Біз барған күні 2016 жылы қанатқақты жоба ретінде құрылған мектептің үшінші маусымы ашылған-ды. Осыған орай арнайы дәрісханада осы бастаманың басты ұйымдастырушысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Токушев алғашқы дәрісті оқыды.
Одан кейін жоба жетекшісімен өзара әңгімелесу барысында мектепті құрудағы басты мақсат – студенттер мен жастарды мемлекеттік қызметке алдын ала бейімдеу, оның алғашқы әліппесін үйрету екеніне қанықтық. Сонымен бірге мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл таныта білудің бірқатар иірімдері де жас тыңдаушыларға таныстырылады. Мемлекеттік қызметке орналасудың алғашқы қадамы тестік жүйеден өтуден, әрі өзге де тиісті заңнамалық құжаттарды игеруден басталатыны белгілі. «Мансап» мектебіне қабылдану үшін конкурстан өтеді. Бірінші, мемлекеттік қызметшіге арналған тестілеуден өтеді, екінші эссе жазады.
Сонымен бірге олар «Мансап» мектебіндегі білім беру үрдісі кезінде өңірге және елімізге танымал белді тұлғалардың дәрістерін тыңдайды. Әрі біліктілігі жоғары лекторлармен ашық форматта емін-еркін ой-пікір алмаса алады. Іс басындағы азаматтар мен маман-сарапшылардың өмірлік тәжірибесі ертеңгі мамандық иелерін мемлекеттік қызметтің қыр-сырын алдын ала ұғынуға ұмтылдырары анық. Екінші бір ерекшелік – мектеп тыңдаушыларының мемлекеттік органдарда өңдірістік тәжірибеден өтуі. Ең бастысы «Мансаптағы» дәрістер студенттердің негізгі оқу бағдарламасына ешқандай кедергісін келтірмейді. Оның үстіне мұндағы оқу үрдісі тегін жүзеге асырылады.
– Мемлекеттік қызметтің басты қағидаты меритократия ұғымынан тамыр тартады. Бұл жас талаптың біреудің қолдауынсыз, қоңырауынсыз, тек өз күшімен, өз ақыл-қайратымен және өз білік-білімімен сатылап өсуі деген сөз. Мектепті құрудағы мақсатымыздың бірі – осындай шындық пен әділетке студенттердің көздерін жеткізу еді. Тәубе, бұл ойымыз көңілден шығып келеді дейді жобаның үйлестірушісі Қайыржан Токушев.
Бұдан екі жыл бұрын «Мансап» қанатқақты жоба ретінде ашылған кезде оған оқуға 25 студент ықылас танытқан. Кейін оның 19-на мектепті тәмамдағаны жөніндегі сертификаттар тапсырылған. Ал келесі 2017 жылы оған қатысуға ниет білдіргендердің саны 252-ге жетіп, бес есеге бір-ақ көтерілген. Сөз жоқ бұл өте сүйінішті жайт. Мемлекеттік қызметке деген ұмтылыс пен қызығушылықтың көріністерін аңғарта алатын құнды көрсеткіш.
Аталған жылы заңнаманы білуге арналған тестілеуден 102 студент сүрінбей өткені де тәуір нәтиже. Бұдан кейінгі уәкілетті орган өкілдерімен әңгімелесу барысы бойынша тест тапсырғандардың бестен-бірі мектеп табалдырығын аттапты. Бүгінгі күні олардың дені мемлекеттік қызметтің әр саласында қызмет атқарып жүр. Солардың бірі, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Ризат Қарасаев «Мансап» мектебі өз өмірінің жаңа парағын ашқанын айтып берді. Оның табалдырығын аттағаннан кейін көңілдегі күмәнді ойларымның бәрі сейілді. Менің таңдауым – мемлекеттік қызмет болып шықты. Бұл үшін бастама иелеріне алғысым мен ризашылығым шексіз, дейді ол.
Ал мектептің екінші бір түлегі Медет Камилов мемлекеттік қызметке жастарды алдын-ала әзірлеу мен тарту тың әрі жаңашыл жоба екеніне тоқталды. Бұған қоса «Мансапта» теория мен тәжірибенің тығыз үйлесім табуы өте пайдалы болғанын жеткізді. Шыны керек, бұрын-соңды білмеген ақпаратқа қанық болдым. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасында тағылымдамадан өттім. Департамент қызметкерлерімен біріге отырып жұмыс істедім. Тәртіпті үйрендім. Әдеп пен қызметтік қарым-қатынастардың құндылықтарын бойыма сіңірдім, деп ағынан жарылды ол.
Қысқасы «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебі ерекше, айрықша әрі бірегей жоба екені анық. Сірә үйренуге тұрарлықтай үрдістің бір мысалы осындай-ақ болар.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ