Жұрттың туынды, қосылмалы ұзын сөздері ауызша айтылғанда қысқарып, ықшамдала береді. Сөз – ықшамдық тілейді. Қарап отырсақ, ықшамдалып, сығылысып кеткен сөздер толып жатыр. Мәселен әйтсе де, қайтсе де, қайтып, сөйтіп, о да, бұ да, биыл, кәдімгі, әше, қайдам, әкел, әпер, мөт, мұтшақ, бойсұну, ұсап, қайткенде. Ту баста бұл сөздердің былай екені анық: «алай етсе де, қалай етсе де, қалай етіп, солай етіп, ол да, бұл да, бұ йыл, қадым күнгі, ендеше, қайдан білейін, алып кел, алып бер, үміт, ұмытшақ, бой ұсыну, ұқсап, қалай еткенде».
Осындай ықшамдалған, ықшамдалып келе жатқан сөздерге: мұт, мұтшақ, бойсұну, күнелту, бар-ды (бар еді), жоқ-ты (жоқ еді), болыпты-мыс, болмасбеді (болмас па еді), жүрсигедім (жүрсе игі едім), жүралмаймын (жүре алмаймын), баралмаймын-дар да қосылады (бара алмаймын). Мұндай сөздер әуелдегі шыққан түбірін көксемей, қысқарған түрінде жазылуға тиіс. «Бар-ды, айтқан-ды, жоқ-ты»-лардың «еді»-сі қысқарып, «ды» боп қалса, «болмасбеді, жүрсигеді» болып, «еді» қысқару керек. Егер «игі» бөліну қажет табылса, «жүрсе игеді» болып жазылуға тиіс. Жоғарыдағы «алып кел, әпер, қайдам»-дар сықылды «жүре-алмаймын, бара-алмаймын»-дар да қысқартылып, («жүралмаймын, баралмаймын») жазылу керек.
Дәйекші туралы ойлап-ойлап, мынандай қорытындыға келдім. Дәйекші, көбінесе, бас буынды жіңішкертеді. Сөздің ішіндегі «Е», «К», «Г» дыбыстары өздері жіңішке естілгені болмаса, бүтін сөзді жіңішкерте алмайды. Сондықтан сөздің бас буыны жіңішке естілген жерде, ішінде «Е», «К»,«Г», «Қ», «Ғ» болса да, дәйекші қалмай жазылған дұрыс болар деп білдім. Бұл жоба жазуға көп жеңілдік келтіреді. Бұрынғы «іс, іске, піс, піспек, өр, өрле, біз, бізге, сөз, сөзге, түр, түрлес» дегендегі түбірінде бір дәйекшілер жоғалмайтын болады: «іс, іске, піс, піспек, өр, өрмек...» болып жазылады. Бәрі біркелкі. Бұрынғы ережеде болмайтын тағы бір пайдасы: шұбалаңқы ұзын жазылатын, сызықпен қосылатын сөздер қысқарады, жазу ықшамдалады. Сыдыртып, тез оқудың бір шарты – сөздің ықшамдығы. Кітап оқығанда кісі ежелеп отырмайды, сөздің тұлғасынан тани кетеді. Неғұрлым тұлғаның тұрқы қысқа, ықшам болса, соғұрлым оқуға да жеңіл болмақ. Жазу үйретуге тағы солай.
Осы айтылғандарға сүйеніп, жоғарыда көрсетілген мысалдарды былай жазуды ұсынамын:
«Атты кісі мылтық атты. Қасымбек, Қойшығұл, Түйебай, бір-ақ, малғой, жоққой, керекқой, адамда, құста, аңда, барайынба, келейінбе, аламынба, барғанбысың, келгенбісің, жазғансоң, малмен, көппен, биеке, ағаке, молдеке, тайсымай, япырмай, жарықтығай, аппақ, сапсары, баралмаймын, жүралмаймын, бимаза, бейбастақ, битарап, биқам, бетбақ, болмаспеді, жүрсе игедім...».
Қазақ тілінде үндестік (сингармонизм) бар деп, бірталай басты қатырдық. О да жоқ сөз болып барады. Қараңыз мына мысалдарды:
«Мақамбет, Ақмет, құдірет, қасиет, Қаныбет, қауесет, қызмет, бірақ, қане, қорек, қыркүйек, қалпетімен, Қабен, саудагер, Қаныкей, қажет, қазір».
Мұндай сөздерді іздей берсек, аттың қара қапталынан келетін. Әрине, олардың ішінде шеттен кірсе де, байырғы болып кеткендері де бар, өз байырғымыз да бар. Қайткенмен олардан құтылу, әйтпесе, Елдесшілеп «касиет, кызмет, әкмет, (Ақмет), күдірет, кажет...» деп бұзу мүмкін емес. Сондықтан үндестікті (сигармонизмді) тіл білімдерінің (языковед) сыбағасына қалдырып (егер олар қашпай ала қойса), сөзіміз бен жазуымыздан аулақ қылу керек. Енді Елдестің көкейін тескен «У», «Й», «Ы»-лар туралы бір-екі сөз. «ҰУ» мен «Й» екі дыбыстан құралғанына таласпай-ақ қоялық.
Ұ+У=ҰУ.
Ы+У=ҰУ.
Ы+Й=Й» деп-ақ қояйық. Бірақ таңбаны ықшамдау керек болса, оларды ықшамдау керек.
Осы күнгі орыстың «Е», «Ё», Я», «Ю» деген қаріптері мына дыбыстардан құралған:
И+Э=Е
И+О= Ё
И+А=Я
И+У=Ю
Орыстың бұдан неше ғасырлар бұрын қолданған қоспақ таңбаларын біз осы күні қолданып отырмыз. Неге? Ломоносовтарымыз жаңада шықты. Біз орыстың таптаған жолын таптағымыз келмесе, қоспақ таңбадан осы бастан құтылуымыз керек. Елдес этимология (тіл заңы), фонетикаға (естілу бойынша) сүйеніп, оларды қорғап-ақ шығар. Іс жүзінде қолайлы болуына келгенде, ілгеріден тілеуіміз бар ғой десек, оларды қысқарту тиіс. «У» да, «Й» да, қай жерде болса да, бір таңбамен жазылсын: шолағы да, ұзыны да.
«Ы» қалмай жазылсын. «Өзгеде жоқ, бізде бар» деген пікірлер жүр. Сондықтан «келу, бару, сарық, қайық, қиын, қарыт, тарық, Троцский, қырық...» деп жазамыз десіп, оп-оңай көріп жүр. Бұл – сөзді ықшамдауға жатпайды, шұбалтып, соза беру болады. «Ы» деген дыбыс бірде бар, бірде жоқ, ойнақшып, тұрмайтын сағым сықылды дыбыс. «Сарт-сұрт, қырт, қарт, (кәрі), қарқ, мұрт»- тардағы «Ы» емес, сәкүн (ъ) тәрізді бірдеме. «Келу, бару»-дың ішіндегі «Ы» дыбысы да дүдәмал. Ондай дүдәмал дыбысқа бола «ашық буында, бітеу буында «Ы» дыбысы қалмай жазылады» деп ереже шығару керек емес. Айқын естілетін жерде «Ы» жазыла берсін. Түбінде тіршілік тартысында күштілер жасайтыны шын болса, «Ы» сықылды шалағай, тұрлаусыз «меньшевиктер» сүйрегенмен аңға жарамайды, бір кезде шығып қалады.
Таңба (қаріп) туралы қазірден-ақ Ахаңның жазба машинаға арнап шығарған таңбалары қабылдансын. Ол мүмкін болса, аз да болса жеңілдік келтіру үшін бұрынғы басылған жобамды жақтаймын. Тыңнан шығарған, татардың өзгерткен, болмаса латыннан алған таңбалар туралы менен басқа да айтушылар табылатын. Сондықтан сөзді доғарамын.
Дайындаған
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»