Қазақстан • 16 Сәуір, 2018

Рухани жаңғыру – жаһандық мәнге ие жоба

7993 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясы бүгінде алты Алашты асып, оның негі­зінде атқарылған игі істер алты құрлыққа мәлім дерлік дең­гей­ге жеткен. Қазіргі уақытта Ел­басының болашаққа бағдар болар­лық бұл еңбегінің тек қана мер­зімдік мақала емес, шын мәнінде ірі халықаралық жоба екенін ұққандаймыз. Мақала мәйегіне үңілген жан бүкіл қоғамдық сана-сезімді қозғайтын үлкен үдерісті бірден аңғарады.

Рухани жаңғыру – жаһандық мәнге ие жоба

Мақаланың бір ғана бағдары, түбі бір түркі жұртына ортақ рухани мұра – киелі жерлердің мәртебесін көтеру мәселесінің өзі адамзат санасына үлкен қозғалыс деуге толық негіз бар. Көшпелі жұрттың көне қоныстарының аңызы мен маңызын сана биігінде саралау – ол тарлан тарихтың жаңа белесін айқындайды. Бұл атам қазақтың ғана емес, адамзаттың рухани жаңғыруы, әлемнің өз-өзін іздеуі. Елбасы мақаласының ең түпкі мақсаты да осы болса керек.

Өткен апта Астанадағы Ұлттық музейде «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласының бір жылдығына арналған есеп беру жиыны өтіп, арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл ойлар да сол салтанатты рухани жәрмеңкеде жадымызда жаңғырған. Көпшілік назарына ұсынылған көрмеде бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірлерін­де атқарылған жұмыс нәтижелері қоры­тындыланды. Өңірлердегі «Рухани жаң­ғыру» жобалық кеңселерінің өкілдері, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жоба­сының жеңімпаздары қатысқан игі шараға Президент Әкімшілігі Ішкі сая­сат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева келіп, көрмені ашып берді. Оның айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында айтыл­ған қоғамдық сананы жаңғыртудың бағыттары өткізілген іс-шаралардың өзекті элементі болды. Осыған дейінгі жұмысты әрі қарай тиімді жалғастыру қажет. Ол үшін бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттау керек.

«Бағдарламаға еліміздің әр азаматы қатысса ғана оның нәтижесі тиімді болады. Осыны Елбасы да үнемі айтып отырады. Сондықтан алда әлі жұмыс көп. Бағдарламаны барынша қызықты ету керек. Ең бастысы, үлкен нәтиже бар. Енді осының бәрін әрі қарай елге жеткізу – сіз бен біздің басты мақсатымыз», деді А.Балаева.

Көрменің алдында өткен кішігірім мәжілісте бірқатар жұмыстар жұртшы­лыққа таныстырылды. Елбасының бағ­да­рламалық мақаласында көтерілген негі­згі жобалардың бірі жер-жерде жан­­данып келе жатқан «Туған жер» арна­йы жобасы екені рас. Бұл ретте А.Балаева өзі айтқандай, жалпы, «Бола­шақ­­­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­лама­­лық мақаласының әр жобасы бөлек-бө­лек мемлекеттік бағдарламаға тең. Со­ның бәріне xалық белсенді атсалысып келеді.

Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұханов та осы ойларды ауқымды өрбітті.

Жалпы, «Туған жер» жобасы аясында атымтай жомарттардың қолдауымен 51 млрд теңге сомасындағы 700-ге жуық нысан бой көтеріп, қайта қалпына келтіріліпті. «1700-ден аса меценат осы жұмысқа қатынасты. 2018 жылғы бірінші тоқсанда меценаттардан тартылған сома 4 млрд теңгеге жуықтады. Жалпы, биыл 61 млрд теңге сомасындағы 450 нысан салу мен жөндеу жоспарлануда», дейді М.Мұханов.

Жүргізілген жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы екені белгілі. Жоба Қазақстанда бар киелі нысандарды жүйелеу мен терең ғылыми-зерттеуді бастауға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Көрмеге келген көпшілікке оның жұмыстарын «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіға­лиұлы әңгімелеп берді.

Жалпы, жүргізілген жұмыстар барысында жалпыұлттық және өңірлік ма­ңыздағы нысандардың тізімі жасал­ған. Берік Әбдіғалиұлы айтқандай, жалпы­ұлттық маңыздағы 185 қасиетті нысан және жергілікті маңыздағы 463 қасиетті нысан анықталған. «Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен арнайы үш мемлекеттік қорық ашылайын деп жатыр. Президент Әкімшілігі қолдауымен Үкімет қаулысы шықты. Бұл – Елбасының тікелей тапсырмасы. Бірінші қорық ол – Астананың маңайындағы Бозоқ. Оны көбі біле бермейді. Бірақ Астана бұл жерде кездейсоқ салынған жоқ. Ол – қазақ тариxында елеулі оқиғалар өткен жер. Бозоқ соның бір дәлелі болса керек. Болашақта сол жерде үлкен музей мен визит-орталық ашылады», деді Б.Әбдіғалиұлы. Оның айтуынша, екінші қорық – Ботай. Ол жерде адамзат баласы тұңғыш рет жылқыны қолға үйретті. Оны әлем ғалымдары да мойындап отыр. «Үшіншісі – Сарайшық. Былтырдан бері Атырау облыстық әкімдігінің бастамасымен үлкен жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Кезінде Қасым xандар елдің астанасын Ұлытаудан сол жерге апарған. Сөй­тіп Алтын Орданың мұрагері біз еке­нін көрсетті. Сондықтан Сарайшық біз үшін үлкен геосаяси құндылық. Соны на­си­­xаттап, жеткізе білуіміз керек», деді ол.

Жиында айтылған ауқымды жоба­лардың бірі «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы болды. Аты айтып тұрғандай, шетелде қазақстандық мәдениетті дәріп­теу – «Рухани жаңғырудың» негізгі бағыт­тарының басым баспалдағы. Ол жұмыстардың басында 2017 жылғы маңызды оқиғалардың бірі 17-19 қазанда Париж қаласында беделді халықаралық деңгей саналатын UNESCO штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдар­ламасының таныстырылымы өтуі бола­тын. Таныстырылым аясында қазақ­стан­дық мәдениеттің түрлі бағыттарын шетел­дік аудиторияға көрсететін бір­қатар іс-шаралар өткенін білеміз. Мәд­е­ниет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ол жоба негізінде қазақ­стан­дық мәдениеттің жетістіктерін дәріп­теу, үздік музыкалық шығармаларға цифр­лы форматта жедел қолжетімділік жа­сау мақ­сатында Dalatunes жобасы іске асырыл­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2017 жыл бойынша 13 мың музыкалық шығарма, 1,2 мың нота және 1,7 мың аккорд жүктелген.

«Өнер шығармаларын, сондай-ақ музейлік қорларды цифрландыру бо­йын­ша жүйелі жұмыстар басталды. Соны­мен қатар Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде жалпы музейлік қордан 24813 бірлік 13700 бір­лікке цифрлан­дырылды. Орталық мем­лекеттік музейде 39 602 бірлік цифрлан­ды­рылды», дейді А.Рахметоллақызы. Вице-ми­нистр өз кезегінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасын да тілге тиек етті. Елдің дамуына үлкен үлес қос­қан Қа­зақ­стан азаматтарын анықтау мен құр­­­мет көрсетуге бағытталған жарқын им­и­д­­ж­­дік іс-шара бірегей белес деуімізге болады.

Көрмеге қатысушылар назарын Ақтоты ханым жүзден жүйрік өнер тар­лан­дарының бірі «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген өнер қай­рат­керлері – Медет Шотабаевқа аударды. Ол бүгінде «Астана Опера» мемле­кет­тік опера және балет театрының жетек­ші солисі болып қызмет етеді. Талай халықаралық байқауларда топ ж­а­рып, бірқатар шетелдің үлкен сахна­сын­да өнерімен көрерменнің зор сүйі­спен­ші­лігіне бөленген опера әншісі бір­не­ше күн бұрын Италияның «Италия Жұл­дызы» орденімен марапатталғанын жеткізді.

«Рухани жаңғыру» атты көрменің тағы бір елеулі сәті бағдарламалық мақа­­ла аясында аталған ірі жобаның бар­лық тармақтары бойынша жүзеге асып жатқан мәдени іс-шараларды насихат­тай­тын, энциклопедиялық қызмет көр­се­тетін «Мәдениет порталы» интернет р­есурсының тұсаукесер рәсімі бол­ды. Портал болашақта еліміздің мәде­ни мұрасын заңды түрде бір жерге жи­нақ­тайтын және тұрақты түрде көрсететін ағартушылық бағыттағы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ең ірі мәдени платформа болмақ. Қазірдің өзінде портал мұрағатында 5324 автордың жеке парақ­шалары ашылып, оларға қатысты ақ­параттық материалдар, электронды кітап­тар, аудиокітаптар, әндер, күйлер және сирек фотосуреттер жинақталып үлгерген.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы негізінде ұйымдас­тырылған «Рух» бірінші халықаралық әдеби байқауы да заманауи авторларға өңірлердің әлеуеті мен туған ел тарихын дәріптеуге бағытталған шығармалардың туып, көпшілік арасына кеңінен насихатталуына мол мүмкіндік берген әдебиет әлеміндегі бірегей жобаға айналып үлгерді.

«Жаһандағы заманауи қазақстан­дық мәдениет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған ауқымды шаралар­дың және бір парасы «Театр зертханасы» жобасының айналасына келіп тоқай­ласады. Бұл жобаның негізгі мақ­саты – еліміздің түкпір-түкпірінде: облыстар мен аймақтарда өнер көрсетіп жүрген талантты да дарынды актерлерді анықтап, оларды бір орталыққа бағын­дыратын ортақ алаң қалыптастыру. Бір труппаға біріктірілген үздік өңірлік актерлер әлемдік белгілі режиссерлер мен қоюшылардың басшылығымен сахналық өнер көрсету шеберлігінің деңгейін арттыруға мүмкіндік алады. Соның нәтижесінде қазақ өнерінің жаһандық деңгейде насихатталып, танылуына кең жол ашылмақ. Жоба алғашқы нәтижелеріне де қол жеткізіп үлгерді. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова: «Жаһандану кезеңінде ұлттық мәдениетімізді жоғал­тып алмай, оны сақтап қалу маңызд­ы. Мәдениет және спорт министр­лігі тарапынан театр ұжымдары мен жеке орындаушыларды гастрольдік сапарларға шығару үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктерімен мақтануға толықтай негіз бар. Ең үздік солистерден құралған ұжымдарымыз гастрольдік сапарлармен 50-ге жуық елді аралап, шетелдік көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп қайтты», деді.

Вице-министрдің айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында тек опера мен балет театрлары ғана емес, республикалық, облыстық драма театрлар да өз өнерін шетелдік көрермендер назарына ұсынуға мүмкіндік алған. Атап айтар болсақ, жоба негізінде М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен республикалық корей музыкалық драма театры жазушы-драматург Дулат Исабековтің 75 жылдығына орай Лондонда өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетсе, 2017 жылдың желтоқсан айында М.Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы Жапонияның Токио қаласына гастрольдік сапармен барып, драматург Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» қойылымы (режиссері – Асхат Маемиров) мен «Ұлы дала елі» атты концерттік бағдарламасы күншығыс елі көрермендерінің қошеметіне бөленіп қайтты. Бұл да – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мүмкіндік берген қазақ өнері мен мәдениетін жаһанға танытудың жарқын үлгісі.

«Жаһандағы заманауи қазақстан­дық мәдениет» бағдарламасының келесі бағыты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың желтоқсан айындағы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында Беларусь Респуб­ликасының Ұлттық бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналып тұсауы кесілген «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрмесімен жалғасты. Жиһанкез көрме одан әрі Мәскеу асып, 2018 жылдың 4 сәуірінде Мәскеудің Бүкіл­ресейлік халық өнері мен деко­ративті-қолданбалы өнер музейінде қазақтың мәдени құндылықтары Ресей халқына кең ауқымда таныстырылды.

«Мәдени шара алдағы уақытта да жұмысын тоқтатпай, Әзербайжанның ұлттық тарих музейінде, Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясының тарих музейінде, Кореяның Ұлттық музейінде әрі қарай өз жалғасын табады деп жоспарлануда. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы, сонымен қатар 2019 жылы Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркияның музейлерінде, 2020 жылы АҚШ, Италия, Аустрия, Франция, Германия музейлерінде таныстырылатын болады», деп вице-министр А.Рахметоллақызы сөзін қорытындылады.

Шараның келесі ауқымды бөлімі – әлеуметтік-гуманитарлық саладағы білікті, бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, гуманитарлық білімдегі үздік әлемдік үлгілерді зерттеуге бағыт­талған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Аталмыш жобаны іске асыру аясында 2018 жылдың 12 сәуірінде философия, социология, антропология, психология және мәдениеттану саласында 18 іргелі еңбектің таныстырылымы өтті.

 Әлеуметтік жобаның жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жобаны іске асыру үшін үздік оқулықтарды аудару мен басып шығару құқығын алуға жетекші шетелдік баспалармен арнайы келісімшарттар жасалыпты.

«Зерттеу мен аударма жұмыстарына 90-нан аса маман: Қазақстан Республикасы Президенті «Болашақ» халықаралық стипендиясының магистранттары, PhD докторлар, ғылым докторлары мен кандидаттары тартылды. Тізім нақты бекітілген жоқ. Көпшіліктің ұсыныстары мен кеңесіне құлақ аса отырып, әлі де бірқатар өзгерістер енгізуге дайынбыз»,  деді жоба жетешісі.

Рауан Кенжеханұлы атап өткен­дей, аударылған кітаптарды еліміздің барлық жоғары оқу орындары мен ор­та­­лық кітапханаларға, аудан, об­лыс орталықтарында тарату қарастырыл­ған. Яғни бұдан түйеріміз, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының нәтижесін­де мыңдаған студенттер мен магистранттарға әлемдік гуманитарлық ойлардың үздік үлгілерімен ана тілінде танысуға кең жол ашылмақ. Бұл да жастардың білімге, жаһандық мәдениет пен әдебиетті, ғы­лымды тануына жаңа мүмкіндіктер сыйлап, білімге деген құштарлығын арттыра түсетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір жылдығына арналған есеп беру жиынының ресми бөлігі аяқталған соң, іс-шараға қатысқан Президент Әкімшілігі өкілдері, зиялы қауым, мемлекеттік құрылым жетекшілері, сараптамалық ұйымдар мен сарапшылар, жоғары оқу орны ректорлары және өңірлік жобалық кеңсе жетекшілері көрме залына өтіп, 1 жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне арналып арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Қазақ өнерін әлем сахналарында әйгілеп жүрген үздік опера әншілері – Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев бастаған талантты өнерпаздар Ұлттық музей фойесінде жаһандық классика жауһарларынан ариялар орындап, іс-шараға жиналған көпшілікке әннен шашу шашты.

Жоғарыда куә болғанымыздай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттер негізінде қолға алынған ауқымды іс-шаралар легі осы 1 жыл уақыттың ішінде талай белестерді еңсеріп, жұмыс нәтижесі қазірдің өзінде ұлт игіліне бағытталған елеулі еңбегін бастап кетіпті. Ауқымды жобалар алдағы уақытта да жаһандық сипаты мен маңызын жоймай, жалғасын тауып, ұлттық сананың сілкінуіне үздіксіз һәм толассыз қызмет ете беретіні сөзсіз.

Мирас АСАН,

Назерке ЖҰМАБАЙ,

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»