Соңғы 13 жылда Орталық Азия елдерінің басшылары көпжақты ұйымдар аясынан тыс жерде кездеспегендігін атап өткен жөн. Сондықтан Астанада аймақтағы қордаланған мәселелерді талқылауға мүмкіндік туғалы отыр. Бұл кездесу мемлекеттердің өзара байланысының нығаюына серпін береді деген үміт бар. Күрмеуі қиын мәселелердің шешілер орны да Астана болғалы тұр.
Мысалы, қазір Орталық Азия аймағында су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты келіспеушіліктер бар. Өңірдегі мол судың көзі Қырғызстан мен Тәжікстанда болғандықтан, олар көршілерінің тәуелділігін ескере бермейді. Оның үстіне, соңғы жылдары суды уақтылы жіберу, көлемін сақтау, судың сапасына байланысты келісімдер ішінара орындалмай қалып жүр. Бұл жерде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саяси қарама-қайшылық ұстанымдары да кедергісін тигізбей қойған жоқ. Мысалы, дәл осындай дау Өзбекстан мен Тәжікстан арасында туындады. Дегенмен, Өзбекстанның қазіргі билігі соңғы кездері Орталық Азия мемлекеттерімен байланысқа мүдделілік таныта бастағанын байқап отырмыз. Өйткені жуырда ғана Өзбекстан басшысының Тәжікстанға сапары екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына едәуір әсер етті.
Орталық Азия экономикалары бірін-бірі толықтырып отыруға да қауқарлы. Мысалы, су электр стансалары қуатты Қырғызстан мен Тәжікстан жазғы уақытта электр энергиясын экспорттай алады. Ал керісінше қыс мезгілінде судың көлемі азайып, энергияға тапшылықтан көз ашпай келеді. Дәл осы сәтте Қазақстанның өзінен артылған энергияны аталған мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндігі бар. Кеңес одағының тұсында Орталық Азияның энергетикалық жүйесі ортақ болатын. Бірақ бұл жүйе осыдан он шақты жыл бұрын Өзбекстанның сырт айналуынан кейін бұзылып тынды. Енді қазір өндірісі қарқын алып, электр энергиясына сұраныс артуына байланысты Өзбекстан тарапы сол жүйені қалпына келтіруге қызығушылық білдіріп отыр.
Орталық Азия өңірінде шешімін таппай отырған мәселелердің бірі – миграцияны жүйеге салу. Бүгінде Қазақстан сырттан ағылған еңбек мигранттарының есебі бойынша Ресейден кейінгі орынға орнықты. Жылма-жыл елімізге Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келушілер саны өсіп келеді. Ең күрделісі, аймақта заңсыз миграция белең алып тұрғандығын байқаймыз. Оған қоса мигранттардың құқықтарын қорғау, еңбегін заңдастыру да өзекті мәселелердің қатарынан орын алады. Президенттердің кездесуінде бұл мәселеге байланысты да ұсыныстар болады деген үміт бар.
Қырғызстан мен Өзбекстан, Тәжікстан мен Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралардың әлі де нақтыланбаған бөліктері қалып отыр. Әсіресе Ферғана аңғарындағы шекараның түйіскен тұсында ауылдарды бөлуге байланысты ортақ шешім жоқ. Бұл оңай шешілетін мәселе болмағанымен, Өзбекстанның көршілеріне қатысты жаңа саясатына байланысты туындаған оң мүмкіндіктерді жоққа шығаруға болмас.
Шекаралас елдерге сырттан төнетін қауіп-қатер де ортақ. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттердің күш біріктіруі қажет екендігі даусыз. Халықаралық терроризмге қарсы күрес, Ауғанстаннан бастау алатын есірткі тасымалына тосқауыл қою да Орталық Азия мемлекеттері үшін ортақ мүдде іспеттес. Оның үстіне әлемдік геосаяси күштердің осы өңірде өз ықпалдарын жүргізуге тырысып отырғанын да қаперден шығармай, қауіптің бетін қайтару үшін күш біріктіру де қажет. Бұл мәселелер мемлекеттер басшыларының осы жолғы кездесуінде талқылануы бек мүмкін.
Бұл мемлекеттерде сауда-саттық, инвестиция, тұтастай экономика саласында да шешімін таппай отырған мәселелер кездеседі. Өзара сауда байланыстарының деңгейі төмен, қарқыны бәсең. Мәселен, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен сауда-саттығы қызып тұр. Ал Орталық Азия аймағында осындай өзара тиімді байланысқа сұраныстың артуына қарамастан, бүгін тек кедергілердің көптігін мойындаудан аспай келеміз. Көршілес нарыққа шығудағы тосқауылдар, тауардың еркін импорт-экспорты жолындағы кедергілер де Президенттердің кездесуінде ашық талқылануы ықтимал.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында соңғы кездері ғана қалыптасқан жаймашуақ әріптестіктің арқасында өткен жылы теміржол байланысы қалыптасты, шекарадағы өткізу бекеттері жаңартылды. Өзбекстан мен Тәжікстан арасы дәл осылай жақындай түсті. Демек, нақты мәселелер бар, оларды шешу жолдары да айқын.
Орталық Азия мемлекеттері ТМД көлемінде ғана емес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сияқты бірлестіктер аясында бас қосып жүргенімен, Астанада өтетін өзара кездесудің жөні бөлек болғалы тұр. Оның үстіне, тәуелсіздік алғалы қандай да бір бейтараптық бағыт ұстанған Түрікменстан билігінің де соңғы жылдары аймақтық әріптестікті дамытуға мүдделілік танытып отырғандығын атап өткеніміз жөн. Өйткені экономика мен қауіпсіздік саласындағы мәселелерді жаһандану дәуірінде бір мемлекеттің дербес шешуі оңайға соқпайды. Сыртқы тегеурінге қарсы ынтымақтастықтың ғана әлеуеті жоғары. Бірақ Түрікменстанның «жабық» саясатын ескере отырып, оларды интеграциялық ұйымға мүше болуға дайын деп те айтуға асықпауымыз керек.
Соңғы 25 жылда Қазақстан тарапы көршілердің ауызбіршілігінің тиімділігін айтудай-ақ айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау жылдары Орталық Азия Одағын құру туралы да ұсыныс білдірді. Осы аралықта көршілерімізге одақтасуға тек саяси ерік-жігер жетпей келгендігін көріп отырмыз. Енді уақыт өте келе толыққанды, терең интеграция туралы айтуға ертерек болғанымен, аймақаралық экономикалық байланыстар, қауіпсіздік, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша келісуге нақты мүмкіндіктер жетерлік. Қазақстан Президенті идеяларының жүзеге асатын күні жақындағандығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Жұмабек САРАБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы