Медицина • 06 Сәуір, 2018

Хат қоржын

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман...

Хат қоржын

...пікірін айтады

Адамзат баласына рух береді

 Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы рухты оятып, сананы сілкіндірді. Кітаптың әрбір жолы, әрбір сөзі – өзіміздің осы күнге дейінгі жолымыз, тарихымыз, қиыншылығымыз, қуанышымыз. Кітапты парақтай отырып, күнделікті өміріміздің тарихын көргендей болдым. Ең бастысы, «Тәуелсіздік дәуірі» жүрекке еліне деген сүйіспеншілікті ұялатады, адамға ерекше рух береді. 

 Кітапта еліміздің егемендік алған 26 жыл ішіндегі қол жеткізген 33 үздік нәтижесі жазылған. Толағай табыстарымызға тереңірек үңілсек, тәуелсіз Қазақстанды әлемнің мойындауы, бас шаһарымыз Астананың бой көтеруі, Қазақстанның бірнеше ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі болуы және де төрағалық етуі үлкен мәртебелі қасиетке ие болды.

 Жас ұрпақ бүгін тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп, еркін елдің ұландары бейбіт, ынтымақты елде өмір сүріп жатыр. Елбасымыздың кітабы – сарынымен кімге болса да түсінікті, жүрекке жұмсақ, көңілге қонымды баяндалған. Жас ұрпақ осы кітапты оқи отырып, кезең тарихын, дәуір тарихын терең түсіне алады. Әр азамат бұл кітапты оқи отырып одан үйренуі, саяси, экономикалық ой-өрістерін кеңейтуі керек. Тәуелсіздігіміздің тарихын әсте ұмытпауға, оның қадіріне жетіп, әрбір кезеңнен тағылым алып, оны құрметтеп, қастерлеп болашақ ұрпағымыздың санасына құюды міндеттенуіміз керек.

Нұрша ДАЛИШЕВА, 
А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің тәрбиешісі

...ұсыныс жасайды

Арнайы министрлік құрылса

Еліміздің «Байқоңыр» ғарыш айлағында неше түрлі зымырандар ғарышқа ұшырылып жатады. Қазақ елінің орталық аймақтарына түгелдей экологиялық қайшылықтарды әкеліп адамдардың, төрт түлік жануарлардың денсаулығына қатер төндіруде. Бұдан басқа Ресейдің әскери оқу-сынақ аймақтары, атап айтсақ Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жалға алған жерлерде және Қазақстанның әскери-сынақ полигондары жұмыс істеп тұр. Еліміздің әскери-сынақ полигоны аймақтарынан бөлек Теміртау, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Өскемен, Атырау, Рудный, Жамбыл және Алматы қалаларының да экологиялық жағдайы мәз емес. 

Осы қалаларда ауаны ластайтын көптеген өндіріс орындары шоғырланған – ауасы лас аймақтар болып есептеледі. Осы жоғарыда айтылған жайттарды ескере келіп, елімізде экологияны басқаратын арнайы министрлік құрылса екен дейміз. Бұл ведомство тек қана полигондарды тексермей, ауыз су мәселесін, азық-түліктердің сапасын бақылап, адамдардың денсаулығы үшін қызмет етсе. Егер осы мәселені қолға алсақ, еліміздегі тамақ өнімдерінің сапасы жақсарып, шетелдіктер қызығып сатып алады әрі тұтынатын болады. Қазақстанда тұрғындардың әл-ауқаты, денсаулығы жақсарып, өмір жастары ұзарып, импорттық тауарларды сатып алмайды, себебі өзіміздің азық-түліктеріміз экологиялық таза әрі арзан болады. Еліміз бай, қуатты, халықтарының әлеуметтік жағдайы жоғары болар еді.

А.САПАРОВ,
Кентау қалалық «Ардагер» 
қоғамдық бірлестігінің басшысы

...ризашылық білдіреді

«Ардагерлер үйі» осындай болсын

Атам қазақ «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегенді  Павлодар қаласында орналасқан «Ардагерлер үйі» қарттар мен мүгедектерді оңалтудың облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мархаба Қаратаеваға арнап айтқандай. Жұмыс күнін оңалуға келгендермен жеке-жеке амандасып, көңіл күйлерін көтеріп, «күтушілерге деген қандай арыз-шағымдарыңыз бар» деп сұрудан бастайды. Жұма күні күнделікті аман саулығына қосып «жұма күндеріңіз мүбәрак болсын» дейді. Міне, осындай амандықтан кейін кімнің болсын көңіл-күйі көтеріңкі болады. 

 Бұрынғы спорттық сауықтыру кешені болған ғимаратты «Ардагерлер үйіне» берген екен. Соған түбегейлі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішінен үлкен бассейн, үш сауна, сумен шайыну бөлмесі, кітапхана оқу залы мен уқалау бөлмесі және бүкіл әкімшілік қызметкерлер кеңсесі дайындалыпты. 
 Бүкіл «Ардагерлер үйінде» 93 адам оңалушыларға қызмет көрсетеді. Орта есеппен жылына бір жарым мыңдай адам демалады екен. Оның үстіне екі жүздей адам күндіз келіп сауықтыру ем-домын алады. Осы мекеменің басшысынан бастап аспаздарына, қосшыларына, бәріне ризашылығымыз мол. 

Ақсақалдар атынан
Қайыргелді МАШЫРЫҚҰЛЫ
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Әбжан ауылы

...мақтан тұтады

Шәкіртіңнің сыйлы болғаны қуантады

Бүгінгі жас ұстаздарға қарап отырып өзімнің Бөрлі ауданы, Тихонов орта мектебіне жолдамамен барғаным, алғашқы тамыз кеңесіне қатысқаным есіме түседі. 

 Міне, көп жыл өтті, мен де тәжірибе жинадым. Оқушыларымның мектеп­тегі жетістіктері мені қуантты. 40 жыл ішінде жүздеген ұлттан тұра­тын түлектерімнің көбі кәсіби маман, ғалым, инженер, ірі кәсіпкер бо­лып, туған еліміз – тәуелсіз Қазақстанның өсіп, дамуына өз үлесін қос­­са, кейбірі жер шарының әр түкпірінде орын тауып, еңбек етіп жүр. Олар­дың көбі маған жиі хабарласып, рахметін айтып, жетістіктерімен бөлі­сіп отырады. Шәкіртінің сыйлы тұлға болуы – ұстаз үшін ең жоғары баға. 

 Жақында интернет желісінен Байқоңыр ғарыш орталығында бас инженердің орынбасары болып қызмет ететін Ольга Евенконың менің атыма жолдаған құттықтауын көріп, көңілім көтеріліп қалды. Шәкіртімнің қарапайымдығы, тәрбиесі, білім-білігі, 40 жылдан аса уақыт өтсе де білім алған ұясы мен ұстаздарын ұмытпауы мені тәнті етті. Елбасымыз айтып жүрген «Туған жерге тағзым» деген осы емес пе?

Асқар АҚЫШЕВ, 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері

...іздеу салады

Үмітімді үзбеймін

Мен бүгіндері сексеннің үшеуіне аяқ басқан қартпын. Бес жаста әкеден айырылып, өмірдің неше түрлі белестерін бастан өткердік. Алдымен сол қиын-қыстау кезеңдерде өсіріп ел қатарына қосқан анама құлдық ұрамын. Содан соң білім мен тәрбие нәрін құя білген ұстаздарыма басымды иемін.
Біз 1954 жылы мектепті 40-тан астам шәкірт аяқтаған екенбіз. Бізге білім нәрін беріп өмірге жолдама ұсынған ұстаздарымызға мыңда бір алғысымызды айтамыз.

Айтарым – сол бір кездері мектепті бірге бітіргендерден бүгінде аман-есен жүргендері хабарласып жатса, мен үшін үлкен қуаныш сол болар еді. Ал егер олардың бала, немере, шөберелері хабарласса да құба-құп.

Менің мекен-жайым: Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы, Новоишим ауылы, Совет көшесі, 6-8 үй. Телефондар: 8-7153521134 үй; 8-7786768884.

Зейнелғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ