Қазақстан • 28 Наурыз, 2018

Павлодарда мультибрендтік «ҚазӨнер» орталығы ашылды

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында ұлттық нақыш өрнектерімен ерек­ше­ленетін мультибрендтік «ҚазӨнер» орталығы ашылды. Сауда орнының ашылуына ән­ші Роза Әлқожа қатысты. Елі­міздің 100 бренді қатарынан орын алған «Мен сыйға тартқан орамал» сауда белгісінің бұйымдары «Халық маркасы» тұтыну белгісіне де ие. 

Павлодарда мультибрендтік «ҚазӨнер» орталығы ашылды

Иә, қазақ «орамал тон болмайды, жол болады» деп ырымдайды. Әнші Роза Әлқожа қалыптастырған бренд – «Мен сыйға тартқан орамалдың» ою­мен өрнектелген орамалдарын, «Мәдени мұра» орталығы жасаған был­ғары қол сөмкелер мен әмияндарды, «Кербез» фирмасының сағаттарын, «Мерхат» зергерлік шеберханасының күміс сырға-сақиналарын енді бір жер­ден – «ҚазӨнерден» сатып алуға болады. 

– Қазір орамалдарға сұраныс та аз емес. Солтүстік өңірлерде орамал тағатын қыз-келіншектердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Ана­ла­рымыздың басынан ақ жаулық түс­пеген ғой. Алғаш рет «Мен сыйға тарт­қан орамал» дүкені Алматыда ашылды. Қазақтың да брендтік бұйымы болсын деп, «Әлқожа» деген атпен орамалдар шығаруды қолға алдық. Енді міне, Павлодарда 20-шы дүкен есік ашып отыр. Бұл орамалдар ұлттық нақышта өрнектелген. Қытайдан, Кореядан жеткізілген маталар өзіміздің цехта боялады, шеті көмкеріледі, моншақтар тағылады. Біз тігетін әртүрлі түсті орамалдар әйел­дерге, қыз-келіншектер, апаларға ұнай­ды деп ойлаймыз, – дейді әнші. 

Жергілікті жас кәсіпкер Әсет Сейітахметтің айтуынша, ұлттық н­а­қыш­­тағы бұйымдарға қазір сұраныс жо­ғары. Ендігі мақсат – қазір заманауи үлгіде киінсек те ұлттық болмысымызды айқындайтын киімдерді, бұйымдарды қолжетімді ету. Сондықтан әнші Роза Әлқожаға жа­салған ұлттық бұйымдарды бір жер­ге біріктіру туралы ұсыныс қол­дау тапты. 

– Роза қызымызға өте ризамыз. Орындайтын әндері де сондай әсерлі, әр жүректен орын алады. Кереку өңіріне көктем, күз айларында келіп, бізге жақсы әндер сыйлайды. Өзім де, ансамбльдің мүшелері де енді ылғи да «Мен сыйға тартқан орамалдың» бұйымдарын, күмістерін сатып алмақпыз, – дейді облыс орталығындағы «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің жетекшісі Бақытжамал апа. – Біз қазақ әйелдері қонаққа бара қалсақ та, туған күн, мерекелерге сый-сияпатқа орамал сатып аламыз. Келін болып түскен кезде басына орамал жауып, әулеттің аманаты тапсырылады. Орамал тағу – әйелге парыз. Сондықтан орамалды қастерлей білейік. 

Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан» 

ПАВЛОДАР 

Суретті түсірген Дархан Өмірзақ