30 Қараша, 2011

Ақ етікті апай

452 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Ұзын бойлы, өткір көзді, өзі де, сөзі де, тіпті ісі де ірі сияқты көрінген Жұлдызай Бисенбаевамен бізді Желтоқсан қозғалысының белсенділері таныстырды. 1986 жылғы оқи­ға­лар кезінде «ақ етікті апай» атанған, жастарға мұздай су шашып жатқан өрт сөндіргіш мә­шиненің шлангасын жұлып алмақ болып, алға ұмтылған қазақтың жанкешті қызын алаңға шыққан жастар ұмытпапты. Жұлдызай Қанапияқызы 1946 жылы Қос­та­най облысының Қамысты ауданында дүние­ге келген. Өмір талқысы оны алақанға салған жоқ, төрт жасынан анасынан айырылып, жау­таң­көз болып, аңырап қалды. Әкесі Қанапия белсенді коммунистердің бірі болған. Ол кісі «партияның шақыруымен» 1954 жылы «Ал­тынсарин» есімі берілген тың кеңшарына ал­ғашқылардың бірі болып көшіп келіп, жұ­мысқа тұрады. Қазір бұл өңір «Алтынсарин стансасы» деп аталады. Кент тұрғындары негізінен тың көтеруге келгендер, қазақтар жоқтың қасы. Осы жерде Жұлдызай орысша орта мектеп бітіреді. Әк­е­сінің соңынан қалмай жүріп, мәшинеден бастап барлығын жүргізуді әбден үйреніп, техника құлағында ойнайтын болады. Жасынан алғыр, өткір, әрі белсенді болған оны мектеп бітірген соң-ақ жастар ұйымының көшбасшылығына сайлайды. 1968 жылы Қос­танай пединститутының физика-математика факультетін де аяқтайды. Тапсырған істі ұр­шықтай иіріп, жалындап тұрған жасты 1969 жылы аудандық комсомол комитетінің хат­шы­лығына сайламақ болады. Бірақ ауыл шаруа­шылығымен ғана айналысатын аудан бол­ған­дықтан, комсомолдың хатшысы да осы сала­ны жақсы білуі керек, мұғалімдік білім бұл жерге жарамайды деген сылтаумен оны өткізбей тас­тайды. Бұл намысты қыздың жігерін жа­нып, сендерге ауыл шаруашылығы білімі керек болса, мен оны Мәскеуіңнің өзінен ала­мын деп 1970 жылы Тимирязев атындағы ау­ыл шаруашылығы академиясы эконо­ми­ка факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түседі. Мұнда да белсенді коммунист жас бірден көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға қызу ара­ласып кетеді. Қазақ елінің бір түкпірінен келген қыз Одақ астанасындағы аудандық кеңес­тің депутаты болып сайланып, факультет комсомол ұйымының хатшысы сияқты қызмет­тер­ді атқарады. Тәжірибе алмасу бағдарла­ма­сы бойынша Болгария, Чехословакия, ГДР сияқты социалистік елдерге де барып қай­тады. Көңілі жарасып, осындағы агрофакта оқып жүрген Нұрайдар Салдаров деген қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Жұлдызай 1976 жылы академияны ойда­ғы­дай бітіріп, Қарлығаш есімді тұңғыш қы­зын көтеріп, жолдамамен Алматыға келеді. Ол кезде бір ауыз қазақша білмейтін, өзі де, сөзі де адуынды қазақ қызы ешкімге ұнай қой­майды. Сөйтіп, оған мұнда орын та­был­май, Күрті ауданындағы Күрті кеңшарына бас бухгалтердің орынбасары, ал жұбайын бөлім­шенің агрономы етіп жібереді. Бұл кезең Кеңес Одағындағы айтулы жыл­дардың бірі еді. Өйткені, КОКП ХХVІ съезіне дайындық жыл бойы қызу жүріп жатқан-тын. Жұлдызайдың бірге оқыған Женя деген жол­дасы сол кезде «Правда» газетінің ауыл ша­руашылығы бөлімінде істейді екен. Сол Салдаровтар отбасына «съездің қонағы» болуға ар­найы шақырту жібереді. Оған екінші қы­зына таяуда босанған Жұлдызай бара алмай,  Нұр­айдар кетеді. Мәскеудегі жол­дас­тары оның әлі күнге бөлімше агрономы бо­лып жүр­геніне қайран қалады. Сөйтіп, намыс­шыл курс­таста­рының көмегімен ол Мәскеуде съезді қы­зықтап жүргенде мұнда қалған зайыбына Сал­да­ров­тың ВАСХНИИЛ-дің Қазақ­стан­дағы фи­лиа­лынан «Первомай» өндірістік-тәжірибе ша­руашы­лы­ғына директор болып тағайындал­ға­ны жөнінде бұйрық әкеліп береді. Бұл да қы­зық факт. Қазақстанда шаруа­шылық басшысы болу үшін неше түрлі кедергілерден өтіп жатса, Мәскеуге тікелей бағы­натын шаруашы­лық­қа оның түкке де керегі жоқ екен... Жұлдызайдың отбасы осы жерде екі жыл­ға таяу болып, одан күйеуін Қаскелең ауда­нын­да­ғы «Шамалған» стансасында орналас­қан «Друж­ба» кеңшарына ауыстырады. Бұл аудан ғана емес, облыс, республикаға белгілі аса ірі көк­өніс тұқымын дайындайтын кеңшар бола­­тын. Осында Нұрайдар 1986 жылға дейін директор болып қызмет істейді. Ал Жұлдызай өзі ос­ын­дағы өнеркәсіптік кәсіпорынның бас­тығы бо­лады. Осында қызмет етіп жүргенде кейіпкеріміз кандидаттық диссертациясын да қорғайды. 1986 жылы Нұрайдар ауырып қалып, Ал­матыдағы ауруханаға жатқызылады. Жан­сақ­тау бөліміндегі оған Жұлдызай таңертең бір рет, кешке бір рет келіп тұрады. Сөйтіп жүр­генде 16 желтоқсан болады... Сол күні Нұрайдар келіншегіне бір шаруамен Брежнев алаңында орналасқан Ауыл ша­руашылығы министрлігіне соғып шығуды тап­сырған екен. Ойында ештеңе жоқ Жұл­дызай министрлікке барса, керек адамын таба алмайды. Есесіне: «Қонаевты орнынан алып тастапты», деген көңілсіз хабарды естиді. Дәлізде ерсілі-қарсылы сенделгендер оның орнына Мәскеуден біреуді әкеліпті дегенді де күңкілдеп айтып қалады. Бұл жа­ңа­лық Жұл­дызайдың төбесінен жай түсіргендей болады. Есіне Мәскеуде, «Правда» газетінде істейтін, бұларды съезге шақырған жолдас­та­ры Женя­ның 1985 жылы кездескенде: «Жа­қын­да Қа­зақ­станның мұнай, газ өндіретін аймағын түгелімен Орынборға қосады. Өйт­кені, Горбачев Қазақстанда мұнай мен газ өңдеу зау­ыттары салынбайды, сондықтан олар шикі­затты игере алмайды депті-мыс» деген сөзі ойға оралады. Бұл әңгіме Жұл­ды­зайдың на­мысына қатты тиіп, қазақ жерінің Ресейге кетпегі іштей ширықтырған болатын. Енді мына ауыс-түйіс сол жоспардың іске аса бастағанындай көрінеді. Қазақ жерін бөл­шек­теуге көнбеген Қонаевты алып тастап, айт­қанынан шықпайтын өз адамдарын әкелген ғой деген ой оның қанын басына шаптырады. Ішіне көп нәрсе жимай, орысша мінезбен өскен Жұлдызай сол жерде өзімен сөйлес­кен­дердің бәріне жоғарыдағы жайды жайып салады. Бұл олардың зығырданын қайнатады. Кейбіреулері мұндайдың шет жағасын естіген де болып шығады. Көптің арасынан Қонаевқа барып жолығуымыз керек, біз – бәріміз де коммуниспіз, бәріміз де оны әрқашан қолда­дық, енді неге ол күтпеген жерден кетіп отыр. Қазақстанның бөлшектенетіні рас па? Бізге себебін айтсын деген ұсыныстар шығады. «Давайте, завтра с утра все пойдем в ЦК, встре­тимся с ним», деген ұсынысты орыс, қазақтың бәрі бірауыздан қолдайды. Кеудесін намыс қысқан Жұлдызай осы сөзге тоқтап, әріптестерімен бірге министрліктен шықса, Брежнев алаңына сол кездің өзінде көптеген адамдар жиналып қалған екен. Келіншекке жұрттың бәрі де ашулы, бәрі де наразы сияқты болып көрінеді. Бұл қалып Жұлдызайдың намысын қайрай түседі. Ол ертең міндетті түрде келемін деп шешеді. Осы жерден әрі біз жұртқа белгілі болған фактілерді емес, тек Жұлдызайдың өзінің бастан кешкенін ғана баяндаймыз. «Ертесіне алаңға келсем, біраз адам жи­на­лып қалған екен. Сол жерде ОК-ның бұл шешімі дұрыс емес, Қонаевты бұлай шығармау керек еді, орнына ел жағдайын жақсы білетін өзіміздің республиканың адамын қою керек деген сияқты сөздер ақырын да, қатты да айтылып жатты. Осы күндері алаңда тек жастар ғана болды десіп жүр. Ол дұрыс емес, мен қатарлы адамдар да, тіпті бізден үлкен кісілер де сол жерде болды. Орыс халқының өкілдері де аз болған жоқ. Бірақ ереуілдеген наразы­лық­тар негізінен бірінші басшылыққа басқа жерден келген орыс өкілінің тұрғанына деген қарсылыққа ойыса түсті. Бір кезде «кө­ше­лерге шығып, барлық қазақ азаматтарын қатарымызға қосып алайық» деген идея айтылып, оны бәрі қолдап кетті. Сол уақытта «қайта құру», «демократия» деген ұрандар да шығып, халық өзінен өзі күшейе бастаған жоқ па, сол бізге де күш бітірген еді. Содан көше-көшені аралап кеттік. Ол сапарларды қазір жұрттың бәрі біледі. Жазушылар ода­ғының алдына барып, Олжасқа айғайла­ға­нымыз – бәр-бәрі белгілі. Халық бірлесіп, осылай қосылып сөйлегенде, бір-біріне қуаты дарып, өзінен-өзі күшейе береді екен. Содан алаңға қайтып келсек, төңіректі қол­дарына шүберек байлаған халық жасақ­шы­лары мен милиция екі қатар қылып қор­шап алыпты. Сырттан келген бізді кіргізбейді, іштегі қалған топты сыртқа шығармайды. Тағы бір ұрандар көтерген қалың топтар да келді. Сол жерде мен жүгіріп алға шығып, Лениннің портретін ұстайық және «Да здравствует ленинская национальная политика» деген ұранды алға қояйық, сонда бізге ешкім тимейді деп айғайладым. Солай етсек те бізді кіргізбеді. Сонсоң «Береке» дүкенінің маңы­нан бір ақ халатты қыз жүгіріп шығып, бізге мына жерден өтіңдер деп айғайлады. Дүкен­нің алдында қазылып қалған шұңқыр бар екен, біз сол жердегі саңылаумен алаңға күш­пен кірдік. Ал сол ақ халатты қызды артынан, 20 жыл өткен соң тауып алдық. Ол Гүлнәр Ыстықбаева екен. Төбелес болады деп ешкім де ойлаған жоқ, бәрі күліп-ойнап жүрді. Әркім өзінше айғайлап жатыр, бәріміз өлең де айттық. Біздің мақсатымыз Қонаевты шығарып, сөзін есту еді. Арамыздағы орыстар: «Он нам как отец родной, пусть с нами попращается», дейді. «Кунаев, Кунаев!» деп айғайладық. Мен мінберге үш рет шығып сөйледім. Бізге Қо­наев шықпайды, тараңдар, жұмыс орында­рыңа барыңдар деп сөйлегендер көп болды. Бірақ оларды ешкім тыңдаған жоқ. Біреулер оларға тас лақтыруды бастады. Оған себеп бір қазақ бастықтың орысша сөйлегені болды. Ысқырған топ оған қазақша сөйле десе, анау мән бермеді, сонсоң тас лақтыру басталды. Мен өзімнің сөздерімде балаларды тыныш тұруға, арандатуға ермеуге, төбелеске шық­пауға шақырдым. Арамыздан делегация жіберіңдер, біз Қо­­наевпен ауызба-ауыз сөйлесейік десек, құлақ­тарына ілмейді. Талап етіп қоймаған соң, бір жас балаларды жіберді. Мен секілді үлкен кісілерді жолатпайды. Ересектер мені барсын деп итереді, ал милиция бізді кіргізбейді. Сөйтіп, жауапқа жарымадық. Әйтеуір, екінші жіберген делегацияның арасына елулер шамасындағы бір кісі еніп кетті. Сол ағамыз шығып, Қонаев өзі арыз жазып кетіпті, деді. Кешке қарай әскер қаптап келіп, алаңды тығыз шеңбермен қоршап алды. Арандату солардың жағынан басталды. Мен шырылдап, балаларға төбелеспеңдер, тыныш тұрыңдар деп жүрген едім. Сол кезде бір әйелдің: «Ана қызды өлтірді ғой, азаматтар болыспайсыңдар ма?» деп жанұшыра шыңғырған дауысы естілді. Жастар сол жаққа қарай ойысты. Сол кезде төбелес басталып кетті», дейді Жұл­дызай. Бізбен кездесуге Жұлдызай Бисенбае­ва­ның қасына еріп тағы бір апай келген еді. Шы­рынкүл Өсер есімді бұл жан да желтоқ­санға қатысушы екен. «Ана қызға болыссаң­дар­шы», деп айғайлаған мен едім, – деді ол. – Көз алдымда өрімдей бір жас қызды милиция формасындағы еңгезердей орыс теуіп құлатты да, төмпештей бастады. Шыдамаған мен жү­гіріп барып, арашаламақ болған едім, ұшы­рып түсірді. Сол кезде мен жігіттерден көмек сұрап айғайладым», деді ол. Өсер Әжіқызының да әңгімесі адамның төбе шашын тік тұрғызады. Оны Қылмыстық кодекстің «қасақана кісі өлтірді» деген 88-ші бабымен соттамақшы болған екен. Бірақ бұл жерде біз оның әңгімесін айтып беруді басқа жолға қалдырып, Жұлдызайдың кейінгі тағдырына оралайық. Сол күні кеш бата алаңның барлық жағы қоршауға алынады. Жалғыз милиция емес, солдаттар да, курсанттар да бар – бәрі алаңды қоршайды. Тым-тырақай төбелес басталып кетеді. Арматура кесіндісі, сапер күрек­ше­ле­рімен қаруланған жасақшылар мен солдаттар жастарды аямай, соғып жатты. Жұлдызайдың да басына сілтенген темір шекесі мен мұрнын жырып кетіп, қызыл қанға бояйды. Осы жерге дейін әңгімесін бір деммен айт­қан Жұлдызай апай әрі қарай ауыр күрсініп, біршама уақыт үнсіз қалды. Сол кездің суреттері көзіне елестеп, жүрегі ауырып кеткен сияқты. Жаңа ғана жалын атып тұрған оның көздері де боталап кетіпті. Кешке қарай алаң тегіс қанға боялды. Жа­расы жанына батып, қозғала алмай қалғандар, шашылған киім, түсіп қалған шәлі – бәрі-бәрі тротуарды толтырып тастады. Жастардың шыңғырған дауысы естілмесін деген болуы керек, бір қатты музыкаларды жіберіп қойып­ты. Олардың үнінен құлақ тұнады. Алаңға келген «жедел жәрдем» мәшинелері құлап жатқан жастарды алған жоқ, тек солдаттар мен жасақшыларға көмек берумен болды. Бұған ызаланған жастар кейбір «жедел жәр­дем» мәшинелерін төңкеріп тастады. Өрт сөндіргіш мәшинелер де өкіре кіріп, мұздай суды шаша бастады. Мен сондайдың бірінің шлангасына жармасып, ағытып тастамақ бол­ған едім. Жастардың есінде сол сурет қалып қойыпты. Артынан Тоқтар, Ертас және тағы басқа жігіттер: «Сіздің аяғыңыздағы ақ етік есімізде қалды дегендер көп болды», деді. Сол түні қоршаудағы алаңнан Жұлдызай зорға қашып құтылады. Жалғыз-ақ Сәтбаев көшесі арқылы қазіргі «Достық» даңғылына дейінгі жол ашық екен, қалған ел сонымен жөң­­­кі­ле қашады. Әйтеуір бір үйдің кіреберісіне (ол кезде подъездер жабылмайтын еді ғой) еніп кетіп, аман қалдық. Өзге жұртты темірмен, кү­­рек­­­пен соққылап, итпен қуып бара жатты, дейді ол. Бір қызығы демонстранттардың арасында қыздар көп таяқ жеген екен. Өйткені, ба­лаларды ұрғызбайық, қыздарға тие қоймас деп алдыңғы лекке кілең соларды қойған едік, дейді ол. Бірақ солдаттар мен жасақшылар олар­ды да еш шімірікпестен, бастан ұра беріпті. Тығылған жерден шығуға да қорқып, қыз­дар көп жатады. Тек сырттан қазақ жігітте­­рінің дауыстары шыққанда ғана бәрі далаға шығады. Бұл жерден алаң алақандағыдай көрінеді екен. Өйткені, оған жарық самаладай болып түсіп тұрады. «Сол жерде құлап қалған, жатып қалған жастарды автобустарға, жүк мәшинелеріне аяқ-қолдарынан ұстап лақтырып жатқанын көзіммен көрдім. Одан әрі мәшинелер тау жаққа бет алды. Мен өзім ғана солай жүрген сегіз мәшинені санадым», – дейді Жұлдызай апай. Сол түні кейіпкеріміз таныстарының үйіне түнгі сағат 3-те жетіп, қонады. Ал ертесіне не болғанын білмек болып, көшеге шығып, Абай даңғылында қалың топ болып келе жатқан жастармен жолығады. Оларға өзінің кешегі көргенін, яғни сегіз автобуспен адамдарды тиеп әкеткенін айтады. Милицияға да мыңдаған жастар қамалғаны белгілі болады. Сол жерде: оларды қамаудан босатсын деп талап етейік дегенге уағдаласады. Бірақ осы кезде бұ­лар­дың қасына тоқтаған ақ «Волгадағы» ми­лицияның үлкен шенді адамы бұған: «Женщина, садитесь, мы с вами со вчерашнего дня зна­­­комы», дейді. Бірақ Жұлдызай отырмайды жә­­­не жанына топталып қалған жастар да жібергісі жоқ-ты. Сол кезде басқа жақтан милиция қызметкерлері жүгіріп келіп, оны жа­нындағы үш жігітпен бірге мәшинеге күштеп отыр­ғызып, аудандық милиция бөліміне жеткізеді. Одан КГБ-ның түрмесіне апарады. «Ар­­тық айтпаймын, мені ешкім ұрған жоқ, бірақ барынша қорқытты. ОК-дағы ұйымдас­ты­ру­шының атын ата, сен оның адамы екеніңді білеміз. Осыны ұйымдастырушылардың бірі сенсің, ату жазасын алатын боласың, деген қоқан-лоқылар көп болды. Қабырғаға қойып, екі жағымнан пистолеттен оқ атып та қорқытты. Бір сәт көзім көрмей қалған да кездер болды. Ең қызығы халық ешкім ұйым­­дастырмай-ақ өздері жиналды деген шын сөзімнің біріне сенбейді. Мені ОК-мен тікелей байланыстағы адам деп қана ұғып тұрды. Бірнеше рет ауысқан тергеушілердің бәрі де солай ойлады», дейді Жұлдызай апай. Ақыры менің ауылдан келгенімді тексеріп көрмек болып, Қаскелең аудандық партия комитетіне телефон шалды. Ондағылар кім екенімді айтумен қатар, барынша жамандап, ол партия мүшесі болса да принципшіл, айт­қанға көнбейді деп зарлап қоя бергендерін құлағыммен естідім, дейді. Сонымен, алдымен партия қатарынан шы­ғару үшін оны Қаскелең ауданына алып барады. Сол күні бір Жұлдызайды партиядан шығару үшін аудандық активті түнгі сағат 2-ден әкеліп отырғызып қойған екен. Партия мүшелері бірауыздан Жұлдызайды партиядан шығаруға қол көтереді. Бәрі де кешегі дос­тары, таныстары. Әрқайсымен қалжыңдасып, әзілі жарасып жүретін жандар. Колесников деген КГБ қызметкерінен басқа бірде-бір адам ара түсіп, жанашырлық білдірмейді. Бұл үлкен соққы болатын. Бұдан кейін ешқандай жерге жұмысқа тұру, қызмет ба­бында өсу деген атымен жоқ-тын. Әйтеуір сол күні қайта алып кетпек болғандардан аудан­дық КГБ бастығы П.Колесников, кеңшар партия ұйымының хатшысы И.Лобарь, аудандық атқару комитетінен А.Горкопенко деген азаматтар жас баласы бар, оның ешқайда қаш­пайтынына біз кепіл боламыз деп ара түсіп, оны жендеттің тырнағынан құтқарып, үйіне қайтарады. Бірақ әрбір он күн сайын келіп, белгіленіп тұруға мәжбүр етеді. Зайыбының осындай жағдайға тап бол­ға­нын естігенде көптен жансақтау бөлімінде жатқан Нұрайдар қайтыс болады. «Басыма іс түскен сондай қысылтаяң кезде мен жақсылықты көбінесе басқа ұлт өкіл­де­рінен көрдім», дейді апай. Күйеуінің орнына тұрған кеңшар директоры болған В.Сайкин бұған: «Сені заңның бабымен шығаруға қо­лым бармай тұр, бұрынғы күнмен «өз еркімен кетті» деп шығарамын», деген көмек жасайды. Ешқандай жер жұмысқа алмайды. Кеше ғана үйін сыпырып, отын жағып беріп жүре­тін көршілеріне дейін теріс айналып, аман­дасуға жарамағанда Сулейман деген түрік азаматы мұның өтінішімен өзінің бұрынғы кәсіпорнынан материалдар әкеліп, қолғап тіккізеді және оны өз әйелінің атынан өткізіп, ақшасын Жұлдызайға беріп отырады. Бір күні кеңшар директоры В.Сайкин үйді босатуды талап етеді. Өйткені, директорға арнап салынған, аумағы атшаптырым үйге қызығушылар көп болған екен. Соның ішінде астық қабылдау кәсіпорнына (АҚК) жаңадан тағайындалған Данабай деген азаматқа үйді алып бермек болады. Бұл талапты орынды көрген Жұлдызай басында көніп қалса да, кеше ғана өмірден өткен күйеуінің қолының ыстық табы қалған қарашаңырақтан айырылғысы келмейді. Түні­мен жылап, көз ілмей шығады. Ертесіне үйдің жанына мәшине тоқтап, директор бастаған 3-4 адам аулаға беттегенде Жұлдызай үйдегі қосауыз мылтықты алып шығып: «Мен ешкімге зиян қылған жан емеспін, халық жауы атанған жоқпын, бар жазығым халқымның намысын қорғадым. Кеше күйеуімнің денесі осы үйден шықты. Сондықтан мен бұл үйді бере алмаймын. Ал күшпен аламын десеңдер, мен қаным бұзылған адаммын. Маған бәрібір, бесеуіңді де жайратамын, сосын екі баламды, өзімді атып өлтіремін. Осыған тұрсаңдар тағы бір қадам аттаңдар», депті. Әйелдің әбден ашынған түрін көрген Сайкин: «Ну, ее к черту», деп қолды бір сілтеп, кетіп қалады. Содан кейін үйді аламын деп ешкім келмейді. Бірақ бірде Данабайдың өзі келеді. Ол отбасы үлкен екенін айтып, Жұл­дызайға басқа жерден кішірек пәтер беруге, гараж да салып беруге уәде етеді. Ең бастысы – АҚК-ге жұмысқа алуына болатынын да айта­ды. Осы соңғы сөзге елп еткен Жұлдызай көніп қалады. Ертесіне одан хабар болмаған соң, екі күн өткен соң үйді қашан босату керек екенін білмек болып өзі барады. Сөйтсе... Данабайдың әкесі, қазақтың ақыл­гөй ақсақалы: «Өзі де басына іс түсіп жүрген жесір әйелдің үйін тартып алғанымыз обал болады, ол саған құт болмайды», – деп баласын тоқтатқан екен. Содан қайтып Жұл­дызайдың үйіне қызығушылар болмапты. Күндер өте береді. Қайғыға «қарағайдың қарсы бұтағындай қарсы тұрған» Жұлдызай жасымай, екі қызын жеткізуді ойлап, жасы­рын қолғап тігіп, тамағын асырап жатады. Бір күні үйіне Володя Быков деген жігіт келеді. Бұл кезінде прораб болып істеген, кейін ішіп кетіп, қара жұмыс істейтін жан екен. Әлгі даладан айғайлаған бойы: «Канапиевна, дай трояк, умираю», деп келеді. Неге екенін білмеймін, осынау, өзімсіне айтылған сөздер менің жүйкемді босатып жібергені ғой», дейді апай. Сол жерде еңкілдеп, ботадай боздадым. Ағыл-тегіл кеткен көз жасыма ие бола ал­самшы. Араққа ақша сұрай келген мас адам­ның өзі қатты сасып қалды. Сөйтсем, жүйкем­нің бәрі тек шабуыл жасаған жандарға, тек жамандық атаулыға домбыраның шегіндей әбден қатып, өзімсіне, жақын тартып сөйле­ген дауысты естігенде бірден босап кеткен сияқты, деп күледі ол қазір. Артынан сол В.Быковпен бірге бірнеше адамды біріктіріп, кеңшардан техника алып, жалгерлік бригада құрып жеке кәсіпкер болып кетеді. Кейін көшіп кеткендердің жер пайларын да сатып алып, 12 гектар суармалы алқапқа ие болып, қант қызылшасын өсіреді. Әрі іскер, әрі білгір жанның шаруасы дөңгеленіп, аудан басшы­ла­рының өзі мұның алдына келіп, көмек сұ­райтын халге жетеді. Ол ол ма, оңынан тұрған жел оны жебей түсіп, халықаралық қорлармен байланыстар жасап, жаңа техникалар алып, озық технологиялармен жұмыс істеуге қол жеткізеді. Жұлдызай апайдың бұл істегі жетістіктерін айтсақ, бір мақаланың шеңберінен шығып кетер едік. Тек енді оның қалай ал­дан­ғанын ғана бір ауыз сөзбен айтып кетейік. Бірде аудан басшыларының бірі келіп, Шамалғаннан қазақ мектебін салғалы жатыр­мыз, соған сіздің жерден 1,8 га алайық деп едік, есесіне сізге басқа жерден 5 га үлес береміз деп жер актісін сұрайды. Қазақ мектебі деген соң жан бар ма, барлық қағаздарымды қолына ұстата бердім, дейді апай. Сонымен, біраз уақыт өткен соң ауданға барса, өзінің өзгертілген жер актісін түрлі себептермен қай­тып ала алмайды. Сабылып бірнеше бара­ды, құжат жоқ. Ақырында ауысып жатқан әкім-қарарлардың мұның жерін сатып жібергені белгілі болады... Сөйтіп, аңырап-боздап апа­мыз қала береді. Әуелгі жермен келген құт апай заң қуып, есік-тесіктерді жағалап жүр­генде ғайып болып, техникалары да, малдары да талан-тараж болады. Қазір желтоқсаншы апайымыз әді­­­­лет іздеп Бас прокуратураның есігін тозды­ру­да. Біреулер желтоқсаншы ретінде ақталуы­ңыз керек деген соң Прези­дент­тің мұраға­ты­нан Қаскелең аупарткомы жина­лысының 1986 жылғы 21 желтоқсандағы мұ­ны желтоқсаншы ретінде партиядан шығарған хаттамасының кө­шірмесін алады. Оны Бас прокуратураға әкеліп берсе, ондағы бір бас­тықсымақ сөзбұйдаға са­лып, тағы да зығыр­данын қайнатады. Сөйтіп, бір кезде туған халқы үшін алып империяға қарсы белдесуге жараған жүрек жұтқан, адуынды жан бұл күндері ешкімнің қа­­­­дірін білмейтін ұсақ шенеуніктердің жемі бо­лып, жүнжіп кетудің аз-ақ алдында жүріп жатыр. РS: Желтоқсан оқиғасын көптен бері тереңнен зерттеген адамдардың еңбек­терінен де Колбиннің келу себептерін түгел біле бермейміз. Жұлдызай Бисен­бае­ваның әң­гі­месінен бір себептің ұшы қылтиып қалға­нын зер салып оқығандар аңғарған болар. Ол – Горбачевтің мұнай мен газ шығатын Қазақстанның батыс аймақтарын Орынборға қосқысы келгені туралы әңгіме. Осының шын­дығын анықтау да Желтоқсан оқиға­сы­ның маңызын аша түсер еді. Жақсыбай САМРАТ.