29 Қараша, 2011

Тамыры бірдің – тәңірі бір

442 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қарашаның 27-сі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми бастап келген қазақ­стан­дық ресми делегация мен бір топ өнер шеберлерін Анкара әуе­жайы­нан Түркия Парламентінің вице-спикері Садык Якуб пен Қазақ­станның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев қарсы алды. Қазақ елін түрік мемлекетімен жақындастыратын, туыстық арна­ла­рын жалғайтын арқауларға арғы-бергі тарихты қаузай иек артсақ, қан­шама ізгілікті іздерге қаныға түсетініміз анық. Түбі бір түркі жұрты дегенде ата-бабасы оғыз­дар­дың қара шаңырағынан, киелі қа­зақ жерінен еншісін алып, Ана­до­лыға қоныс аударған бүгінгі түрік өркениетінің тамыры әлі де сол байырғы байтақ даласымен ажы­ра­мастай күйде бүлкілдеп соғып жат­қанына кәміл иланасыз. Осы кіршіксіз пейіл Қазақ елі өзінің тәуелсіздік таңына қол жеткізгенде тағы да басқалардан бұрын көрініс тауып, тағдырдың талай тар жол, тайғақ кешулерінде рухы жан­шыл­маған халық қазақтың қуанышына қазақпен теңдей шаттанды десек, артық айтқандығымыз емес. «Түрүк» деген сөздің өзінің тү­бірін бір ғалымдар «туындайтын», «көбейетін» деген мағынамен сабақтастырса, енді біреулері оны «құдіретті», «күшті», «кемел» деп жетілдіре тарқатады. Қалай дегенмен де бұл екі түрлі тұжырымның түрік бауырлардың атына әбден лайық екенін растайтын құнды­лық­тар жеткілікті. Бұл орайда тү­рік баласының бағына туған әйгілі Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің шоқтығы өзгелерден биік тұра­ты­нын атап өткен жөн. 1920 жылы нау­рызда Түркияның өмірінде ай­тулы оқиға орын алғанын мұндағы көне шежіре талмай таразылайды. Елдің Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төр­ағасы болып сайланған сол Ататүрік Түркияны өз алдына жеке тәуелсіз республика болуға тиіс деп шешім қабылдап, кезінде Түрік мемлекеті деген ұғымды алғаш қалыптастырған тұлға екенін бүгінде туған жұрты барынша ардақтап, мақтан тұтады. Түрік тарихында 1923 жылдың 2 қазаны тәуелсіз Түрік Республикасының құрылған күні ретінде атап өтіледі. Астананың Ыстамбұлдан Анкараға көшірілген кезі де сол жылдар. Ал тұрғындарының саны бүгінде 4 млн.-ға жететін шаһардың кешегісі мен кейінгі тіршілігін мінсіз баяндайтын тарихи-мәдени ескерткіштер бояуы кісі қиялын мұнан да терең тылсым теңізге батырады. Қазіргі Анкара келбеті Ататүрік рухымен асқақтап тұр. Кешегі ха­лық­тың жүріп өткен соқпағынан жас ұрпақ өнеге алып өсуі үшін ке­меңгер тұлғаға арнап кешен са­лы­нуының өзі көп жәйттен хабар беретіндей. Оның тұрғызылу сырына үңілсеңіз, бір адамның ғана жан­қияр еңбегіне емес, жалпы түрік мәдениетінің тереңнен қазылған алтын құдығына кезіккендей күй кешесіз. Ататүрік дүниеден оза сала қолға алынған кешеннің құры­лыс жұмыстары 1944 жылдан бас­та­лып, араға он жыл салғанда ха­лық мұрасына айналса, 1953 жылы Түрік Республикасының тұңғыш президентінің денесі Анкараға қай­та жерленген. Міне, сол кезден бастап рухани кешенге атбасын бұр­май­тын қонақ кемде-кем. Қазақ­стан Парламенті Сенатының Төр­ағасы Қайрат Мәмидің Түркияға сапарын қарашаның 28-і күні дәл осы қасиетті орынға тағзым етуден бастауының өзіндік себебі бар. Төраға Мұстафа Ататүрік кешеніндегі «Арыстандар аллеясын» тамашалап, тұлғаға орнатылған ескерткішке тоқталды, «Тәуелсіздік мұ­на­расынан» өтіп, құрметті қонақ­тар қолтаңба қалдыратын кітапқа тілегін жазды. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жыл­дық торқалы тойы қарса­ңын­дағы шараның Түрік мемлекетімен арадағы туыстық байланысты жа­расымды өнегемен жалғастырып, екі елдің саяси, мәдени ынты­мақ­тастығының арта түсуіне тигізер ықпалы мол болмақ. Бір-бірінің құндылығына құрмет көрсетуден өзгелерге өнеге көрсетіп отырған екі елдің туыстық сезімдерін ай­шықтайтын нысандарға тоқталсақ, Астанада – Ататүрікке, ал Анкарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап еңселі ескерткіш орна­тыл­ған. Сенат Төрағасының Ататүрік кешенінен кейін Н.Назарбаев ескерткішіне атбасын бұруында үл­кен мән бар. Қос президенттің ар­ман-аңсары туған елінің тәуел­сіз­ді­гімен тығыз байланысты болды. Сол бақытқа қол жеткізген ер есімі өз елінде ғана емес, өзге жұртқа да үлгі деген ұғымды санаға құярдай Түркия астанасында Елбасыға тұр­ғызылған еңселі ескерткіш. Осы күні Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Мәми Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Джемил Чичекпен  кездесті. Кездесу барысында Қазақ­стан мен Түркия арасындағы екі­жақты ынтымақтастықты одан әрі ны­ғай­ту туралы мәселелер талқыланды. Қ.Мәми айтқандай, екі ел ара­сындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына алдағы жылы жиырма жыл толады. Бұл кезеңде екіжақты өзара іс-қимыл стратегиялық әріптестіктің сапа­лық тұрғыдағы жаңа деңгейіне көте­рілді. «Оған Қазақстан мен Түркия басшылары зор еңбек сіңірді», деді Қ.Мәми. Қ.Мәми «Жаңа Синергия» бағ­дарламасын жүзеге асыру нәти­же­лерін жоғары бағалады және биыл­ғы 9 айда екі елдің тауар айналымы 2 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Қ.Мәмидің пікірінше, мем­лекетаралық қатынастарды да­мытуда парламентаралық байла­ныс­тардың маңызы зор. Қазақстан мен Түркия парламенттерінде де­пу­таттардың достық топтары бар. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) ая­сындағы үнқатысуды одан әрі те­реңдету жайында айта келіп, Қ.Мәми түркиялық әріптесін қо­лайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Түркі ықпалдастығының одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты Қазақстан Сенатының Төрағасы Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің ерекше рөлін атап өтті. Қ.Мәмидің ай­туын­ша, «Түркі Кеңесінің биылғы қазан айында Алматыда алғашқы саммитінің өткені және оның Хат­шылығының құрылуы түркітілдес халықтар арасындағы байланыс­тар­ды нығайтуға қосымша серпін берді». Кездесу барысында Қ.Мәми алдағы жылғы қаңтар айында Парламент Мәжілісіне сайлау өтетіні туралы хабарлады. Төраға атап өт­кендей, сайлау Қазақстандағы де­мо­кратиялық жаңғыруларды одан әрі дамытуға бағдарланған. «Біз сайлау науқанына баса назар ауда­рамыз», деді Қ.Мәми және ол: «Парламенттік сайлау халықара­лық талаптар мен стандарттарға толық сәйкес өтеді», деп атап көрсетті. Д.Чичек барлық қазақстандық­тарды біздің еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады және осы жылдарда қол жеткен әлеу­мет­тік-экономикалық және саяси жа­ңарулар нәтижелерін жоғары ба­ғалады. «Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым және сіздердің елде­рі­ңіздің жетістіктерін өз көзіммен көрдім», деді Д.Чичек. Түркия Пар­ламенті басшысының пікірінше, «Қазақстан мен Түркия ара­сын­да ешқандай даулы мәселелер жоқ, екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді, халық­аралық мәселелер бойынша біздің бағдарымыз ұқсас. Оған екі ел басшыларының сіңірген еңбегі зор» . Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда парламентаралық байла­ныс­тардың негізгі рөлін атап өте келіп, Д.Чичек «парламентаралық үнқатысуды одан әрі белсенділендіруде Сенат Төрағасы Қ.Мәмидің осы сапары маңызды» екенін айтты. Түстен кейін Төраға Анкара қа­ласының мэрі М.Гокчекпен кездесті. Генчлик паркінің Концерт за­лында Қазақстан Республи­касы­ның 20 жылдығына орай отандық өнер шеберлерінің концерті өтті. Опера жұлдыздарынан Нұржамал Үсенбаева, Жан Тапин, Азамат Жылтыркөзов, дәстүрлі әншілер­ден Жазгүл Даңылбаева, Гүлзия Стам­бек, сондай-ақ «Наз» теа­тры­ның би ансамблі, «Белес», Президент оркестрінің халық ансамбльдері өнердің өріне қияласа, қоңыр күздегі қобыз үнінен Анкара жаны тербеліп тұрды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ – Анкарадан.