Қазақстан • 06 Сәуір, 2018

Жетпіс жылдықта жазылмаған мақала

387 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгін – Ерағаңның, Ержұман Смайылдың о дүниеге аттанғанына қырық күн...  

Жетпіс жылдықта жазылмаған мақала

Күнде ертеңгілік, не кешкілік телефон соғып, бір тәуліктегі елімізде болған жаңалықтарды, баспасөз беттеріндегі елең еткізген әлдебір мақа­­лалар төңірегінде әңгімелеп, одан қалды күллі отбасының амандығын сұрастырып, арасында жеңіл-желпі әзілдесіп те үлгеретін жанашыр досың жайлы өткен шақпен естелік айту қандай қиын және қандай ауыр. Жанашыр досым деп ерекше екпін түсіруге де себеп жеткілікті-тін. Біреуміз Жетісу өлкесінде, біреуміз Арал өңірінде өмірге келсек те тезірек тіл табыстық, тіл табысуымызға екі түрлі жағдайдың түрткі болғандығын анық сезінемін; біріншісі, ұлт­тық университеттің киелі табалдырығынан үрке­соқтап аттаған санаулы жылдар. 

Ерекең ол кезде әскери-теңіз флотында аза­маттық борышын өтеп келгендіктен бе, әлде өмірдің ащы-тұщысынан аз да болса «ауыз тиіп», оң мен солын танып білуге қабілет-қа­­рымы жетерлік жігіттік дәуреннің қызық-шы­жығын бізден гөрі ертерек бастан кешкендіктің әсері ме, тұлға бітімі жағынан да, білім-білігі жағынан да ерекшеленіп, бәрімізден биік тұратын. Университеттің журналис­тика факультетін өте жақсы бағамен тәмамдады. Көпшілігіміз ара-тұра республикалық жастар газетінің бетінен бір «шатпағымыз» жылт етсе, дүниені төңкеріп тастағандай, соның буына шала «мас боп» жүргенде Ерекең ап-ауыр былғары сөмкесінің ішіне Ержан мен Айжанға алған айран-сүтін қалың кітаптардың арасына бірге салып, Пушкин кітапханасына қарай желе жортып бара жататын. Лениндік стипендия екінің бірінің маңдайына жазылмаған дәреже. Бес жыл уақытты кәкір-шүкірге жырымшыламай, бас пайдасына жарата білді. Соның арасында үйленді, балалы болды. Үйлену тойына тайлы-тұяғымыз қалмастан қатысып, бұрынғы Фрунзе ұжымшары, қазіргі Туғанбай ауылындағы Ерекең мен Жақан жеңгеміздің отбасын құрғандарына шын ниетімізбен қуанып, сол мерекенің үстінде қызыл шараптан ұрттаңқырап жіберіп, ертеңінде Алматыға «арып-ашып» әрең жеткеніміз күні бүгінгідей есімізде.

Жә, мұны студенттік дәуреннің таусылмайтын жыр-дастаны деп бір қайырайық... Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген жас маманды университет ұжымы бірден оқытушылық қызметке қабылдаған. Мұндай жылы орынға әлдекімдер араға адам салып, қоңырау түсіртіп, өлдім дегенде қол іліктірсе Ержұман Смайыл мырза «журналистикадан, газеттің қат-қабат шаруасынан шетқақпай қалып қоймаймын ба?» деп соның өзіне де ойланыңқырап барып, тәуекел жасаған еді. Біз курстасымыз университетке орналасты деп бөркімізді аспанға атып қуанып жүрдік, ол оған соншалық жау жапырғандай ың­ғай таныта қоймады. Қолына алған әрбір істі тиянақты әрі асқан жауапкершілікпен атқаратын Ерағаң сол ізбен іздене бергенде бүгінде ғы­лыми атақтың кез келгенін қанжығасына оңай өңгеріп кете барар еді. Бертінде, арадағы үш-төрт жас айырмасын естен шығарып алып, «ғылым докторы, профессор атанып, маң-маң басып жүрер едіңіз, қап, әттеген-ай!» деп қалжыңдаймыз ғой баяғы. Ондайда оның жауа­бы «кім білсінмен» аяқталатын. Осы «кім білсінге» біздің құлағымыз әбден үйренген. Бірге оқығанымыз бар, оқымағанымыз бар жеті-сегіз отбасын өмір қақпайлап әкеліп, ағайын­гершілік ауылына бірге қоныстандырған-ды. Ағайынгершіліктің мәртебесі достықтан да, жора-жолдастықтан да көш ілгері. Үлкеніміз – Ерағаң, осы «қауымдастықтың» бір қауырт ша­руасы Ерекеңсіз шешілген болса куәгерлер айтсын. Балаларымыз үйленіп, қыздарымыз тұрмысқа шығады екен мейлі, «бас құданың» төрдегі орны дайын тұратын. Ондайда өзіміздің ет-жақын туыстарымыз да «тізімге ілікпедік-ау» деп ренжімейтін. «Ереке, былай болса қайтеді?» деп алдымен өз уәжімізді сыналап өткізіп жібергенімізбен «кім білсін» деген сал­мақты ой артынша қайыстай ширығып, арыдан тұжырымдалған салауатты шешім түйткілді мәселелерді өз орындарына қойып шығатын.

Жасырары жоқ, міне қырық күннен бері сол үздіксіз соғылатын қоңырау кілт үзіліп, арқа сүйейтін асқар тауымыз жығылғандай ауыр жағ­дайды бастан кешудеміз. Осы бір көңілсіз сөйлемді қанша бір жазбайыншы десең де, қаламы құрғырдың сенің еркіңнен тыс алға түсіп, жортақтай жөнелетіні несі екен. Әлде «осы бастан Ерекеңсіз өмір сүруге көндігіп, етек-жеңдеріңді жинақтап, ендігі жерде ол кісінің елге, ортасына, туған халқына сіңірген азды-көпті еңбегін дүйім жұрттың есіне салып отыру – сендердің мойындарыңа жүктелер міндет» дейтін парыздың құлақ түбінен күмбірлеп тұратындығының әсері ме екен, а?! Әйтеуір, бір нәрсе жетпегендей, оқыстан Ерекең: «халдарың қалай?» деп жымия күліп, алдымыздан шыға келетіндей, біраздан бері жан-жағымызға елеңдеп жүргеніміз анық-ты.

Кеңес Одағы тұсында қазіргідей бір күн ашы­лып, бір айдан соң жабылып қалатын газет-сы­мақтар көп емес еді ғой. «Жас Алаштың» («Лениншіл жастың») беделі аспан тірейтін ол кезде. С.Бердіқұловша айтқанда, «Ленжаста» қызмет істеуден артық бақыт бар ма?». Шынымен «бақыт» жоқ-тын. «СҚ-да» бірер жыл жұмыс істеген Ерекең «ЛЖ»-ға бас редактордың орынбасары болып ауысты. Үлкен қызмет. Келе салысымен іске кірісті, ара-тұра кетіп қалатын грам­матикалық «ұры» қателер сап тыйылды. Жер-жердегі талантты жас журналистерді газетке тарту – Шерхан Мұртазаның уағынан келе жатқан дәстүр болатын. Сол дәстүр мықтап қол­ға алынды. Ерағаң шақырған бір кездегі «жас жолбарыстар» бүгінде республикалық белді басылымдардың бір-бір тұтқасын мығым ұстап отыр (Аттарын атап, түстерін түстемесек те өз­де­рі жақсы біледі).

Ерекеңмен арақатынасымыз осы аралықта одан әрі беки түсті. Бір-бірімізге деген сеніміміз күшейді, ашық сырласатын болдық. Алматының автобекет маңынан екі бөлмелі пәтер алғандағы көл-көсір қуанышын көрсеңіз. Бір қарағанда салқындау, ә дегеннен елмен етене араласа қоймайтын, жұмысқа қатысты шаруалар болмаса, былайғы тірліктегі қазақбайшылықты көп ұната бермейтін, тура сөйлеп, барынша әділ шешім шығаруға тырысатын біртоға, мінезі ауыр­лау азаматтың мәз-мейрам болған түрін айт­саңызшы сондағы! Ауылдан анасы Күләш апа келді. Күләш апа да ұлының санатқа қосылып, ел ағаларымен иық түйістіріп қатар жүргендігіне көзі жетіп, төбесі көкке бір елі жетпей шалқып-тасып отырып еді-ау Ерекеңнің алғаш алған сол қуықтай шаңырағында.

Естелік көп. Адам өлместей боп қатар жүр­генде ғана жақсылығы білінбейді екен. Қолдан келсе адамға жақсылық жасаудан артық мұрат-мақсат бар ма. Адамға жақсылық пен қамқорлық жасаудың үлгісін көрсетіңізші десе, ең алдымен есімізге Ерекең түсер еді. Оған дәлел жеткілікті. Тұлғалы азамат оқыс о дүниеге аттанғанда «туған әкеміздей болып маңдайымыздан сипап едіңіз, бізді қайда тастап барасыз?!» деп сай-сүйегімізді сырқыратып, көңілімізді одан әрі босатып, ботадай боздап келген «Егеменнің» қаршадай қыздарын көргенде көз жасымызға ие бола алмадық. Бұл – шын жоқтау, бұл – орны толмас арыстай азаматты аза тұтқан қарапайым пенделердің өкінішке толы қимастық сезімі еді; бұл – ешбір жылтырақсыз, бояу-боямасыз жұдырықтай жүректен төгіліп жатқан әзиз жандардың «жалғыздықпен» алғаш жүздесуі еді. Ерекеңнің «Егемендегі» атқарған қызметі туралы әлі талайлардың егіліп еске түсіретіндігіне біз кәміл. Бір жұмалық дастарқан үстінде «Ере­кең «Егеменге» өзін де, сөзін де, көзін де бер­ді ғой» дегенді еріксіз айтып қалғанымыз бар-ды. Мұның аражігін ажыратып, таратып айтар болсақ, әңгіменің ұзап кететін түрі бар. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, мыңдаған тиражбен басылатын ел газетінің «ел бетіне ұялмай қарауы үшін» бойындағы барын сарқып берген азамат есімінің тарихта қалатындығына инедей күмәніміз жоқ. Аузы дуалы жақсы-жайсаңдармен де тізе қосып, қос­шылық қызметті бірге атқарысты. Кейін сол кісілердің көзі тірілері Ерекең жайлы жан те­бірентерлік тол­ғаныстарын айтып та, жазып та жүрді.

Қарапайымдылығы, әлдебір жеңіл-желпі атақ үшін омыраулап, өз атын алға оздырып жібе­руге тырыспайтындығы, алқалы топта аз сөйлегенімен әділдіктің жалауы жығылар тұста тас қайраққа жаныған жалаң қылыштай суырылып шығатыны және сонысын жан-тәнімен қорғап, бір нәтижеге қол іліктірмейінше тыным таппайтыны, керек десеңіз, Ақордадағы кәделі басқосуларға да галстуксіз қарапайым қалпын бұзбастан бара салатыны – аңызға айналып үлгерген бүгінде. Әрі бұл аңыздардың жуық маңда тоқтайтын түрі байқалмайды, уақыт алға жылжыған сайын ашық теңізге шыққан желкенді қайықтай желдей есіп барады. Әрі әрбірінің бойы­нан таңғы шықтай шындықтың иісі бұрқырап тұрады, асыл азаматтың ешкімге ұқсамайтын әрі шатастыруға келмейтін жарқын бейнесі барған сайын айқындала түседі.

Ерекең осы жылдың қаңтар айының алғашқы жұмасында 70-ке келді. Күллі газеттер жары­са жазып жатты. Аса ұстамды мінездің де ара-тұра «босаңситын» кездері кездеседі екен. Бір­де, әдеттегідей қоңырау шалған тұста: «мен шы­нымен осындаймын ба?!» деп кәдімгідей ме­рейленгендігі бар-ды. Өзі өмір сүрген дәуірге ризашылығын қанша бүркемелейін десе де жасыра алмады. Орны барына көзі жетті, жүзінен шуақ төгілді, мерейі тасыды. Еңбек демалысына шыққан күннің ертеңінде «болды, жетті, енді өзіме бостандық жариялаймын» дегендей қызметіне оралмай қоюы да бітімі бөлек тұлғаның өзіне жарасар турашыл мінезі-тін. Басқа біреу болғанда ілініп, салынып жүре берер ме еді, кім білсін. Демалысқа шығысымен қаламмен қайта қауышты. «Достар еске түскенде», «Ағалар естен кетпейді» деп екі кітап шығарды. Екеуін де туған жер алдындағы азамат­тық борышым деп есептеді.

Жетпіс жылдығын ұл-қызы, немерелерімен бірге «Егеменнің» қара шаңырағында атап өтті. Тойдан дәметкендерге: «Бес жыл шыдаңдар, бес жылдан соң Жақан екеуміздің отау құрғанымызға елу жыл толады. Ұлан-асыр тойға сонда келесіңдер» деп миығынан күліп қала берді. Со секілді алдағы жоба-жоспарлары да ұшан-теңіз-ді. Көбісіне үлгере алмады. Өкінгенмен не пайда. Мерейлі жасымен құттықтап, көзкөргендер жабыла жазып жатқан соң, бізге де түбі бір кезек келер деп, сәл аяғымызды «тартып» қалғанбыз... Жетпіс жылдықта жазам деген мақаланың қырық күндігіңізге тап келгенін қарасайшы. Туғанбайдың киелі топырағына жамбасыңыз тиді. Жатқан жеріңіз жайлы, рухыңыз пейіште шалқысын, қадірлі Ереке!..

 Қуаныш ЖИЕНБАЙ