Үкімет • 13 Наурыз, 2018

Үкіметте Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі Жол картасы қабылданды

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасы қаралып, қабылданды. Құжатпен ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.


Үкіметте Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі Жол картасы қабылданды

Жол картасы мүдделі мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп әзірленген. Құжат 35 шарадан тұрады және 7 заң жобасын, 6 Үкімет қаулысының жобасын және 3 Ұлттық банк Басқармасы қаулысының жобасын әзірлеуді, сондай-ақ министрлердің 2 бұйрығы мен әкімдіктердің 4 қаулысын қабылдауды қарастырады.

ҚР Ұлттық банкі — «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бағытының басты орындаушысы. Ұлттық банк өткен жылдардың ең сәтті тәжірибесін пайдаланып, Мемлекет басшысы анықтаған: жылдық 7%, 25 жылға, бастапқы жарнасы 20% жағдайында «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосуды көздеп отыр.

Бағдарламаны іске асыруға дайындық кезеңдері анықталды. Жақын арада Ұлттық банк басқармасы Бағдарлама операторы — толықтай еншілес арнайы компания құру мәселесін қарастырады. Ұлттық Банк Үкіметке наурызда қажетті заңнамалық түзетулерді енгізеді.

Бағдарламаға ресми табысы бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қазіргі уақытта банктер критерийлерді әзірлеп жатыр. Мәселен, егер тұрғын үй құны 7 млн теңге болса, онда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл қазақстандық қызметкерлердің көпшілігі үшін қолайлы. Ірі қалалар мен аудандардағы тұрғын үй құнының саралануы жоққа шығарылмайды, себебі тұрғын үй құны әртүрлі болады.

ҚР ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша алғашқы тұрғын үй несиесін шамамен осы жылдың тамыз айында беру жоспарланып отыр.

«Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» екінші бағытының басты орындаушысы — Ұлттық экономика министрлігі. Осы бағытта салық заңнамасының нормаларын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланған.

Білім және ғылым министрлігі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бағытының негізгі орындаушысы. Аталған бағыт аясында техникалық мамандықтарға екпін бере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын ұлғайту көзделген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасындағы жатақханалар құрылысы бойынша тетіктерді анықтау мен заңнамалық түзетулерді әзірлеу жоспарлануда.

«Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бағытқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Аталған бағыт желісі бойынша 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарда бар. Өзгерістер қалалардағы және ауылдық жерлердегі шағын несие беруді қаржыландыруды ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталатын болады.

«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бесінші бағытының басты орындаушысы — Энергетика министрлігі. Аталған бағыт «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына арналып отыр. Жобаның схемасы мен қаржыландырудың шарты белгіленетін болады. ЕҚДБ, ЕАДБ және басқа да халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржы тарту жоспарлануда. Жобаны биыл шілде айында бастау жоспарланған. Газ құбырының құрылысын 2019 жылғы желтоқсанда аяқтау көзделген.

Сонымен қатар Ұлттық банк Төрағасы Д. Ақышев, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, энергетика министрі Қ. Бозымбаев Президенттің Бес бастамасын іске асыру бойынша Жол картасының жоспарланған іс-шаралары туралы баяндады.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев талқылау қорытындысы бойынша, наурыз айының соңына дейін ҚР Парламентіне ұсыну үшін барлық қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді тапсырды.

Еске сала кетейік, 5 наурызда Мемлекет басшысы Бес әлеуметтік бастаманы жариялады. 6 наурызда өткен ҚР Үкіметінің отырысында Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп, Елбасының бастамаларын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.