Бұл ойын мазмұны жағынан ұтыс ойыны тобына жатады. Қазіргі ауыл және қала балаларының ойнап жүргені «асық ату» ойыны балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді.
Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан. Асықты ешкім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Оның жақсы салмақты түрлерінен сақа жасайды. Қазақта «қой асығы болғанмен, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт» деген мақал бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін «сақадай сай» сөз тіркесі де бар.
Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Асық ойыны балаларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа баулиды.
Осы орайда, біз ұлттық ойынды насихаттауды басты нысанаға ала отырып, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Спорт және денешынықтыру істері комитеті жанынан «Асық ату» республикалық федерациясы құрылды. Қазір федерацияның 5 облыста филиалы жұмыс істеп тұр. Ұлттық спортпен ұзын саны 201 973 спортшы айналысатын болса, оның 1039-ы асық ойнайтындар. Республика көлемінде 78 мектепте асық үйірмелері бар және оның 63-і ауыл мектептерінде екенін баса айту керек. Қазақстан Республикасының «Денешынықтыру және спорт туралы» Заңының 21-бабында: «Ұлттық спорт түрлері спорттың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Оның танылуы осы заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады» делінген. Еліміздің заңында осылайша кең мүмкіндіктер беріліп отырғанда, өзіміздің төл спорттық ойындарымызды дамытпау – біздің ұрпаққа сын.
«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек!» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде айтқан екен. Мемлекет басшысы осындай жолдауларымен бастамашы топтарды қолдап жатқанда, біз тартынып қалмақ емеспіз. Ұлттық мәдени игілігімізді жаңғырту жолында аянбай тер төгуге әзірміз. Осы мақсаттың желеуімен, біз асық ойынының ережесін 4 тілде жазып, ол 2011 жылы бекітілді.
Ұлттық спорт түрі ретінде патент алуға да қолымыз жеткенін айтқым келеді. Осылайша, бұл ойын алғаш рет 2011 жылғы 20-26 қыркүйекте ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен III фестивальдің бағдарламасына кіргізілді. Бұл біздің алғашқы іс-шарамыздың бірі. Бүгінгі таңда федерацияның жұмысы жолға қойылып, түрлі деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 2013 жылғы 14 қыркүйекте өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық ӘҚ I Спартакиадасында біздің ойын ойналды.
Сондай-ақ Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен асық ату ойынынан 2014 жылдың маусымында жастар арасында Республикалық ашық біріншілік өтті. Тағы да осы жылы Тараз қаласында ауыл-село спортшыларының II жазғы жасөспірімдер ойындарына асықты енгіздік. Сондай-ақ «Асық ату» ойыны елордамызда Астана күніне орай бес жыл қатарынан өткізіліп келеді. Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған «Алтын сақа» қалалық ашық чемпионаты өткізіліп келеді. 2014 жылы қыркүйекте Өскеменде өткен Қазақстан Республикасының Президенті жүлдесіне арналған 5-ші халықтар ойыны күнтізбесіне де кіргізілді және маусым айында Берлин қаласында өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында да «Асық ату» ойыны көрсетіліп, жарыс өтті.
Қазақстан құрамасы 2016 жылы қыркүйек айында Қырғыз елінде ұйымдастырылған «Дүниежүзілік көшпенділер» ойынына қатысты. Бұл ойынға 16 мемлекеттен құрамалар келіп, Қазақстан командасы қырғыз халқының «Ордо» ойынынан 4-орынды иемденді. Тағы да бір айта кетер жайт, біздің федерация «Асық ату» ойынын ЮНЕСКО ұйымына адамзаттың құндылығы ретінде енгізу және қорғау туралы ұсыныс білдіруде.
Ал бүгінгі таңда, ұлттық ойын «Асық ату» спортының 2018 жылға арналған жоспар бойынша жұмыс атқарып жатқан жайымыз бар. «Асық ату» ойыны, әсіресе компьютер мен интернетте күні бойы отыратын жастарды көз ауруынан құтқаратын, таза ауаға шығарып, қимыл-қозғалыс жасауға, денсаулықтарын шыңдауға көп пайдасын келтіретінін қазіргі медицина ғылымдары дәлелдейді.
Жомарт САБЫРЖАНОВ,
Республикалық «Асық ату» федерацияның атқарушы директоры