Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуық уақыт өтсе де ана тіліміздің бүгінгі кейпі әлі күнге дейін босағадан сығалап, төрге оза алмай тұрған мүшкіл халін көзге елестетеді. Оған мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады. Жиырмасыншы шағын ауданда орналасқан зәулім сауда нысандарының «азан шақырып» қойған аттары – «Корона», «Сулпак», «Апорт», «Семейный»... осылай жалғасып кете береді. Тіпті Петропавл қаласын шетелдің шаһарларымен шатастырып алу оп-оңай. Әрине әдемілігі, сәнділігі жағынан емес. Тіл мүкістігі, ұлттық реңк бойынша! Былтыр осы маңайда «Мега» сауда, ойын-сауық орталығы бой көтерді. Маңдайшаларға жазылған, қағылған атаулар қандай десеңші: «Детский мир», «Электроника», «Мечта», «Cinema park», «City mall», «Magnum Atak», «Радужный»...Бірде-бір қазақша ат емге табылмайды.
Жергілікті аяқдоп шеберлері өнер көрсететін футбол командасы «Қызыл-Жар СК» деп аталады. Дұрысы «Қызылжар СҚ» ғой деп жанкүйерлер құдайдың зарын айтып, қанша қақсаса да «баяғы жартас – бір жартастың» кебімен мелшиген қалпы тұр. Қонақүй атауы «Қызыл Жар»!? Петропавл арақ-шарап зауытының брендіне айналған «Қызыл-Жар» алкогольді ішімдігін «ақаңа» ықылық ата тойып алған «бір мырза» жаза салғандай әсер қалдырады. Бір ұғымды аңғартатын жер атауының қалай жазылатынын білу соншалықты қиын ба?
Бұрындары жаңа құрылымдарға атау берілгенде қазақ тілі ережесінің сақталуы ежіктей тексерілетін. Соңғы кездері осы қатаң жауапкершілік бәсеңсіген білем, Тіл туралы заң талаптарына жүрдім-бардым қараушылар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп барады. Жарғылық құжаттарды тіркеуден өткізетін әділет басқармасы мамандарының мәселенің байыбына тереңдеп бармауына қарағанда құрылтайшылардың өтініш-тілектерін қанағаттандырумен ғана шектелетін сияқты. Мұндай көзқараспен тіліміздің көсегесі көгермесі анық. Бұл жерде «кім қалай атағысы келсе еркі, құқы» деген уәж жүрмеуі тиіс. Дәл осындай көзқарасты ұстансақ, атаулардың мүлдем шұбарланып кетпесіне, жазбақ түгіл айтуға ұялатын, намысқа тиетін атаулардың жарнамаланбасына кім кепіл?
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы