Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Халқының Халелі

3177 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алаштың ардақты азаматы Халел Досмұхамедов көптеген зерттеу еңбектерінің бірінде: «Бұл дүниеде түрлі данышпан, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақ арасында да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі», деп көрсеткен екен.

Халқының Халелі

ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

Әділетіне жүгінсек, тәуелсіз ел тұғырының тұрлаулы болуы үшін жан аямай еңбек еткен Халел Досмұхамедов сынды біртуар азаматтардың рухын еске алып, есімін қастерлеу әрі оның қай­рат­керлік тұлғасын ұлықтау бәрі­мізге ортақ парыз болуға тиісті.

Халел Досмұхамедовтің қоғам­дық, қайраткерлік қадамы Санкт-Петер­бургте оқыған жылдары­нан басталады. Ол әскери-меди­цина­лық академияда оқыған кезінде бүкіл Ресейде болған 1905-1907 жылдардағы революцияны көзімен көріп, бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар және жеңілістің ащы сабақтары рухани дүние танымы өсіп жетілген болашақ қайрат­кердің идеялық жағынан қалып­тасуына игі ықпал етті. Қорғансыз елдің теңдігі үшін басты қауіп-қатерге тігіп, бес облыстан жиналған қазақтың зиялы азаматтары 1905 жылы Теке (Орал) қаласында Конс­титуциялық-демократиялық сая­си партия құрғанда араларында Санкт-Петербургтегі әскери меди­циналық академияның студенті Халел Досмұхамедов те бар еді.

Халелдің Ақпан және Қазан төңкерістері тұсындағы қыз­метіне айғақ боларлықтай аз да болса дәйектемелер кездеседі. Соның бірі 1917 жылы Орынбор қала­сында жалпы қазақ-қырғыз съезінің болғандығы, оған Халелдің қа­тыс­қандығы туралы «Қазақ» газеті сол жылдың 14 қараша күнгі санында айта келіп, мұнда Тор­ғай облыстық комитетінің құрыл­ған­дығын, оған бар болғаны 14 адам (Орынбордан – 10; уездерден – 4) мүше екендігін хабарлайды. Дәл осы мезгілде Ақмола, Семей, Орал облыстық комитеттері де құрылды. Ал желтоқсанның 5-і мен 13-і ара­­лы­ғында өткен Құрылтайға Халел де арнайы шақырылады. Де­ген­­мен ғылыми әдебиеттерде, та­рих­­шылар еңбектерінде бұл дерек егжей-тегжейлі зерттелмеген. 1917 жылдың шілде айында Алаш қоз­ға­лысын жақтаушылардың съезі шақы­рылады. Оған барлық қазақ облыстарынан бар болғаны 20-дан астам делегат қатынасады. Осы съездің өткізілгендігіне және оған Халел Досмұхамедовтің төрағалық еткендігіне дәйектеме ретінде «Қазақ» газетінің 31 шілде күнгі санында жарияланған қаулысын келтіруге болады. Жалпы қазақ съезінің қаулысы: «Жалпы қазақ съезі 21 шілдеде Орынборда ашы­лып, 26 шілдеде жабылды. Съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыс­та­ры­ның һәм Бөкейліктің өкіл­дері қатысты. Съезд төрағасы – Ха­лел Досмұхамедов, төраға серік­тері – А.Байтұрсынов, хатшы­лар: Ә.Көтібаров, М.Дулатов, А.Сейітов».

Бұл съезде 14 мәселе қарал­ған, әрқайсысына байланысты бір­неше пункттен тұратын қаулы­лар қабыл­данды. Әйел мәселесі тұң­ғыш рет осы съезде көтерілді. Осы­дан кейін, араға бес ай салып, жел­тоқ­санда ұлттық мемлекет құруға байланысты ұлттық-территория­лық Қазақ автономиясы, мили­ция, ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, халық соты туралы негізгі мәселелерді күн тәртібіне қойған жалпы қазақ съезі шақырылды. Міне, осы съезде қазақ-қырғыз автономия­сын Алаш деп атау жөнінде қаулы қабыл­данған еді.

1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Х.Дос­мұхамедов Қазақ елінің дер­бестігін, егемендігін аңсаған қазақ зиялыларымен бірге жалпы қазақ съезін өткізді. Х.Досмұхамедов съезде төралқаның қосымша тө­рағасы болды. Съезге 80-ге жуық делегат қатысты. Съезде күн тәртібі Алаш партиясының бағдарламасы жобасының талаптарынан және елде қалыптасқан қоғамдық-саяси өзгерістерден туындады. Съез­дің талқылап, тиісті шешім қабыл­дануына 10 мәселе ұсынды. Олар: Сібір, Түркістан автономиясы және Оңтүстік Шығыс одағы туралы; ұлт кеңесі; ұлт қазынасы; мүфтилік мәселесі; халық соты; ауылдық басқару және азық-түлік жөніндегі мәселелер еді.

Халел Досмұхамедов осы кезең­де қандай қызмет атқарды десек, бұған 1930 жылдың 10 наурызында өз қолымен орыс тілінде жазылған ғұмырнамадағы мына бір жолдардан жауап алуға болады. Патша өкіметі құлатылған соң, 1917 жылы сәуірде қазақтардың Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Сол жылы желтоқсандағы жалпы қазақ съезінде Алашорда Халықтық-революциялық кеңесі­нің мүшелігіне өтті. Мұнда Кеңес өкіметі орнағанға дейін земство­лық мәдени-ағарту жұмыстарын атқар­ды. 1918 жылы наурыз айы­­ның соңында Халел Жанша Дос­мұхамедовпен бірге Мәскеуде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен, Ұлт мәселесі жөніндегі Халық Ко­мис­сары И.В.Сталинмен Қазақ авто­номиялы рес­публикасын құру туралы келіссөз жүргізеді. Боль­шевиктер Кеңес өкіметін толық мойындап сөзсіз бағынуды талап етсе, ал олар Алашордаға іші­нара билік беру (заң шығару, ат­қару­­шы билік, сот жүргізу), өз әс­­кері болу (халық милициясы) сияқ­­ты талаптарын, қазақтар көп шо­­ғыр­ланған жердің бәрін атақо­нысы ретінде қазаққа түгел қай­тарып, бір орталыққа бағындыру және әр жерде кеңес комитеттері тұтқындаған Алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек алу сияқты шұғыл шешімін табуы қажет өткір мәселелерді қойды. Соның кейбіріне қол да жеткізді. Атап айтқанда, түрмедегі Алаш қай­рат­керлерін босатты, орталық кеңес үкіметінен қаржы-қаражат алды. Ұлт істерімен айналысатын комиссариат жанынан қазақ бөлімін ашқызды. Алайда Кеңес өкіметі екіжүзді саясат ұстанды: Халел және Жаһаншаһ Досмұхамедовтердің Кеңес өкіметі басшыларымен болған кездесуінен байқалғаны – Орталық Кеңес үкіметінің ынтымақ, ұлттық тұтастық негізінде құрылған Қазақ мемлекетін мойындамайтын­дығы және қазақ халқына таптық жік­теу­г­е негізделген кеңестік тұрпат­тағы автономия беруге даяр екендігі көрінді. Сонымен қатар Орталық Кеңес үкіметі қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық күресі нәтижесінде дүниеге келген Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін мойындамады. Өкінішке қарай, бұл келіссөз нәтижесіз аяқ­талады.

1918 жылы осындай қажырлы кездесу, келіссөздердің толықтай алға қойған мақсатын орындай ал­мағаннан кейін, олар елге келіп, Жымпиты қаласында 1918 жылдың 18-21 мамыр аралығында Орал өңірі қазақтарының съезін өткізді. Онда Батыс Қазақстан өңіріне ық­пал ететін ұлттық аумақтық құры­лым – «Ойыл уақытша үкіметін» жария­лайды. Батыс Алаш орда­ның төрағасы болып Жаһаншаһ Дос­мұ­ха­медұлы тағайындалып, ал Халел Досмұхамедов бұл істе оған жан-жақты көмек көрсетті.

Дегенмен 1920 жылдың соңы мен 1921 жылдың басында Алашорда мен Кеңес өкіметі арасындағы келіссөздер нәтижесінде дүниеге келген Казревкомның 1921 жылғы наурыздың бесіндегі қаулысына сәйкес Алашорда үкіметі таратылды. Ресейдегі басқа да ұлттық-қоғамдық саяси-қозғалыстар сияқ­ты Алаш қозғалысы, оның ішінде 1917-1920 жылдары өмір сүр­ген Алаш партиясы, Алаш авто­но­миясының үкіметі тарих сахнасынан, ал олардың халық таныған алып­тары саяси күрес пен қызмет арена­сынан осылай күштеп қуылды. Бұлардың қатарында жалынды пат­риот, қажырлы қайраткер Халел Досмұхамедов те бар болатын.

 Бұдан кейін Халел Досмұхамедов Түркістан және Қазақ Кеңес автономиялы республикаларында әртүрлі қоғамдық-саяси қызметтер атқарды.

Айтар ойымыздың түйіні, қазақ халқы алдындағы азаматтық парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған қайраткер Халел бабамыздың рухын қастерлеуді, мұраларын насихаттауды, көпшілік көкейінде зерделеуді ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан халқының жан сау­­лығы мен тән саулығының ши­па­гері, қажымас қайраткері, әм­­бебап энциклопедист Халел Дос­­мұ­хамедовтің қоғамдық-саяси қыз­меттері, мәдени-ағартушылық, тә­лім-тәрбиелік көзқарасы, ұстан­ған идеялық бағыт-бағдарлары бү­гінгі өскелең ұрпақтың жадында сақталып қана қоймай, келешектегі игілікті істеріне де өнегелі үрдіс болуы қажет.

ҚАЖЫМАС ҒАЛЫМ

Көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы ғалым, дәрігер, Атырау өлкесінің абзал перзенті, профессор Халел Досмұхамедов өз халқының зиялысы, өз заманының насихатшысы ретінде кенже қалған немесе аса маңызды деген тақырыптарға жедел қалам тартып, уақыт сұранысын қанағаттандырып отырған. Оның «Оқушының денсаулығын сақтау» (1925 ж.), «Как бороться с чумой среди населения Киргизского края» (1918 ж.), «Табиғат тану» (1922 ж.), «Қазақ тіліндегі үндестік заңы» (1924 ж.), «Исатай-Махамбет» (1925 ж.), «Адамның тән тіршілігі» (1924 ж.), «Қазақтың халық әдебиеті» (1928 ж.), «Жалаңтөс батыр шежіресі» (1928 ж.), «Жануарлар» (1929 ж.) сияқты оқу құралдары мен ғылыми көпшілікке арналған еңбектері, аудармалары, мақалалары, міне, осының бәрі профессор Халел Досмұхамедовтің қазақ ғылымы мен мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар кесек тұлға екендігін көрсетеді. Осы сөздеріміздің шырайын келтіретін қазақ халқының маңдайына біткен заңғар жазушы, марқұм Әбіш Кекілбаевтың: «Х.Досмұхамедұлы көзінің тірі кезінде алдына жан салмас ғажайып лингвист, фольклорист, тарихшы-этнограф, аудармашы болған. Жан-жақты, көл-көсір әмбебап білімнің арқасында ол биология, зоология, медицина салаларына да көп еңбек қосқан ғалым», деген бағасы өте орынды айтылған.

Халелдің қажырлы қоғам қай­рат­кері болумен бірге, ағарту­шы, ғалым, дәрігер екендігін де есте ұстауға тиістіміз. Қазан төңкерісіне дейін қазақтар арасында тек 20 ғана дәрігер даярланды. Қазақ даласындағы көріністі ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов былай деп көрсетеді: «Ауруға сапалы медициналық көмек беретін ешкімнің болмағанына, сүзектен, суық тиюден, мерезден, обадан, тырысқақтан, қарасан, қызылша, безгек, туберкулез, т.б. аурулардан халық көп қырылып жатқан кезде, осынау үркердей топтың қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы іс-әрекетінің өзі біраз адамдардың өмірін арашалап қалды». Осындай үркердей топ­тың ішінде қазақтың, ғұлама ғалымы, философ-энциклопедисі, сан қырлы дарын иесі, Халел Досмұхамедовтің болуы, әрине, үлкен мақтаныш!

Халел 1913-1920 жылдары Темір уезінде учаскелік дәрігер қыз­ме­тін атқара жүріп, оба ауруын жою­ ісіне қатысады. 1920 жылы Таш­кент­тегі халық ағарту институтында оқытушы және мектептің сани­тарлық дәрігері болып қызмет істейді. Оған қосымша Орта Азия мемлекеттік университеті медицина факультетінің клиникалық ауруханасына ординатор болып қабылданды. 1921 жылы негізінен қазақ халқы арасында педагогика­лық білім беру мәселесімен айна­лыс­ты. Түркістан рес­пуб­ликасы ғы­лы­ми комиссиясының төрағасы бола жүріп, Халел Досмұхамедовтің тікелей қатысуымен мектептердің жаңа жүйесі, ғылыми терминоло­гия жасалды, қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу құралдары ұлттық тілімізге аударылып, жаңа­дан құрастырылды. Ол жаратылыс­тану мен педагогика саласында да нәтижелі еңбек етіп, бірнеше оқу­лықтар дайындады. Солардың ішінде үш бөлімнен тұратын зоология, анатомия, физиология, мектеп оқушыларының гигиенасы және табиғаттану пәндеріне арналған оқулықтарды атауға болады.

Халел Досмұхамедов жаратылыстану ғылымы саласында ұлт­тық ғылыми терминдерді жасау мәсе­лелерінің теориялық астарына үңіліп, оның принциптік жақтарына ерекше назар аударды. Ол физиология пәндеріне байланысты көптеген терминдік атауларды төл тіліміздің сөздік қорына өткен ғасырдың 20-шы жылдарының өзінде-ақ іріктеп ала білген. Солардың бірнешеуі мыналар: жүйке жүйесі (нервная система), жүйке талы (нервное волокно), жүйке орталығы (нервный центр), ми қалтасы (мозговой желудок), көз қағар жүйке (глазодвигательный нерв), жүйкенің ұлы жүйесі (центральная нервная сис­тема), жүйке түйіні (нервный узел), т.б.

Халел Досмұхамедовтің жаратылыстану пәндерінің аттарын қазақша атауы да құптарлық деп санаймыз. Мысалы, анатомияны тән жүйесін тану, физиологияны тән тіршілігін тану деп атайды. Х.Досмұхамедовтің келесі бір ерек­ше еңбегі «Оқушының саулы­ғын сақтау» кітабы. Бұл кітапша 1923 және 1925 жылдары жарық көрді. Голландия үкіметінің тапсыруы бойынша бірінші сатыдағы мектеп оқушыларының гигиенасын сақтауды түсінікті тілмен баян­даған кітапшаны ғалым, дәрігер Х.Досмұхамедовтің өзі қосымша кеңейтіп, мәнді етіп аударып оқыр­мандарға ұсынуын елінің жасөс­пірі­м­дері денсаулығын сақтау үшін жасаған айрықша еңбегі деп баға­лауымыз қажет.

Сондай-ақ Халел Досмұхамедов – қазақтың медицина, жаратылыстану ғылымдарының негізін салушылардың бірі. Ол Ю.Вагнер­дің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі» деген еңбегін қазақшаға ауда­рып, жеке оқулық етіп шығар­ды. Өзінің «Оқушылардың денсау­лы­ғын сақтау» (1923 ж.), «Сүйекті­лер туралы» (1927 ж.) деген оқу­лықтары бар. 1923 жылы «Шолпан» журналының бірнеше санында жарияланған зерттеу мақалаларының негізінде Х.Досмұхамедов 1924 жылы Таш­кенттен «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген жеке оқулық шығарды. Халел өзі жи­на­ған материал­дар негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924 ж.), «Аламан» (1926 ж.), «Исатай-Махам­бет» (1925 ж.) кітаптарын да алғы сөзі мен түсініктерін жазып, оқырман қауымға ұсынды. Халел­дің Ташкентте өткен 1920-1928 жылдар аралығы оның шы­ғар­машылық қызметінің нағыз шырқау шыңы болды. Ол профессор Поливановпен бірлесе отырып, «Сұлтан Кенесары тарихына материал» кітапшасына және «Қыз Жібек», «Кенесары – Наурызбай» жыр  жинақтарына редакторлық етті. Халел Досмұхамедовтің  фольклортану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны – «Қазақ халық әдебиеті» (1928 ж.) очеркі. Бұл жинақта ол ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен. Халел фольклорды тек жалаң сөз өнері деп танып қойған жоқ, оны әдет-ғұрып, наным-сеніммен бай­ланысты этнографиялық мәлі­мет­­терден бөле-жармай қарау керек­тігін жақсы түсінген ғалым. Халел­дің 1930 жылдары жа­зып бітіргенмен, бастырып үлгер­меген «Қазақ оқушысының дене тәрбие­сі», «Қазақ тілінің жаратылыс­тану терминдері», «Түркі халық­тарын­дағы және қазақтардағы атау есім­дерінің шығуы» және «Қазақ­тың ғашықтық өлендері» атты жи­нақ­тары із-түссіз жоғалып кеткен.

Қазақ халқы алдындағы пер­зенттік парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған Халел бабамыздың өшпес рухын қай уақытта да қастерлеуге тиістіміз. Сондықтан қайтпас та, қажымас ғалым, дара да дана тұлға, әмбе­бап энциклопедист Халел Дос­мұхамедов мұраларын насихаттау, көпшілік көкейінде зерделеу бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы әрі міндеті.

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті