Осы мәселені аяқсыз қалдырмау үшін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шыққаннан кейін қайтадан қолға алуымызға тура келді.1950 жылдарға дейін өзен атауы «Шора» деп аталып келіп, 1955 жылдан былай облыстар алғаш өз карталарын шығара бастағанда бұл өзеннің атауы да «Черемушка», одан соң «Қошқарбайка» болып кете барды.
Қысқаша өзеннің «Шора» аталу себебіне тоқтала кетсек, сол маңды ежелден мекен еткен қарауыл руының жаулыбай тармағынан Дүйсен деген шебер құсбегі ұлы жүздің даңқты құсбегісі, саятшы жалайыр Шорамен дос болып, Алатау-Тарбағатай жерінен балапан бүркіт әкеліп, орасан алғыр, ерекше тұрпатты қасқыр, түлкілерді баудай қырған қыран ұстайды. Дүйсен сол қыранды өзіне балапандай сыйлаған Шораға көрсетпек ниетте оны қонаққа Көкшеге шақырады. Бұл оқиғаға дейін көп жылдар бұрын сол Шораның әулеттерінен бір шағын ауыл жалайырлар жаугершілік заманда Дүйсеннің еліне ауып келіп, сіңісіп кеткен.
Дүйсеннің шақыруын құп алған Шора бір күндері қолында ақ тұйғыны бар, бір топ жолдастарымен келеді. Жайлауда ақ үй тігіп, Дүйсен қарсы алады. Көкше елінің бүркітшілері бүркіттерін сынатады. Бүкіл ел болып Шораның ақ тұйғынын тамашалап, Шора ағайындарында қонақтап, екі айдай сол өзен бойын думандатады. Содан халық осы өзенді «Шора» атап кеткен. Елдің, халқымыздың достық, бірлігі солайша қалыптасқан ғой.
Облыстық ономастика комиссиясына тапсырылған өтінішке Зеренді ауданы әкімдігінің ризашылығы, Айдарлы ауылы тұрғындары жиналысының хаттамасы, облыстық табиғат қорғау, су шаруашылығы департаменттерінің құптау құжаттары, ауыл шаруашылығы министрлігінің хаттары тапсырылған. Үш айдан бері облыстық ономастика комиссиясы түрлі карталардан «Шора» деген сөзді іздеуде. Архивтерде 1950 жылдарға дейінгі керекті құжаттар сақталмаған. Тым әрідегі карталарда ондай шағын өзенді қойып, кейбір үлкен елді мекендер мен көлдердің де атаулары жоқ екенін көріп отырмыз. Жуықта сол елдің ең жасы үлкені, Көкшетауда тұратын 94 жастағы Есқожа Итжанов ақсақалға сәлем беріп сұрағанымызда: «Е-е, қарақтарым-ай, өзеннің аты ежелден Шора еді, адам адамға, адамның сөзіне сену деген қасиеттен айрылдық қой» деп басын шайқады.
Біздің осы сияқты сансыратқан сұрағымызға дұрыс жауап беріп, түйткілді шешетін, сөйтіп ауыл жанынан ағатын өзенге өзінің тарихи Шора деген атауын қайтаруға септігін тигізетін парасат иесі табылса игі...
Айдос ӘБУТӘЛІҰЛЫ,
еңбек ардагері
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы