Біздің қоғамның алдында қазақ қаламгерлерінің құны бір тиын болып қалды. Бұрынғыдай көшеде ешкім танымайды, шығармаларын оқымайды, теледидардан сөйлесе тыңдамайды. Ақпарат пен техника жарық жылдамдығындай дамыған заманда біз модернизациялана алмай жатырмыз. Нарықтық ағынға дайын болмай шықтық. Қазір қоғамға арзан сөз бен көбік ой өтімді. Кейде қоғамды да кінәлай алмайсың. Салмақты ой мен терең сөзді қорытуға халықтың уақыты жоқ. Осындай кездерде әдебиет керек пе деген пендеуи ой басыңа сарт ете қалатыны бар. Сондықтан болар қазақ қаламгерлері қазір аздап үнсіздеу. Бірақ бұл уақытша кезең деп ойлаймын. Бәлкім, менің сөздерім Кобэ Абэнің кейіпкеріндей өзімшілдеу сөздер болар.
Қазақ әдебиеті жаңғырып, кітап сататын агенттіктер құрылса, біздің де өз Марк Левиіміз, өз Коэломыз, Дэн Браунымыз, Николас Спаркіміз, Роулингіміз болар ма еді деп ойлаймын. Барлық өнердің, ғылым-техниканың бастауы әдебиетте жатыр. Кітап нарығын жолға қойып, айналамызға қарайтын уақыт жетті. Енді кешіксең бір орында көп отырып, жау келгенде асығып тұрам деп шалғайын басып құлаған әпенді-қазақтың күйін кешеріміз хақ.
Атақты Гомер туған елде қазір ақын жоқ деп жатады. Рас-өтірігін кім білсін. Бірақ жастар қазір осы күнгі көзі тірі әлем ақындарынан гөрі прозаиктерін көбірек біледі, іздеп оқиды. Демек, әлемде прозаның бағы жанып тұр деген сөз. Бізде керісінше поэзия басым. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әдеби орталарда ақындар топтанып жүреді. Там-тұмдап өз беттерінше жазып жүр. Әдебиетте ең қиын да ең оңай жанр поэзия деп жатады ғой. Содан барып өз еншісін алған тұңғыш баладай бірі проза, бірі сын, бірі басқаға барып жатады. Кейде қазақ әдебиетіндегі жас ақындарды көріп, бейне бір олар стартта тұрғандай елестейді маған. Әлемдегі әдебиетке біз фэнтези, ғылыми-фантастика, детектив жанрларын игере алмай жатқанда тағы да киберпанк, ЛитРПГ дейтін жанрлар қосылды. Жастарымызды компьютер ойынына құмар, миы сұйылып кетті деп айыптап жатамыз. Сол ойындардың бастауында әдебиет тұрғанын, ғылыми фантастикалық жанр жатқанын, алдымен кітаптар жазылып, сол кітаптар желісінде ойындар құрастырылғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бұлардың дамуына Дмитрий Рус, Марк Кузмин, Нам Хи Сон сияқты жазушылар сүбелі үлес қосып жүр. Жастарды кітапты қолына алмайды деп айыптай бергенше ойынға жақын ба, сондай жанрдағы кітаптарды оқытайық, анау қаламгерлермен таныстырайық. Осылай ақырын әдебиетке баулиық. Қоғамдағы ағыммен санаспауға болмайды. Жастар жаппай компьютерлік ойынға құмар болса ЛитРПГ жанрын өзімізде дамытып жазайық, ол үшін жоғарыдағы айтқан старттағы жігіттердің томағасын сыпырып қоя берсек жеткілікті. Әдебиетпен бірге басқа өнер түрлерін де дамытайық, әсіресе кенже өнер түрі киноға да көңіл бөлейік. Әдебиет, мәдениет жағынан айналамызбен тереземізді теңестірейік. Абайдың сыны арқамызға таяқ боп тигелі қай заман. Қимылдайық. Есекті де ұрсаң әудемжер шабады емес пе?!
Тұрсынбек Башар
Алматы