өмірі мен еңбегін ұмытпайды. Бұл кейінгі ұрпаққа жақсы үлгі болуы тиіс” делінген жеделхатта.
БӘЙКЕН ӘШІМҰЛЫ ӘШІМОВ
2010 жылғы 5 ақпанда тоқсан үш жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен жүректі азамат, халқымыздың қадірменді қариясы Бәйкен Әшімұлы Әшімов дүниеден озды.
Бәйкен Әшімов 1917 жылдың 10 тамызында Ақмола облысы, Рузаев ауданындағы мал баққан жартылай көшпелі қазақ ауылында, орташа ауқаты бар Жақып баласы Әшім деген кісінің отбасында дүниеге келді. Алты айға толар-толмаста кенеттен әкесі қайтыс болып, анасы Сақыптың тәрбиесінде өсті.
Ол 1928-1930 жылдардағы ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру кезінде жүргізілген асыра сілтеу зардаптарын көрді, 1932-33 жылдардағы ашаршылықты басынан өткерді. Осы жылдары Қызылжар қаласына барып, теміржолдың фабрика-зауыт училищесіне оқуға түсіп, паровоз жөндейтін слесарь мамандығын алып шықты. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданына қарасты ауылшаруашылық техникумында оқуын одан әрі жалғастырды.
1938 жылдың бас кезінде аудандық комсомол комитетіне қызметке алынып, сол жылдың күзінде міндетті әскери қызметке шақырылды. 1941 жылдың маусым айында әскери міндетін өтеп елге оралды.
Б.Ә.Әшімов Отан соғысы басталғанда орта мектепте мұғалімдік қызметте еді. Сөйтіп, ол 1942 жылдың шілдесінде қайтадан әскерге шақырылды. Солтүстік-Батыс, Батыс, І-Белорус майданында соғысқа қатысып, 1944 жылдың қыркүйегінде Варшава үшін шайқаста ауыр жарақат алды. Содан 10 ай бойы емделіп, 1945 жылдың шілдесінде госпитальден шығып, мүгедек ретінде әскерден босап, елге қайтарылды.
Соғыстан кейінгі жылдары Б.Ә.Әшімов Ленинград ауыл шаруашылығы институтын, одан кейін Жоғарғы партия мектебін бітірді.
Соғыс ардагерінің еңбек жолы Көкшетау облысының Айыртау ауданынан басталды. Әуелі аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, одан соң атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Біршама уақыт Көкшетау облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып қызмет істеді.
Республика экономикасында Қарағанды облысы – еліміздің ірі индустриялық, ғылыми және мәдени орталығы екені белгілі. Мұнда көмір бассейні, металлургия, химия, мәшине жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, қуатты энергетика және құрылыс базасы, ғылым, білім және мәдениет мекемелерінің кең жүйесі шоғырланған.
Б.Ә.Әшімов осы облыста 7 жыл бойы басшы қызметтер атқарды. Оның ішінде 5 жыл облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы және 2 жыл облыстық ауылшаруашылық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңірді.
1968-70 жылдары ол Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1970 жылы республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметті ол 1984 жылға дейін атқарды.
Бәйкен Әшімұлының басшы ретіндегі ұйымдастырушылық таланты осы жылдары барынша жарқырап көрінді. Өнеркәсіпті техникалық қайта жарақтандыру, өндірісті электрлендіру, механикаландыру және автоматтандыру, жаңа технологиялар енгізу белсенді түрде жүргізілді. Көлік, энергетика, химия, жеңіл өнеркәсіп, мәшине құрастыру салалары, жалпы алғанда Қазақстанның экономикалық әлеуеті жоғары қарқынмен дамыды.
Бұл қызметтен кейін Б.Ә.Әшімов республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы – КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланып, 1985 жылы 68 жасында зейнет демалысына шықты.
Б.Ә.Әшімов – Социалистік Еңбек Ері, 4 рет Ленин орденімен, екі рет І-дәрежелі Отан соғысы, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, “Парасат” ордендерімен, сондай-ақ Польша мен Моңғолияның жоғары наградаларымен марапатталған. КОКП Орталық комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің жетінші және тоғызыншы шақырылымдарының депутаты.
Б.Ә.Әшімов өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, еліне сыйлы қазақтың шын мәніндегі зиялысы болды. Өмірлік жары Бақыт Әсетқызы екеуі ұзақ та ұлағатты ғұмыр кешті, ұл мен қыз тәрбиелеп, немерелер сүйді. Ал өмірінің соңғы жылдарында ұлтымыздың қадірлі ақсақалы ретінде көрген-білгенін жастарға өсиет етіп, ақыл-кеңес беруден еш жалыққан емес.
Қазақ елі үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Б.Ә.Әшімовтің өмірден озуына байланысты оның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Бәйкен Әшімұлының жарқын бейнесі барлық қазақстандықтардың жүрегінде халқының адал да асыл азаматы ретінде ұзақ уақыт сақталатын болады.
Қазақстан Республикасының Парламенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі
АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АБЫЗЫМЫЗ ЕДІ
Суық хабардың да суығы болады, қайғының да түнек қайғысы болады дегенді көпті көрген бабаларымыздан естуші едік. Сол күн бүгін басымызға түсті. Оның үлкен-кішіге, қалың көпшілікке қадірі сонша, Бәйкен Әшімұлы дүние салды деп айтуға тіл бұрылмайды, болмысың көнбейді, жаның тулайды да күрсінеді. Өмірдің көркі мен сәніне, ұлағаты мен ғибратына айналған, көпшіліктің әрі қуанышын бөлісетін, әрі жұбанышы сынды, күллі халқымызға ортақ тұлға болатын. Бәкең кеше ғана өмірден өткен зайыбы Бақыттың соңынан, алпыс төрт жыл бойы қосағымен қоса ағара отасқан асыл жардың соңынан жоқтау сала асығып жөнелді. Құдай берген, құт қонған, тәңірдің көзі түскен бір шаңырақ болса осындай болсын. Бұдан екі жұма бұрын Бақыт жеңгейдің қаралы асы үстінде: “Бәйкен Әшімұлының отбасы – бұл хор құсы қонған шаңырақ, екі жақсы қосылған шаңырақ, екі жақсы қосылып, бірін-бірі қия алмастай болған қасиетті шаңырақ”, деп жақсылық тілеп едім.
Күндерден күндер өткенде жақсының орны қалар. Бәйкен Әшімұлының өмірі де, орны да бейне бір рухани қазына-байлықтай, бүгінгілерге де, кейінгі ұрпаққа да әрі ізгілікті игілікке, әрі аңызға айналары сөзсіз. Бірімізге біріміз серік едік, бірімізге біріміз сүйеніш едік. Қош бол, асыл Бәке, қазақтың абызы.
Салық ЗИМАНОВ, академик.
ПАРАСАТ БИІГІНЕН БІР ТҮСПЕГЕН
Биыл Сарыарқада қыс қатты болып тұр. Ұшы-қиырсыз кеңістікті тегіс қар жапқан. Күндіз оқтын-оқтын ақ түтек боран ұйытқиды. Кешқұрым аяз күшейеді. Дүние құлазудай-ақ құлазып баққан. Ол аз болғандай, міне, аяқ астынан сұп-суық хабар жетті. Бәйкен аға дүниеден өтіпті. Айтар ауызға ауыр. Естір құлаққа әнтек. Тіпті сенгің келмейді. Жуырда ғана Бақыт апамыздың қазасында қорғасындай зіл боп жаншыған батпан жүкті үн-түнсіз көтеріп, ашаң тартқан сұрғылт жүзін қаумалаған қалың әлеуметке сабырмен бұрып, ештеңеден сыр бермей, ортамызда отырғаны әлі көз алдымызда. “Жарықтық, нар десе, нар екен-ау! Мынандай салмақты тіпті нар да көтере алмас”, – деп ойлағанбыз ішімізден. Бойын жықпай, жотасын тіктеп, қақшиған қалпынан бір танбаған.
Сол шыдам... сол сабыр... оның өмір бақи серігіндей көрінетін. Тоқты-торпақ ортасында өскен ауыл баласынан бүкіл бір елдің ортақ мақтанышы болған арыс азаматқа, уыздай ұйып отырған Ұлт Атасына айналған абыз жасына дейінгі ұлы сапарында бір сәт мойымаған да, мойытпаған да осы қасиеттері еді-ау! Соның арқасында қаршадайынан халық көзіне түсіп, қалтқысыз қызмет етті. Екінші дүниежүзілік соғыстың ішкі-сыртқы қай қанталапай шайқастарын да еңсерді. Қан майданнан атамекеніне, бұрынғы қызметіне, уәде берген қалыңдығына оралды. Иығындағы көнетоз шинелдің етек-жеңін түріп, күн-түн тынбайтын мігірсіз еңбекке араласты да кетті. Мойнындағы жүк біртіндеп ауырлай берді. Ауылдан ауданға, ауданнан облысқа, бір облыстан екінші облысқа, одан республика Үкіметінің төрағалығына өсіп, жауапкершіліктің қыл шылбыры ширатылған үстіне ширатыла түсті. Қазақ дейтін ұлы топырақтың ешқашан құнары кетпей, кәусары сарқылмай, ел несібесін еңселендіре түсуге талпынды. Қазақ қолының ешкімнен кем қармап, қазақ миының ешкімнен осал соқпайтынын әр іс, әр қимылынан айқын аңғартып бақты.
Кеңестік қоғам күйреп, әлеумет әрі тарт та бері тарт сергелдеңге түскенде аңтарылған ағайынға өткенмен бірге өлмек жоқ екенін аңғартатын естияр ақсақалдарымыздың бірі де ардақты Бәйкен ағамыз еді. Аумалы-төкпелі кезеңде ел жүгін көтерісуге тәуекел еткен азаматтарымызға жылы сөзін, ақыл-кеңесін айтып, рухтандыратын. Тәуелсіз Қазақстанның сонау тәй-тәй басқан тәлтірек кезеңінен бүгінгі буыны бекіп, қабырғасы қатайып, қатарына ықпалы өтіп, сөзі жүре бастаған тұсына дейін сол тілеулес пейілмен бір танбай өтіп еді.
Ел бірлігін құрандай ардақтаған Абыз Атаның айтқанының бәрі әлі күнге құлағымызда саңқылдап тұр.
Тоқсан екі қыстың басын қайтарған абыройлы ғұмырыңызда парасат биігінен бір түспеген, қайран аға, қалдыңыз сол бәріміз қастер тұтқан асқаралы биігіңізде.
Бәйкен ағасыз тіршілікке көндіге қою, үйренісіп кету оңай болып жатқан жоқ.
Қайтеміз, өзі айтқандай, қайталап айтып, бір-біріміздің білегімізді ұстап: “Сабыр,.. Сабыр!” – дейміз де...
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.
АЗАМАТТЫҒЫ ҮЛКЕН ҚАЙРАТКЕР
Бәйкен Әшімұлы қазақтың ел басқарып, халық қызметінде болған жігіттерінің ішіндегі тұрлаулысының, кісілігі мол, аса қайырымды, кішіпейіл азаматтарының бірі еді. Осы мінез-құлқымен ол ұзақ жылдар бойы Димаш Ахметұлы Қонаевпен тізе қосып, Қазақ Республикасын басқарды. Екеуі елімізді кеше одақ көлеміндегі көрнекті республикалардың қатарына қосты. Бүгінгі Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тауып, танып, жауапты жұмыстарға тартты. Бәйкен аға өз орнына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне Назарбаевты отырғызып, өзі Жоғарғы Кеңес төралқасын басқаруға ауысты. Тәуелсіздік алу кезімізде де Бәйкен аға ұлы өзгерістерге тілектес болып, тұңғыш Президентіміздің бұл жолдағы бастамаларына өз үлесін қосты. Тәуелсіздіктің ақсақал батагөйі болды. Оның табыстарына ылғи да қуанып, Президентті қолдап отырды. Бәйкен ағаның осы адал қызметін кеше ғана ол кісі 90 жасқа келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсетіп, шын ризалығын білдірген еді. Енді ол кісі жоқ. Бәрі де өткен шақпен айтылады.
Бәйкен аға билікте ұзақ отырған кісілердің ішінен халық арасына келіп, кейін онымен кең пейілмен табысқан, араласқан, адамгершілігі мол, азаматтығы үлкен қайраткер болды. Ол халық бетіне тура, ұялмай қарай алатын азамат ретінде елімен өле-өлгенше сыйласты. Оның қуанышы мен қайғысын бөлісіп, батасын берді. Осы бір халқымен шын туысып кеткен жылдары Бәйкеннің 64 жыл отасқан адал жары Бақыт Әсетқызы да мінезділігімен, үлкен аналық сипаттарымен көзге түсіп еді.
Мен Бәйкен ағамен өткен ғасырдың 60-шы жылдарында, Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде танысып едім. Ол кісі шын таныған адамына ықылас-пейілі мол көреген азамат болатын. Содан бері қатынасымыз үзілген емес. Мені інісіндей, Әлия Сәрсенқызын қарындасындай көрді. Бақыт Әсетқызы Әлия Сәрсенқызын сіңлісіндей жақын тартты. Шын көңілмен сыйласқанға не жетсін. Бәйкен ағамен біздің ең жақын жүрген жылдарымыз соңғы ширек ғасыр бойы. Мен оның бойынан бұл жылдары қайраткерлігі мен азаматтығына қоса, қазақ халқының ақсақалы, абызы бейнесін таныдым. Ол жақсыны көргіш еді. Оны бағалайтын. Кейінгі ұрпаққа әрқашан тілеуін қосты. Сол тілегі жалпы ел тілегімен қосылып, Бәйкен ағаның ұлылығына ұласты. Қартая білеуге де ақыл керек. Бәйкен аға осыны кейінгіге үлгі етіп кетті.
Қош, қадірлі аға, ел ағасы.
Серік ҚИРАБАЕВ, академик.
БӘЙКЕН АҒА, БАҚЫЛ БОЛ
Таймаған ел мүддесі тапшы жолдан,
Мейірбан кәрі-жасқа жақсы қорған.
Сұм ажал ел абызын алып кетті,
Он төрт жыл үкіметке басшы болған.
Өмірі аңыз-дастан, кілең күрес,
Бірге өтті Димекеңмен үзеңгілес.
Тоқсанды еңсерсе де топтан қалмай,
Егемен елге қосты үлкен үлес.
Қырандай Алатауда самғайтұғын,
Жан еді-ау тер төгілткен, алмай тыным.
Әкетті 93-те Бәйкенді де
Қара жер қанша жұтса тоймайтұғын.
Мықты еді, түсті тағдыр шалғысына,
Жетті ажал Бақыт атты жан құсына.
Қырық күн өтпей жатып оқыс кетті,
Шыдамай жан-жарының қайғысына.
Көкшетау жоғалтқандай сандал керін,
Байтақ ел ұмытар ма абзал ерін.
Бақыл бол, туған елің бақыл саған,
Жан аға, торқа болсын жатқан жерің.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.Астана.
БҮТІН БІР ДӘУІРМЕН ҚОШТАСҚАНДАЙМЫЗ
Осыдан төрт күн бұрын ғана Бәйкен Әшімұлымен телефон арқылы хабарласып, аз ғана сөйлесіп едім. Бақыт Әсетқызы жеңгеміз өмірден өткен жиырма шақты күннен бері ағаның көңілі қаяулы болды. Сырттай сабырын сақтағанымен, аяулы асылынан айрылғаннан соңғы жерде сыңар аққудың аса мұңды халын кешті. Тілектес жақын жандар – біз де Бәкеңнің сол қимастық күйін, жансерігіне шексіз адалдығын түсініп едік. Ауыр қаза үстінде мен: “Болғанға болаттай боларыңа сенемін, қадірменді Бәке!” деп жұбату сөзін айтсам да, қайырылмас дәуренге тоқтау сала алмас дәрменсіздігімді енді түсінгендеймін. Қайырымсыз ажал алаштың бір абызы – Бәйкен Әшімұлын да әкетіп тынды. Ұлы Абай сөзіне жүгіне толғансақ, әз Бәке, сізді де алған бұл өлімнің алдында сабырлық қылсақ керек-ті.
“Енді Бақытым жоқ қой. Ойпырмай, Бақытсыз күнім қалай болады?” дегенді жиірек айтты осы күндерде, қайғы үстінде қасында болғанымызда. Олай-пұлай болып кетерін болжалдап айтса да, өзі оған көп мән бермей, аузынан елі-жұртым аман болсын, азаматтар аман болсын, кейінгі жастар, желкілдеп өскен ұрпақ аман болсын деген өсиетті сөздер, ақ тілекті қасиетті сөздер көбірек шықты.
Иә, өмірден Бәйкен Әшімұлы өтті. Осынау алып тұлғаның өмірден өтуімен бірге жетпіс-сексен жылдық тұтас дәуірмен қоштасқандаймыз. Кеңестік деп аталатын үлкен дәуірдің соңғы ұлы қайраткері болды ол кісі. Брежнев, Косыгин, Қонаев сынды аса көрнекті мемлекет қайраткерлерімен терезесін тең ұстады, тең сөйлесті. Бәкеңнің кереметтілігі мен кемеңгерлігі сонда, ол алдыңғы дәуірдің тұлғалы, тұрпатты қайраткерлерінің соңғы тұяғы болып қана қоймай, тәуелсіз елінің бүгінгі өрлеген, өркендеген, өрге басқан өмірін де көріп, соған күнбе-күн қуанып, тілекшісі болып отырды. Елі-жұртын алдағы жарқын болашағына, жаңа ғасырдың беліне, Еуропаның төріне қарай асырып салды. Өткен жолғы Президент сайлауында Елбасымызға ақ батасын беріп тұрып айтқан: “Ел аман болсын, ел бағына туған Ер аман болсын” деген абыздың аузынан ғана шығар даналық өсиет сөздерін елі ұмытпайды. Сөзін ұмытпаса, тағылымын ұмытпаса, туған халқы, бүкіл Қазақ елі Бәйкен Әшімұлының өзін де ұмытпай, мәңгілік есінде сақтап, ардақ тұтады деп білемін.
Өзім сексеннен ассам да, әкемдей көріп еркелеуші едім асыл ағаға. “Мақтайым!” деп маңдайымнан иіскегенде марқайып қалушы едім. Қош, жаның жәннатта болсын, әкемдей болған әз Бәкем!
Мақтай САҒДИЕВ.
БИІКТЕРДІҢ БИІГІНЕ ШЫҚТЫҢ СЕН
Бәйкен аға, асыл аға, қымбаттым,
Сен еліңе дана болып тіл қаттың.
Бақ сұраған ағайыннан аямай,
Жүрегіңнің ұлы сөзін тыңдаттың.
Аруақты жан, арыстандай асыл ер,
Әрқашанда көп жиналды қасыңа ел.
Ақылыңа құлақ түрді ағайын,
Жолыңды ашты нелер биік, асу, өр.
Туған елді өз анаңдай ұқтың сен,
Жұрттың жұтқан таза ауасын жұттың сен.
Шапағатың елге керек кезінде,
Биіктердің биігіне шықтың сен,
Еңбегімен ел үмітін ақтайды ер,
Тұлпарлардың бәйгесін де шаппай бер.
Алатауы, Сарыарқасы сияқты,
Әрқашанда сені есінде сақтайды ел.
Ұмытпайды өз ағасын жас ұлан,
Мәңгі бақи шырқалады асыл ән.
Қазағымның құлағанмен бір тауы,
Жаңа бір тау бой көтерер қасынан.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.
ТҰРҒАН БОЙЫ ӨНЕГЕ
Жақында академик Манаш Қозыбаевтың “Тұлғалар тұғыры” кітабын оқыған едім. Бәйкен ағамыз туралы суық хабарды естігенде менің ойыма алдымен белгілі ғалымның:
Өзі бай, өзі кен,
Етек-жеңі кең,
Елдің Бас ақсақалы
Абыздармен тең, – деген терең ойлы өлең жолдары түсті. Бұл өте дұрыс айтылған пікір. Біздің халқымыз Бәйкен Әшімұлын белгілі мемлекет қайраткері ретінде жақсы біледі. Ол кісі өткен ғасырдың 70-80 жылдарында біздің республикамыздың үкіметін басқарып, елдің экономикасын, мәдениетін, халықтың тұрмысын дамытуға көп еңбек сіңірді. Халқымыздың ардақты ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа серік болып, қазақ тарихына көп үлес қосты. Мен Бәйкен ағаның қарамағында біраз жыл қызметте болып, ол кісіден көп тәрбие алған шәкірттерінің бірімін. Ағамыз өте сыпайы, терең ойлы, тәжірибесі мол адам еді. Қала мен ауылдағы халықтың тұрмысын терең зерттеп, тиісті қамқорлығын жасап, мемлекеттік қызметкерлерге жақсы үлгі көрсететін. Сондықтан да ол кісі халқымыздың кемеңгерлерінің бірі ретінде танылды. Келесі ұрпақтарымыз бұл тарихи тұлғаны естен шығармайды.
Ағамыз өте сергек адам еді. Жасы 90-нан асса да түрлі жиналыстарға қатысып, ел аралап, өзінің ойын жастарға жеткізуге тырысатын.
Бәйкен ағамыз Отан соғысының ардагері болатын, жеңгеміз Бақыт Әсетқызы екеуі жарты ғасырдан артық салауатты өмір сүріп, балаларын өсіріп, немерелер тәрбиелеп, ардақты ата мен әже деген атаққа ие болған жандар еді. Соңғы уақытта бәйбішесі ауыр науқасқа шалдығып, биылғы жылдың басында бұл дүниеден өткен. Байекең өзінің жан жолдасын айықтыру үшін көп еңбек етті, бірақ та табиғаттың кейбір қаталдығына қарсы тұру адамдардың қолынан келмейтіндігі белгілі ғой.
Бәйкен ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, жолдастарына, шәкірттеріне, бүкіл халқымызға қаза қайырлы болсын дейміз. Қадірлі ағамыздың жатқан жері жайлы болсын, марқұмға имандылық тілейміз. Ел ағасы Байекеңнің еңбектері мен рухы қазақ жері әрі қарай көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуына ықпалын тигізсін деп тілейміз.
Шәңгерей ЖӘНІБЕКОВ.
ҰЛТ СЕНІМІН АРҚАЛАДЫ
Ұлтымыздың адам ресурстары тұрғысынан қарағанда, бұл үлкен қаза. Қажырлы қайраткерден айырылдық. Кеңес дәуірінің соңғы тұсында ол Қазақстанды өркендетуге орасан көп еңбек сіңірді. Ең ұзақ Үкімет басқарған адам Бәйкен Әшімов болса, өте жақсы жұмыс істеген, барлық тірліктің тетігін білген Үкімет басшыларының бірі де осы кісі болды.
Отанымыздың өркендеуіне, Қазақстанның дамуына мүдделілікпен қараған тұлғалардың бірі де Бәйкен Әшімұлы болғанын бәріміз білеміз.
Мен 1973 жылы ҚазТАГ жетекшілігінің орынбасары болып келдім. Ол кезде біздің мекеме екі жақты бағынышты болды. Қызмет, идеология жағы Орталық комитеттің қарауында болса, қаржы-шаруашылық жағынан Министрлер Кеңесіндегі Ақпараттық агенттікке тәуелді болдық. 1972 жылы ТАСС жүйесін қайта құру, статусын жоғарылату жөнінде Орталық комитеттің қаулысы болған. Бірақ, бұл ҚазТАГ-тың жүдеп тұрған кезі еді. Біздің агенттіктің ғимаратында тоғыз мекеме жайғасқан екен. Босағалы тұрған ғимаратқа басқа да көзін алартушылар болды. Бірақ, біздің ақпараттық мекеменің ғимаратында едендік қабаттан бастап ТАСС-пен, бүкіл орталық, облыстық басылымдармен, байланыс министрлігімен жасақталған коммуникациялық, телеграфтық жүйе бар еді. Осыдан айырылу бізді тағы біразға дейін тұралатып қана қоймай, қаржылай да орасан шығынға батыратын еді. Осы мәселенің бәрін сол кезде Бәйкен Әшімовке баяндап, мән-жайды түсіндіріп айттым. Осы үйді ол кісі бізге алып берді. ҚазТАГ-тың техникалық жабдықталу жағы да нашар, жетілдіруді сұранып тұрған болатын. Редакциялармен байланыстыратын телетайп жүйесі бар еді. Бәйкен Әшімовтің тікелей араласуымен айтарлықтай қаражат бөлініп, ТАСС-пен және барлық облыстық редакциялармен байланыс жүйесін жолға қойып алдық. Тағы бірнеше жылдан кейін компьютер пайда болды.
Білікті басшы Бәйкен Әшімовтің көмегімен компьютерлендіру жұмысы да алғаш ҚазТАГ-тан басталды. Материалдық-техникалық жағынан көп қарыштадық. Бәйкен Әшімов дегенде осы оқиғалар есіме түсіп отыр.
Қай істі қолға алса да тыңғылықты болуына үлкен жүрекпен, жанашырлықпен, жауапкершілікпен келетін тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры да осындай сапалы тірліктермен өріледі.
Бәйкен Әшімов республикамызды Одақ көлемінде алға алып шыққан ұлттық тұлғаларымыздың санатынан еді. Үлкен азаматтың қазасы өзекті өртейді. Өзіңді де, басқаларды да сабырға шақырғаннан басқа амал жоқ.
Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көсемсөзші.
ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АҚСАҚАЛЫ БОЛАТЫН
“Өмір – серуен, адам – көшкен керуен” деген сөзді айтқан қазақ қимастарын бақиға шығарып саларда өз-өзін жұбатқан-ау. Өмірді тек қана серуен деп емес, елі мен жұртына, халқына, ұлтына аянбай еңбек ету деп түсінетін, сол қағиданы тірлігінің Темірқазығы етіп ғұмыр кешетін, саусақпен санарлық біртуарларымыздың арамыздан мәңгілік кетуі – ауыр қасірет екендігін бүгін түйсінуге мәжбүр болып отырмыз.
Расында да, ол кісінің тек ірі деңгейдегі басшы, мемлекет қайраткері ғана емес, ұлт жоқшысы болғанын білеміз. Бәйкен аға Әшімұлының республикамыздың алдыңғы қатарлы басшылығына келгенге дейінгі өмірінің өзі – бүгінгі жас буынға өнеге болды: ақсүйек ашаршылық пен ел басына күн туғызған жер-жаһан соғысы зобалаңын көріп, одан жараланып келген соң Ленинград қаласында білім алуы, соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтірудегі жан алып, жан берген ерен қызметі – соның куәсі.
Ол Көкшетау облысында шаруашылық басқарудағы іскерлігімен көрінсе, Қарағанды облысы атқару комитетінің төрағасы қызметінде өзін ірі өндіріс ұйымдастырушысы ретінде таныта білді. Ал Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген жылдар Бәйкен Әшімұлының бұдан да зор мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстай алатындығын дәлелдеді.
Бәйкен аға Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған 1970-1984 жылдар – Қазақстанның нағыз өркендеу, өсу жылдары болды. Бұл кезеңде Бәкең өзінің іскерлігі мен қарымын Одақ көлемінде таныта білді: ағамызға одақтас республика Үкімет басшыларының ішінде тұңғыш Социалистік Еңбек Ері атағының берілуі – соның дәлелі.
Арамыздан ұлттың нағыз жоқшысы, ұлттың шын мәніндегі ақсақалының өтуі – үлкен өкініш, ауыр қаза.
Аяулы Бәйкен аға! Сіздің жасампаз істеріңіз біздің санамызға мәңгілік шуағын төгіп, жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, ардақты Аға!
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының мәслихаты.
ЗАМАН ЗАҢҒАРЫ
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаштың ақсақалы Бәйкен Әшімовтің қазасы – еліміз үшін орны толмас қаза.
Әр дәуірдің айбынын тасытып, рухын көтеретін – Толағай Тұлғалары болады. Бәйкен аға – өз заманының заңғары, елінің майталман марқасқасы еді.
Оның ғұмырнамасы да ұрпаққа үлгі, кім-кімге де өнеге боларлық өрелі жол. Ол қан майданда елін қорғап ерлік көрсетсе, бейбіт күнде елі үшін еңбек етіп, парасатын танытты, даналығын дәлелдеді.
Алты Алаш халқы, ел-жұрты Бәйкен ақсақалдың жасағаны мен атқарғанын еш уақытта ұмытпайды. Ол ұлт жүрегінде, ұрпақ жадында ұлтының ұлағатты ұлы, елін – ел ету жолында аянбай еңбек еткен Тұлға ретінде мәңгі сақталады.
Туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы жолдас болғай.
Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ.
ЖҮРЕГІ ТАЗА ЖАН ЕДІ
Бәйкен ағаның есімі менің жүрегіме соншама ыстық болып кетіп еді. Аялы алақаны бар, төгіліп тұрған мейірімі бар, қалт бір кезде жалт қарататын кесек мінезі бар бұл кісіні зиялы қазақ қауымы қатты сыйлады.
Мен кезінде Үкіметті аттай он төрт жыл басқарған кісімен қызметтес болған емеспін. Бірақ талай-талай тағдырлы адамдармен жүздесіп, жақынырақ танып-білуге журналистік қызметім қаншама себепкер болса, солардың арасында Бәйкен Әшімов ағамен болған кездесулерім менің өміріме ерекше жарқын сәттер қалдырды.
Әрбір сөзінің бағасын білетін, екінің біріне ашылып сөйлей бермейтін биязы да сыпайы ел ағасы мені бауырына тартты, құшағына алғандай болды. Өмірден көргені де көп, түйгені одан да көп кісінің жүрегі таза, қолы да таза еді. Қасына Бақыт апайды алып, көп сұхбат берді. “Мен “Егемен Қазақстан” газетіне ғана сұхбат беремін, себебі ол – ел газеті”, деп ескертер еді. Артық кем кеткен жері жоқ. Ол кісі таяуда ғана өмірден озған жарын тек “Бақыт Әсетовна” деп атап, шексіз сүюдің асыл қасиетін танытқаны ғажап өнеге еді. Аяулы жарын барынша сүю туралы оңашада айтқан әңгімесін мен өзіме құпия ғып сақтап жүрмін.
Көп жылдан бері Бәйкен аға әр мереке сайын арнайы телефон соғып, “Амансыңдар ма? Немерелер өсіп жатыр ма?” деген бір ауыз әкелік сөзін енді еске алсам, жүрегім ауырады.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.